Дүйсенбі, 26 Қараша 2018 20:41

Түркістан облысы: Сарыағашта заманауи спорт кешені ашылды

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдаралмасының «Туған жер» жобасы аясында ел игілігіне ұсынылған ғимаратты жергілікті кәсіпкер өз қаржысына салдырған. Жобалық құны 500 млн. теңге болатын орталықта бір мезетте 500 адам спортпен шұғылдана алады. 

Жерлес ағаларының туған жерге жасаған тартуы ауыл балаларының қуанышын еселеп, спортқа деген қызығушылығын одан сайын арттырған. Ал 20 метрлік жүзу бассейні ауыл жұртының сүйікті орнына айналған. «Ауылымызда осындай бассейн ашылғанына қуаныштымыз. Қол бос кезде осында кеп шомылып тұрамыз. Суы да мұнтаздай таза. Еуростандартқа сай соғылған бассейн. Осы бассейнді соққан азаматтарға алғыс айтамыз» дейді ауыл жұртшылығы.

Ауыл жастарының барлығы – осында. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға ден қойған. Мұнда жүзу бассейні, футбол алаңы, жаттығу залдары, одан бөлек күрес, бокс үйірмелері жұмыс істейді. Қыздарға арналған аэробика, би алаңдары да қарастырылған. Жақында осы нысанның ішінен спорт мектебі ашылмақ. Сол кезде ауыл жастары спорттың бірнеше түрімен айналыса алады. Бұл кешеннің құрылысына кәсіпкер 500 миллион теңге қаржы құйыпты. Ең бастысы, қыруар қаржыны қалтаға баспай, туған жерді түлетіп, ауылдың ажарын ашуға жұмсаған. 

Сәтін салса, келешекте Сарыағаштан да Геннадий Головкин, Бекзат Саттарханов сияқты боксшы жігіттер шығарына сеніміміз кәміл. Ауылдан шыққан жігіттер Қазақстанның туын желбіретеді деген ойдамыз. Спорт мектебі ашылған кезде бұнда 30-ға жуық адам жұмыспен қамтылады. Олардың дені спорт мамандары мен жаттықтырушылар болады. Ауыл спортын жандандыруды ойлаған кәсіпкер тағы да бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірақ әзірге оны жарияламауды өтінді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 2668 рет