Жексенбі, 17 Қараша 2024 23:08

Шымкенттік дзюдошылар Ақтөбеден 5 медальмен қайтты

15-18 қарашасы аралығында Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт кешенінде өткен дзюдодан Қазақстан Республикасы чемпионатында барлық салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Шымкент қаласының спортшылары бұл жарысты 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлдемен аяқтады. Жарыстың соңғы күнінде 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Марат Байкамуров алтын жүлдеге ие болса, осы салмақта Ерсұлтан Мұзаппаров қоланы қанағат тұтты. 90 келіге дейінгі салмақта Құдірет Досымов қола жүлде еншілесе, әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен аруымыз Зәмзәгүл Файзолланова үздік үштікке ілікті.

Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде Сабина Юлдашбекова күміс жүлдегер атанған болатын.

 Чемпионат командалық сайыстармен қорытындыланады. Бұл жарыс еліміздің үздік дзюдошыларының шеберлігін паш етіп, ұлттық құрамаға іріктеу мен халықаралық жарыстарға қатысуға жол ашты. Чемпионаттың толық кестесі мен қатысушылар тізімі Қазақстан дзюдо федерациясының ресми сайтында @kaz_judoteam қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визерді қабылдаған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дзюдоны дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі үшін Мариус Визерге ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл спорт балалар мен жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. 

Өз кезегінде Мариус Визер Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы дзюдоны дамытуға жеке қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Ол Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының қолдауымен IJF академиясын ашу жоспарланып отырғанын, ол аймақтағы жоғары дәрежелі жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлау орталықтарының біріне айналатынын айтты. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Халықаралық дзюдо федерациясының ұзақ мерзімді ынтымақтастығының перспективалары бойынша пікір алмасты, сондай-ақ 2027 жылы елімізде өтетін дзюдодан әлем чемпионатына дайындық мәселелерін талқылады. Соңында Мемлекет басшысы Мариус Визерді Қазақстанда дзюдоны ілгерілетуге қосқан үлесі үшін II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттаған болатын. 

 

Оқылды 21 рет