Сенбі, 18 Желтоқсан 2021 12:19

Түркістанда футболдан облыс әкімі кубогының иегері анықталды

Түркістаннан әлемдік деңгейдегі футболшылар шығатын күн алыс емес.

Ауыл-аймақтарда талантты өрендер көп. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында "Түркістан арена" стадионында Түркістан облысы әкімінің кубогы жолындағы турнир өтті. Финалдық кезеңнің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жас футболшыларға сәттілік тіледі.

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы ұйымдастырған доданың облыстық кезеңіне 17 аудан, қаладан 24 команда шығып, жалпы 300-ге жуық оқушы қатысқан болатын. Нәтижесінде 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында бірінші орынды Созақ ауданының өрендері еншілесе, екінші орынға Түркістан қаласының спортшылары ие болды. Қола жүлде сайрамдықтарға бұйырды.

Жарыстың жабылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен «Балалық әлемі» балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мен қолдау қоғамдық қорының президенті Жібек Исаева сөз сөйлеп, жүлдегерлер мен жеңімпазды марапаттады. Диплом, кубок, медаль және бағалы сыйлықтарды тапсырды. Сонымен бірге үздік қақпашы, үздік қорғаушы, үздік шабуылшы, үздік бапкерлерге де сыйлық берілді.

Білім ұялары арасындағы додадан іріктелген ең мықты оқушылар Түркістан облысында 1700 балаға арналған "Тұран" футбол академиясына қабылданады. Түркістан облысы әкімі Ө. Шөкеевтің тікелей қолдауымен өңірде балалар футболына баса мән берілуде. Жақында өткен "Ұлттық мектеп лига" спорт жарыстарының қорытындысымен түркістандық команда облыс бойынша топ жарды.

Облыстың футболы өрлеу кезеңінде. Келесі жылы премьер - лигаға Түркістан облысынан "Тұран" мен "Мақтаарал" командалары еніп отыр. Бұл — өте тамаша нәтиже. Өңірдегі "Тұран" футбол академиясы мен футбол мектептерінен футбол жұлдыздары шығады деген сенім мол. 

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 476 рет