Бейсенбі, 22 Мамыр 2025 10:45

Созақтық жас спортшылар Ұлттық мектеп лигасында жеңіске жетті

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков кіші футболдан «Ұлттық мектеп лигасы – 2025» республикалық турнирінде жеңімпаз атанған Ләнде Бөкенов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9–11 сынып оқушылары құрамасынан құралған жас спортшыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Жеңімпаз команда мүшелері мен бапкерлеріне алғыс хаттар мен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.

«Жастардың спорттағы жарқын жетістігі – тек мектептің ғана емес, ауданымыздың абыройы. Бұл жеңіс – тәртіп пен табандылықтың, тынымсыз дайындық пен өзара бірліктің жемісі. Біз сіздермен мақтанамыз! Жеңістеріңіз көбейе берсін!» – деді аудан басшысы.Спортшыларды аудан әкімдігі ғимаратының алдында білім саласының қызметкерлері мен мектеп оқушылары сән-салтанатпен қарсы алды.

Айта кетейік, Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі Талдықорған қаласында өтті. Турнирге еліміздің барлық өңірлерінен үздік командалар қатысып, тартысты ойындар өтті. Созақтық команда жарысты Қостанай облысын 9:3 есебімен ұтып бастап, барлық кездесулерде басымдық танытты. Ақтық сында Ақмола облысының командасын 4:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды.

Команданың жаттықтырушылары мен жетекшілері Нұрбол Тәжіметов, Ғабит Құрманәлі, Сырым Жұманов және Нұрасыл Құрманбекұлы үйлесімді жұмыстары арқылы команданың табысты өнер көрсетуіне негіз болды. Жас спортшылардың техникалық шеберлігін шыңдап, тактикалық дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастырып, жеңіске деген сенімді қалыптастыра білді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 17 рет