Түркістан облысының құрама командасының көшбасшысы, байдарка есуші Ольга Шмелева денсаулығына байланысты бұл чемпионатқа қатыса алмады. Алайда бұл жағдай облысымыздың есу шеберлеріне жүлделі орындарды иеленуге кедергі болмады.
Түркістан облыстық су спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, ЖСШМ және Олимпиадалық резервті даярлау орталығының спортшылары жалпы 30 медаль жеңіп алды. Оның ішінде қоржынға 7 алтын, 11 күміс және 12 қола медаль түсті.
Чемпион атанғандарға келсек, каноэден Полат Төребеков, Алишер Хаетов, Ульяна Киселева, Дильфузахон Эргашханова топ жарды. Сонымен бірге байдарка есуші Бекарыс Раматулла да бірінші орын иемденді.
Жарыс қорытындысы бойынша Бекарыс Раматулла мен Полат Төребеков Португалияда өтетін 18 және 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы байдарка және каноэ есуден әлем чемпионатына және Италияда өтетін ересектер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды.