Дүйсенбі, 18 Қараша 2019 14:56

Түркістан облысы: Қазығұрт ауданы әкімінің жүлдесіне арналған облыстық турнир басталды

Қазығұрт аудан әкімінің жүлдесі үшін бокстан жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир шымылдығын түрді. Шойын жұдырықты балалар 4 күн бойы өз орталарындағы кім мықтыны анықтайды. 

Жас шәкірттердің шеберлігі шыңдалатын дүбірлі додаға бас-аяғы 120 жас жеткіншек қатысып отыр. Турнирде облыстың барлық ауданынан келген, сайдың тасындай іріктелген кілең мықтылар сынға түсуде. Шаршы алаңның шаңын қағуға келген 2005 пен 2009 жылдар аралығындағы жас спортшылар арасындағы жарыс ә дегеннен-ақ қызып кеп берді. Әрине, барлығы да тек жеңіс үшін келгені сөзсіз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жас спортшылар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді екен. Турнир жеңімпаздары 21 қараша күні анықталатын болады. Ендеше, жас былғары қолғап шеберлеріне сәттілік серік болғай! Лайым осындай сайыстар жалғасын тапса, қанеки!

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 685 рет