Жұма, 20 Тамыз 2021 12:19

Түркістан облысында балалар спортын дамытуға басымдық берілген

Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында жасөспірімдердің жолдастық кездесуі өтті.

Жас спортшыларды қолдауға Токио олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі Сакен Бибосынов арнайы келді. Ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген спортшы жастарға ұлағатты сөзін арнады. Бүгінгі толқынның қарымы мықты екенін айтып, жастарға жігер берді. Токио олимпиадасының қола жүлдегері қоғамды алға жетелеуге ықпал ететін - салауатты өмір салтын ұстанып, ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға үндеді.

Футболдан «Тұран» ФК 2007 жылғы туылған жасөспірімдер командасы мен Түркістан облысының балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған футбол мектебінің 2007 жылғы туылған ізбасарлар ойынына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір спорт саласын реформалау жүріп жатыр. Соның ішінде балалар спортын дамытуға басымдық беріледі. Түркістан облысы əкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен өңірде бұқаралық және балалар спортын дамытуға күш салынып, балалар футболының өркендеуіне ерекше назар аударылған.

Айта кетерлігі, Түркістан облыстық футбол мектебінің 2007 жылғы шəкірттері 2020 жылы футболдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Ал, «Тұран» командасының осы жылғы туылған жас ойыншылары да биылдан бастап еліміздің футбол академиялары мен жасөспірімдер арасында өтетін Ел чемпионатына қатысып, облыс намысын қорғайды.

Балалар спортын дамытуға бағытталған шараға қатысушылар «Түркестан Арена» стадионында орналасқан бокс, күрес және ауыр атлетика бөліміне арналған жаттығу залдарын аралап, жасөспірімдердің жаттығуына қатысты. Арманы асқақ жас спортшыларға сәттілік пен үлкен жеңістер тіледі.

Сонымен қатар, бұл жиынға күні кеше еркін, грек рим жəне əйелдер күресінен Ресейдің Уфа қаласында аяқталған жастар арасындағы əлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді де арнайы қатысты. Шара соңында Кентау қаласында орналасқан спорт ғимараттарын аралап, ондағы жас спортшылармен кездесу ұйымдастырылды. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 289 рет