Сенбі, 17 Қараша 2018 13:25

Түлкібаста бокстан облыстық турнир басталды

Қазақстан Республикасының «Құрметті спорт қайраткері», бокстан КСРО ІІБ бірнеше дүркін чемпионы, КСРО спорт шебері Кенебаев Шамдаулет Абжаппарұлының 80 жасқан толған мерейтойына орай Түлкібас ауданының орталығында 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан І-облыстық турнир бастау алды. Үш күнге жоспарланған турнирге Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары, Түркістан мен Шымкент қалалары, Ордабасы, Сайрам, Мақтарал және Түлкібас аудандарынан барлығы 150 жас былғары қолғап шеберлері қатысып өзара мықтыларды анықтайды. 

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Е.Күзембаев «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Спорт – әр елдің даңқын шығарып, байрағын биіктететін айтулы бәсеке. Қазақстан – әлемде саяси тұрақты, экономикасы өркендеген іргелі ел ғана емес, халықаралық спорттағы табыстарымен және талантты спортшыларымен танылған мемлекет» деп атап өткен болатын. Міне, осы Елбасымыздың сөздеріне дәлел ретінде Шамдаулет Абжаппарұлы ағамызды алсақ қателеспейміз. Өйткені ағамыздың қажырлы еңбегінің арқасында еліміздің атақ даңқын республикаға, Азия және дүние жүзіне жаңғыртқан чемпиондарды тәрбиелеп өсірген. Сонымен қатар, еліміздің спортының нағыз жанашыры ретінде 1980-2008 жылдар аралығында аудандық Шақпақ-баба балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде директор қызметін атқарып, 1991 жылдары барлық спорт мектептері жабылған кездері, осы спорт мектебін жапқызбай, мемлекеттік мекеме ретінде алып қалуға орасан зор жұмыс жасаған»,-деп атап өтті.

Сондай-ақ, Шамдаулет Абжаппарұлын мерейлі жасымен құттықтап, ауданның спортын дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін аудан әкімінің алғыс хатымен «Түлкібас ауданының 90 жылдығы» төсбелгісін табыстады. Және де ауданға арнайы ат басын бұрып келген ҚР «Спорт жұлдыздары» журналының Түркістан мен Жамбыл облыстары филиалының директоры Сағымбаев Болат Тұрарұлы мерейтой иесіне ыстық лебізін білдіріп, елімізде бокс спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының «Спорт ардагері» төсбелгісімен марапаттады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 2750 рет