Дүйсенбі, 25 Қараша 2024 17:57

Шымкенттік асықшылардың асығы алшысынан түсті

Көкшетау қаласында ересектер арасындағы асық атудан жекелей-командалық және жекелей-блиц Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Бұл ұлттық спорт түрі елімізде кеңінен насихатталып, жастар мен ересектер арасында танымалдыққа ие болуда. Қазақтың ұлттық асық ойыны ЮНЕСКО бойынша адамзаттың мәдени мұрасының бір бөлшегі ретінде танылған. 

Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен келген спортшылар қатысып, мергендік пен дәлдіктерін сынады. Жарыс барысында қатысушылар асық ату шеберліктерін көрсетіп, ұлттық дәстүрді жаңғыртуға үлес қосты.

Шымкент қаласының асық атудың мергендері жекелей және командалықта өнер көрсетіп ешкімге мүмкіндік бермей, алтыннан алқа тақты. Жалпы командалық есепте 3 алтын, 2 қола медальмен жарысты қортындылады. Команда сапында ағайынды Молжігітов Нұрқанат пен Нұрқисса, Әнуарбекұлы Нұржігіт және Есіркепов Айдарбек өнер көрсетті.

Чемпионаттың нәтижелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға медальдар мен дипломдар табысталды. Бұл шара ұлттық спорт түрлерін дамытуға және жастарды саламатты өмір салтына баулуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Айта кетейік, жарыстарға 18 жастағы және одан асқан спортшылар жіберіледі.

Оқылды 136 рет