Жұма, 09 Мамыр 2025 11:22

Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында еңбек ардагері Жамалхан Ұзақұлын еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында «Отырар ауданының 90 жылдық» мерейтойы аясында еңбек ардагері Жамалхан Ұзақұлын еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер арасында облыстық турнир ұйымдастырылды.

Жастарды салауатты өмір салтына тарту мақсатындағы турнирге еліміздің мақтаныштары бокстан олимпиада жүлдегерлері, әлем, Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Махмұт Сабырхан, Санжар Тәшкенбай, Төрехан Сабырхан қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Ұзақов Уәлихан Жамалханұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Аудан әкімі мен мәслихат төрағасы құттықтау сөздерінде киелі өңіріміздің өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ел азаматының өнегелі өмір жолдарын кейінгі жастарға үлгі ете отырып, жастарды патриоттыққа, елге адал қызмет етуге тәрбиелеудің маңызы зор екенін атап өтті.

Ұлылардың Отаны саналған киелі Отырар топырағында белгілі қоғам қайраткерлері, сазгерлер мен ақын-жазушылар, көптеген еңбек адамдары шыққан. Сондай тау тұлғалы азаматтың бірі Жамалхан Ұзақұлы болатын. Ол бүкіл саналы ғұмырын ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолына бағыттап, Қызылқұм ауданы, «Овцевод» бөлімшесінде тіс дәрігері, Талапты ауылында ең алғашқы медициналық тіректің меңгерушісі, Талапты бөлімшесінде есепші, қойма меңгерушісі секілді қызметтерді атқарып, зейнеткерлікке шықты. Отбасында 6 ұлы мен 1 қызына саналы тәрбие беріп, бүгінде сол ұлдары мен қызынан тараған ұрпақтары еліміздің өсіп-өркендеуі жолында түрлі салада еңбек етіп келеді.

Бүгінгі спорттық іс-шара өтіп жатқан спорт алаңшасы да Жамалхан ағамыздың ұрпақтарының демеушілігімен салынған. Бұл нысан балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына үлкен септігін тигізіп келеді. Еске алу турнирінде өңіріміздің аудан-қалаларынан келген командалар сап түзеп, мемлекеттік Әнұранымызды тебіреніспен орындады. Одан әрі турнир басталып, тартысты ойында жарысқа қатысушылар жеңімпаз атануға бар күш-жігерін жұмсады.

Турнир қорытындысымен Созақ ауданынан келген команда ІІІ орын иегері атанса, тартысты ойында финалдық кезеңге дейін келген Кентау қаласының командасы ІІ орыннан көрінді. Ал, барлық ойында үздік өнер көрсетіп, қарсыластарын қапы қалдырған Отырар ауданының жастар командасы І орынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Жарыс соңында жүлдегерлер арнайы медальдармен, сыйлықтармен марапатталып, жеңімпаздарға кубок табысталды.

Түркістан облысының құрылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде біршама облыстарды басып озып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Облыста бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін, шалғай аудандардан, ауылдардан спорттық ғимараттар салынғаны абзал. Әрине спорттық ғимараттар жоқ деп айтуға да болмайды, біршама ғимараттар қолданысқа беріліп, спортшыларға жаттығу жасауына мүмкіншілік жасалуда. Облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру үшін, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, бұқаралық спортты дамытқанымыз жөн. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде.

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда. Осы орайда, спорт саласындағы басым бағыттарының бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуы үшін дамытылуы тиіс жайт – ол бұқаралық спортты дамытып, көпшіліктің айналысуына жағдай жасау. Бұқараның спортпен айналысуы үшін спорт ғимараттары қолжетімді болуы тиіс. Бұл ретте Түркістан аймағында 1500-ден аса іс-шара өткізіліп, оған екі жүз мыңға жуық адам тартылды. Сонымен бірге ауылдық жердің азаматтары да қамтылды.

«Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Ол жұмыстар Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталғаны белгілі. Еліміздің көптеген аймақтарында спорттық инфрақұрылымды дамытуға қабылданған бағдарламалар да өзінің игі ықпалын тигізді. 

Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт – 2021 жылдан бастап дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлері міндетті түрде енгізілді. Қазір оқушылар арасында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» пен «Асық ату» сияқты халқымыздың ежелден келе жатқан спорттық ойындары кеңінен танылды. 2021 жылы 57 мың адам ұлттық спортпен айналыса бастаса, қазір елімізде төл спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар саны 500 мыңнан асты. Спортқа ынталандыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастыру ұтымды әдіс болып есептеледі. Ол әр адамның қызығушылығын ғана арттырып қоймайды, сонымен қатар өз күшін бағалап, жоғары жетістіктерге жетуге ұмтылдырады.

Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жыл сайын оқушылар мен студенттер арасында спорттық лигалар өткізіліп отырады. Ұлттық мектеп лигасының сайыстары баскетбол, волейбол, гандбол, футбол, футзал, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, үш адамдық баскетбол, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түрі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстарға 1,5 млн-нан астам оқушы қатысады. «Ең алдымен, бұның үлкен идеологиялық әсері бар. Олар оқушылардың әлеуметтік капиталын дамытуға, мектептен, кенттен, ауданнан тыс байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді, тәртіпті, жауапкершілікті дамытады, кіші Отан үшін бірлік пен мақтаныш сезімін нығайтады. Сондай-ақ, бұл – талантты спортшыларды анықтаудың ең тиімді құралдардың бірі

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылудағы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда халықтың денсаулығы ең маңызды мәселелердің бірі. Халықтың денсаулығы – мемлекет болашағының негізі десек, оның жақсы, қалыпты жағдайда болуы өмір сүру салтына тікелей байланысты екендігі белгілі. Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді елімізде жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған. Еліміздің болашағы – жарқын жастар дейтін болсақ, олардың арасында салауатты өмір салтына деген дұрыс түсінік қалыптастырып, санасына, салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа аса маңызды және ұстанған адамның болашағы айқын екендігін түсіндіру ортақ міндет.

Ұлт салауаттылығы – бұл қоғамдық құндылық. Салауатты өмір салты – жалпы ұлт денсаулығының негізі. Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты, сондықтан салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Жастардың өзін жетілдіру, өзін-өзі ұйымдастыру үшін қажетті аса маңызды қасиет – ол салауаттылық. Салауаттылық ұғымы қазақ халқының салт-дәстүрін, көнеден келе жатқан мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын жас ұрпаққа ұғындыру. Салауаттылық — ішкіліктен, есірткі, темекіден аулақ болу, дене және жан тазалығын сақтау, тіпті қарапайым түрде айтсақ адамның киім киісі, тамақты қалыппен ішуі де кіретін игі іс-әрекет.

Жаңа дәуірде елімізді сақтайтын, денсаулығы зор, интеллектісі жоғары ұрпақ тәрбиелеу мемлекет саясатының басты бағыты екенін ескерсек, осының бәрі жастарымызды салауатты өмір салтына тәрбиелеуден басталады. Сондықтан, ең алдымен, жастар арасында салауатты өмір салтына деген дұрыс түсінік қалыптастыруымыз керек. Жастардың санасына салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа аса маңызды және ұстанған адамның болашағы айқын екенін түсіндіріп беруіміз керек. Өркениетті дамыған қоғамды тек — дені сау адам ғана құра алады деп айтар болсақ, жастарымыздың денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше, адамгершілігі мен имандылық қасиеті үйлескен тұлғаларды тәрбиелеу басты міндетіміз.

Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Тәуелсіздік жылдары ел спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтата түсуде. Спорт саласында мемлекеттік саясаттың басымдығы – бұқаралық спортты тиісті деңгейде дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады. Бұқаралық спортың дамуы – Қазақстандықтардың салауатты өмір салтының даму негізі екені сөзсіз.Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы.

Мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын, халықтың жанкүйерлік рухын көтеруде спорттың алатын орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан еліміз спортты дамытуға айрықшы көңіл бөлуде. Мәселен, он тоғыз жылдан бері елімізде спорт күні белгіленіп атап өтілуде. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша спорттық жарыстар өткізіліп, халықты салауатты өмір салтына тарту мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісін спорт күні ретінде халық асыға күтеді.  

Жалпы спорт саласы елімізде кең қолдауға ие. Саланың дамуына, бұқаралық спорт қозғалысын арттыруға, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған көптеген шаралар көз алдымызда ұйымдастырылуда. Сондықтан жыл өткен сайын баласын спорттың әртүрлі саласына жетектеп әкелетін ата-аналардың саны артып келеді. Әрине халықты спортшыларымыздың халықаралық дәрежеде жеткен жетістіктіктері де ынталандырары анық. Осы орайда еліміздің спортшылары соңғы онжылдықтарда халықаралық жарыстарда, Олимпиада ойындарында еліміздің намысын жыртып, үздік нәтижелерді көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі спортшыларымызды халықаралық жарыстарға шығар алдында арнайы шақырып, сәттілік тілеп шығарып салуының өзі спорт саласының мемлекетіміздің басты назарында екенін айқындайды. Еліміз беделді халықаралық жарыстарды өткізетін елге айналып, арнайы спортшыларға арнап қалашықтар тұрғызып, спорттық нысандар санын көбейтуде. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының ғана көрсеткіші емес, оның әлемдік мойындалуын көрсетеді.

Атап өтер жайт, елімізде Дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылға арналған арнайы кешенді жоспар да әзірленген. Спортты жүйелі дамытуды көздеген кешенді жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескерілген. Саланың басы қасында жүрген мамандар арқылы толықтырылған кешенді жоспар еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтереді деген үміт зор! Кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Атап өтсек нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорт желілерін кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау және кеңінен тарату, спорттық-бұқаралық іс-шаралары көбейту көзделген. Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында да көптеген жұмыстар жасалуда.

Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан қолға алынған шаралар өз деңгейінде атқарылса, талай игі іске мұрындық болары анық. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бүгінде еліміздегі балаларды арнайы спорттық үйірмемен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Балаларды спортқа тарту мақсатында аталмыш жоба жемқорлардың жемсауында кетпес үшін барынша пысықталуда. Жалпы еліміздегі спортты дамыту үшін жасалып жатқан шаралар алдағы уақытта өз жемісін береріне сенім мол.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 207 рет