Дүйсенбі, 11 Қараша 2019 11:13

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында ұлттық валюта күні қарсаңында спартакиада өтті

Мақтаарал ауданының экономика және қаржы бөлімі мен дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің ұйымдастыруымен ұлттық валюта теңге күні қарсаңында ауданның мемлекеттік қызметкерлері арасында спорттың кіші футбол, үстел теннисі және бильярд түрінен спартакиада өтті. 

Жарысты салтанатты түрде ашып берген аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енгені Қазақ елі үшін айрықша тарихи дата болғанын еске салды. "Алғашқы теңгемізде Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр хан, Абылай хан бабаларымыздың бейнелері сомдалып, қазағымыздың тарихы жаңғырды. Осылайша Тәуелсіз еліміздің өз валютасы пайда болып, тарихтың жаңа парақтары ашылды. Сіздер көк туымызға қалай құрметпен қарасаңыздар төл теңгемізге де солай қарауларыңыз керек. Өйткені, ол біздің Тәуелсіз ел екенімізді айғақтайтын символдардың бірі. Ендеше, мереке құтты болсын, жерлестер!" - деді Бейсенбай Тасболатұлы.

Бір күнге созылған жарыс өте тартысты өтіп, жеңімпаздар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған командалар мен ойыншылар аудан әкімінің арнайы дипломы және кубоктарымен марапатталды. Үстел теннисінен ІІІ орын мен ІІ орынды ауданның білім бөлімінің қызметкерлері Ержан Ырысалиев мен Аралбай Өтебаев алса, бас жүлдені ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы Мақтаарал аудандық бөлімінің қызметкері Нұрдәулет Оңғар жеңіп алды. Бильярдтан өткен тартысты ойында Мырзакент кенті әкімінің орынбасары Әбдіғаппар Биболов ІІІ орыннан, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Сәкен Досымов ІІ орыннан көрінсе, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Мадияр Бабашев І орынмен жеңіске жетті. Сондай-ақ бильярдтан белсенді ойын көрсеткені үшін Жаңажол ауылдық округі әкімінің орынбасары Махамбет Ердешовке төл теңгемізге арналған мерекелік кәдесый үлкен құрметпен табысталды. Кіші футболдан жүлделі ІІІ орынды ҚР ҰҚК Түркістан облысы Мақтаарал аудандық бөлімі, ІІ орынды аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі және І орынды аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері иеленді. Оған қоса кіші футболдан да белсенді ойын көрсеткені үшін ҚР ҰҚК Түркістан облысы Мақтаарал аудандық бөлімінің қызметкері Ғабит Момбеков төл теңгемізге арналған мерекелік кәдесыймен марапатталды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 765 рет