Жұма, 09 Қазан 2020 20:23

Шымкенттегі қысқы спорт мектебі жаттығуын бастады

Шымкент қаласындағы №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі құрама командалары жаттығу процесіне қайта оралып, өз шеберліктерін шыңдауда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінде Мұзсарайында спортшыларға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында мұз айдынын құю жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №39 қаулысында 30 адамнан аспайтын ұлттық құрамалар үшін жаттығу процесіне рұқсат бергеннен кейін басталды.

Әлемдік деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген мектепте 400-ден астам шәкірт спорттың 5 түрімен шұғылданады. Олар — әмбебап жекпе-жек, фристайл, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккей. Спорт мектебінің болашаққа жоспары көп. Олар алдағы уақытта өтетін Қазақстан чемпионаты мен қысқы Азия ойындарына шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау спорт түрі бойынша қатысуға үміткер.

Айта кетейік, Шымкентте Бас санитарлық дәрігерінің талаптары сақтала отырып, 29 спорт мекемелерінде спортшылар жаттығуларын бастады.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 679 рет