Жұма, 20 Қараша 2020 19:49

Түркістан облысында биыл 10 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті

Түркістан облысында биыл 10 спорт нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Алдағы 2021-2024 жылдар аралығында Түркістан қаласында Б.Саттарханов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернат-колледжінің ғимараты құрылысы, жоғары кешенді спорт шеберлігі мектебінің және облыстық дәрігерлік дене шынықтыру диспансері ғимаратының, Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенін қайта құрумен қатар, 320 орындық көрерменге арналған қосымша ғимарат салу, халықаралық Теннис орталығы құрылысы, орталық атшабар құрылысы, Шардара су қоймасы аумағында желкенді спорт, байдарка және каноэде есуге бағытталған спорттық база құрылысы жүргізілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистерге арналған брифинг барысында мәлімдеді.

Түркістан облысында жалпы 4458 спорт нысандары жұмыс жасайды. Аймақты әлеуметтік-экономикалық дамытудың  2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, республикалық және халықаралық  жарыстарды сондай-ақ, бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін  7 мың орындық «Орталық стадион» құрылысы «Самұрұқ-Қазына» ҰӘА қоры АҚ-ы демеушілігімен салынып,  сыйға тартылды.

Облыс орталығында бой көтерген тағы бір аса маңызды нысан бұл - «Бассейні бар спорт сарайы». Спорт кешені жүзу спортын дамытуға бағытталған. Бассейннің ұзындығы 50 метр, ені 25 метр, тереңдігі - 2,5 метр. Ойын және жаттығу залдарымен жасақталған спорт сарайы Республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат            

 

Оқылды 431 рет