Жексенбі, 29 Мамыр 2022 15:41

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ 5 АЙЫНДА МЫҢҒА ЖУЫҚ МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Бұл жайында Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов әлеуметтік желідегі өз парақшасында жариялапты. 

Парақшада Ермек Аманжолұлы 2022 жылдың 5 айында қала спортшылары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып 312-алтын, 271–күміс, 310–қола медаль жеңіп алғанын жазған. Тарқатып айтар болсақ, шымкенттік спортшылар жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында 31–алтын, 9–күміс және 16-қола медальдарға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 1-алтын, 1- күміс және 2-қола медальге ие болыпты.

Сондай-ақ, рейтингтік Халықаралық турнирлерде спортшыларымыздың жетістігі орасан. 2022 жылдың 01-15 мамыр аралығында Кашиас-ду-Сул /Бразилия/ қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарында 1 күміс медаль (Рсалы Сабыржан еркін күрестен)  және 5 орынды  (Пернеш Шадияр еркін күрес) иеленді. Оқушылар арасында Франция мемлекетінде (Нормандия қаласы) спорттың 21 түрінен өткен Дүниежүзілік жазғы гимназиядаға Шымкент қаласынан 22 спортшы 11 спорт түрінен қатысып, 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алыпты.

«2022 жылдың 5 айдың қорытындысы бойынша  3-Еңбегі сіңірген спорт шебері, 27- халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 124 - Қазақстан Республикасының спорт шебері, 197 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды»,-делінген Ермек Дәрменовтың жазбасында.

Мемлекет басшысы денсаулық кепілі – дене шынықтыру екенін, халқымыздың, әсіресе балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет деген болатын. Бұл бағытта Шымкент қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Спорт секцияларын жан басына қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы қалада 890 спорт нысандары бар болса, спортпен шұғылданушылар саны 325 мың адам немесе 30,6 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта 35 пайызға жеткізу көзделуде.

«AQ-QARA.KZ»ақпарат»

Оқылды 340 рет