Сәрсенбі, 02 Қаңтар 2019 21:46

Шымкентте спорттық ойын алаңшаларының саны артып келеді

Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жаңа кейіпке еніп, күн сайын абаттандырылған аулалар мен балалар ойын алаңшаларының саны артып келеді. Бүгінде бұл бағытта қала əкімдігі аулалар мен орамдар ішіндегі аумақтарды жайлы ету, спорттық балалар алаңқайларын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда. 

Мәселен, былтыр қала бойынша 50 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы мен спорттық жаттықтыру құралдары орнатылды. Бұл жұмыстар Елбасының өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасына негізделген.

Шаһардағы Әл-Фараби ауданы, «Қарасу» шағынауданының №1, 3, 56 көпқабатты үйлер тұрғындары мен балаларына Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұқаралық спортпен шұғылдануға арналған жаттығу алаңшасы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.  Аулалардың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Жалпы, былтыр Әл-Фараби ауданында 22 аула абаттандырылса, осы жылы 171 ауланы абаттандыру жоспарланған. Тұрғындар мемлекет басшысына және қала әкіміне жүргізілген жұмыстар үшін алғыс білдірді. Шара барысында әкім балаларға спорттық бұйымдар мен тәттілерді сыйға тартты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1871 рет