Бейсенбі, 16 Желтоқсан 2021 18:05

Қазақстан хоккейден жастар арасындағы Әлем чемпионатында ірі жеңіске жетті

Қазақстан құрамасы (U-20) хоккейден жастар арасындағы Әлем чемпионаты-2022-нің бірінші дивизионында үшінші матчын өткізді, деп хабарлайды Sports.kz сайты.

А тобындағы үшінші ойында Қазақстан Данияны 4:1 есебімен жеңді.

32-минутта Константин Морожников ел құрамасын алға шығарды, 34-те ол дубль жасады. Алайда даттықтар бірден бір шайбаның есесін қайтарды, мергендік көрсеткен – Лукас Банг.

Көп ұзамай қазақстандықтар тағы бір шайба соғып, басымдығын қайтара алды: 45-минутта Руслан Оспановтың соққысы нәтижелі болды. Ал ойын нүктесін 60-минутта Николай Шульга қойды.

Осылайша, Қазақстанның жастар құрамасы турнир аясындағы екі матчта жеңіске жетті: бұған дейін олар Мажарстанды (3:1) жеңді. Одан кейін Норвегияға ірі есеппен есе жіберіп алды (2:5).

16 желтоқсанда Қазақстан Беларусьпен ойнайды, 18 желтоқсанда – Латвиямен.

Еске салайық, турнир регламентіне сәйкес, элиталы дивизионға тек топтағы жеңімпаз өтеді.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

 

Оқылды 1666 рет