Сейсенбі, 06 Мамыр 2025 18:15

Ордабасы ауданы: Бадамдағы спорт кешенінде жасөспірімдер спорттың 8 түрімен айналысады

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Ордабасы аудандық №1 Қажымұқан атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ Бадам ауылындағы спорт кешенінде орналасқан.

Таяуда Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз спорт мектебіне жұмыс сапарымен барып, мекеме жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда 6 әкімшілік қызметкер, 10 кіші қызметкер және 42 жаттықтырушы (20 штаттық, 22 штаттан тыс) жұмыс істейді.

873 жасөспірім спорттың 8 түрімен айналысады: бокс, волейбол, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, джиу-джитсу, қол күрес және белбеу күресі. Спортшылардың 10-ы – спорт шеберіне үміткер, 157-сі – бірінші разряд иегері. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қабылдау-өткізу актісі дайындалу үстінде. Құжаттарды толық рәсімдеу мамыр айының соңына дейін жоспарланып отыр.

Арнайы барған әкім орынбасары мекеме мамандарымен ауыл жастарын салауаттылыққа баулып, бұқаралық спортты дамыту жөнінде талқылап, осы мақсатта нақты әрі қадамдық шаралар атқару қажеттігін атап өтті.

Осы ретте айта кетсек, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленгені белгілі. Себебі, бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі де жиі айтылып келеді. Спортта күрделенген мәселер де барышылық екенін облыс басшылығы айтып қалып жүр. Сондай-ақ, облыс басшылығы бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтуді тапсырып келеді. Ол үшін жыл он екі ай бойы сайыстар өтіп тұруы керек.

Жалпы, бүгінде облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр.  Түркістан облысында жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отырғаны рас. Оны спортшыларымыздың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, т.б. спорт түрлеріне қызығушылық артуда.

Жаңа облыстың құрылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынса дейміз. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда. Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда.

Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды. Сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды.

   «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол да негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Сонау 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты мемлекет басшысының Жолдауында 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеп, бұқара¬лық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширату, оның ішінде спорт кешендерін қалпына келтіріп, жаңа нысандарды салу тапсырылған-ды.

Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандары пайдалануға берілді.

Біздегі спорт саласының мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 146 рет