Дүйсенбі, 18 Сәуір 2022 15:50

Түркістандық спортшылар жазғы Азия ойындарына дайындығын пысықтады

Түркістан облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде XIX жазғы Азия ойындарына дайындық барысы пысықталды.

Күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында додаға аталған спорт мектебінің 12 спортшысы қатысады деп күтіліп отыр. Бұл туралы мектеп ұжымы өткізген педагогикалық кеңесте айтылды.

Спорт додасы қыркүйек айының 10-25 аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Олимпиада ойындары мен түрлі деңгейде өтетін Азия, əлем чемпионаттарына жоғары санаттағы саңлақтарды дайындайтын Түркістан облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің ізбасалары қазірден бастап оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Аталған мектеп директоры Нұрмахан Мелдехановтың айтуынша, олардың алаңсыз дайындалуына тиісті жағдай жасалған.

Бүгінде облыс спортының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бұл спорт мектебінде олимпиада бағдарламаларына енген 15 спорт түрінен 140-тан астам шəкіртті 35 бапкер даярлауда. Кеңейтілген педогогикалық жиында барлық спорт бөлімдері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Кемшіліктер де сөз болып, дзюдо, еркін жəне грек-рим күрес бөлімдерінің жаттықтырушыларына қатаң ескерту жасалды. Жоспарлар бекітіліп, нақты тапсырмалар берілді.

 «AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 448 рет