Сәрсенбі, 10 Желтоқсан 2025 18:53

Түркістан облысы: Сарыағашта заманауи спорт алаңшасы пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тағы бір әлеуметтік нысан іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және жастарға арналған спорттық нысандардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Құркелес ауылдық округінде заманауи спорт алаңшасы ел игілігіне пайдалануға берілді.

Нысанның ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудан депутаттары, ауыл әкімі және жергілікті тұрғындар қатысты. Аудан әкімі көпшілікті мерекемен құттықтап, жаңа нысан ауыл тұрғындары үшін қызмет ететінін жеткізді. – Бұл – мемлекетіміздің жас ұрпақты қолдауға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі саясатының жарқын мысалы. Спорт алаңшасы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді. Біз осы алаңдардан болашақ чемпиондардың шығатынына сенімдіміз, – деді Арман Абдуллаев. Құркелес елді мекенінде салынған жаңа спорт алаңы аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Аталған нысанда кіші футболға арналған арнайы алаңша, workout аймағы, сондай-ақ ойын алаңшасы орнатылған. Жобаның құрылысын «Сәулет 2012» ЖШС жүргізді.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 6 жылда 50-ге жуық спорттық нысан бой көтерген. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, облыста 3540 спорт нысаны тіркелген. Бұл нысандардың 3041-і (яғни 86%) ауылдарда, ал 499-і (14%) қалаларда орналасқан. 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 43,5 пайызды құрап отыр. 

Спорт инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. 10 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Биыл тапсыру көзделген 102 спорт нысанының 66-сы ел игілігіне берілген. Спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспары бойынша бюджет арқылы 3 жылда 55 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр. 2025 жылы 16 ғимаратқа жөндеу (14 нысанға ағымдағы жөндеу, 2 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары) жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта 15 нысанның жұмыстары толық аяқталды, 1 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.

Биылғы 10 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4 пайызын құрады. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп, 32,9 пайызды құраған. 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші арқылы тегін үйірмелерде 24 480 бала шұғылдануда. Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғыны спортпен айналысып келеді. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға өскен. Облыста халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар тұрақты түрде өтіп жатыр. Спорт саласына көрсетілген қолдау нәтижесінде облыс спортшылары 2025 жылдың 9 айында Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 248 медаль жеңіп алды. Бұл – 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21%-ға жоғары.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.  Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 171 рет