Сәрсенбі, 19 Қазан 2022 14:04

«Балалар жылында» саурандық өрендер халықаралық турнирден жеңіспен оралды

«Балалар жылына» орай, ұйымдастырылған «Qarabatyr boxing Championship"» балалар мен жасөспірімдер арасында бокстан өткен Халықаралық турнирде Сауран ауданының жастары топ жарды.

Республикалық деңгейде өткен тартысты додада Б.Османов 30 кг салмақта 1 орын, А.Идрисов 54 кг салмақта 1 орын, Д. Абдураимов 40 кг салмақта 2 орын, И. Абдуллаев 44 кг салмақта 3 орындарды иемденіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Жүлдегерлер «Qarabatyr» спорт клубының жетекшісі М.Жумашбековтың арнайы дипломдарымен марапатталды. Жас спортшыларды жеңістері мен құттықтай отырып, толағай табыстар тілейміз!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Ба­лалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қол­дау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма бер­ген еді. Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, спорт, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын.

Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мә­се­лесіне мән беру арқылы, ұлт тағ­дыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді. Ал енді осы берілген тапсырма мен ай­­­­тылған мәселе төңірегінде елімізде қан­дай шаралар ұйымдастырылып, қандай шаруа­лар атқарылып жатыр екен, соған сарап­тама жасап көрген едік. Бала тәрбиесі мен білімі туралы сөз болғанда ойға Білім жә­не ғылым министрлігі оралса, ал әңгіме оның жан-жақты жетілуі мен рухани дамуына ойысқанда Мәдениет және спорт ми­нистрлігі назарға ілінеді. Аталған ми­нистрліктердің «Балалар жылына» қа­тыс­ты қандай жоспары бар?

«БАЛАЛАР ЖЫЛЫНДАҒЫ» ЖАҢАЛЫҚТАР

Бұл жыл шынында да балалар үшін бере­келі жыл болды. Өйткені әлем­дік білім бәсекесінде топ жарған жеңім­­паздарға үлкен сый-сияпат көр­се­ті­лді. Президент жақында халықаралық пән­дік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы заңға қол қойған болатын. Ол заңға сәйкес ал­тын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі әрі ол оқушыларды жарысқа дайындаған пе­да­гогтерге де осындай ақылы сыйақы та­ғайын­далған. Сондай-ақ халықаралық олим­пиада жеңімпаздары мен жүлде­гер­лерінің еліміздегі ЖОО-ға түсу үшін ав­томатты түрде гранттарға ие болу мүм­кін­дігі бар. Бұл білім бәйгелерінде бақ сынай­тын балалар үшін үлкен «базарлық» екені даусыз. Бұдан бөлек, биыл елімізде өткен аудан­дық, облыстық, республика­лық олимпиадалар биігінен көрінген балалар саны аз емес, мыңға жуықтайды. Жүлделі орындарды иеленген оқушының жалпы саны 920-ны құраса, оның ішінде 183 оқушы алтын, 274 күміс және 463 оқу­шы қола медаль иегері атанған.
«Балалар жылына» қатысты шаралар­дан өңірлер де шет қалып жатқан жоқ. Соң­ғы 4 айдың ішінде еліміздің әр айма­ғын­да 5 000-нан аса өңірлік іс-шара өткен. Сол­ шаралар кезінде басты назар аз қам­тыл­ған отбасы балалары, көп балалы отба­сы, жетім және ата-анасының қамқорлы­ғын­­сыз қалған балаларға қарай бағыт­тал­ған. Сонымен қатар биыл «Балдәурен» базасындағы балалар лагерінде ЖОО, колледж педагогикалық бөлімше­лері­нің мүшелері қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» республикалық слеті өтсе, «Оқуға құштар мектеп» жобасы ая­сын­да елордалық 28 мектептің кітапханасы жаңғыртылып, 29 мектепте коуоркинг аймақтары ашылды.

БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ?

Білім және ғылым министрлігі Ба­ла­лардың құқықтарын қорғау коми­те­ті­нің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтың айтуынша, министрлікте балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағыт­тал­ған ауқымды іс-жоспар қабылданыпты.– Іс-шаралар жоспарының мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, ру­хани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағ­дайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғауды қам­тамасыз ету. Олар 7 бөлім бойынша 50 тар­мақтан тұрады. Ол 50 тармақтың ішін­де 65 іс-шара бар. Және одан бөлек ба­ла­ның шығармашылық, зияткерлік қабі­лет­терін дамыту мақсатында бағытталған 21 іс-шара кіреді. Бірақ «Балалар жылы» осы аталған шаралармен ғана шектеліп қал­май­ды, республикалық жоспардан бөлек, та­ғы да 17 өңірлік және 280 аудандық, қа­лалық білім ұйымдарының жоспарлары қа­былданды, – деген еді комитет төрағасы. Сол аталған 7 бағытқа қысқаша тоқ­та­лып өтуді жөн көрдік.

Алғашқы бағыт – «Білімді бала». Оның мақсаты – ба­ла­лардың сапалы білім алуға және жеке тұл­ға ретінде дамытуға қатысты құқықта­рын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Оның шең­берінде сыныпта және мектептен тыс тәр­бие жұмыстарында балалардың құ­қықтары мен мүдделерін қорғау бағы­тын­дағы шаралар жүзеге асады.

Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» ба­ғыты баланың білім алу құқықтарын жү­зеге асыру мен отбасындағы адамгер­ші­лік және рухани құндылықтарды наси­хат­тауды қамтиды. Бұл жоба кезінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен тұл­ғаларға көмек көрсету бойынша іс-қи­мыл алгоритмін әзірлеу, және жекелеген са­наттағы балаларға материалдық көмек көр­сетудің қолданыстағы жүйесін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізу секілді іс-шара­лар жүзеге асады.

Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жо­ба­сы. Оның мақсаты – балалар мен мүм­кіндігі шектеулі балалардың ден­сау­лығын нығайту шараларын ұйымдастыру және олардың құқықтарын қорғау. Оның шең­берінде ҚР неонаталды хирургияны одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар жос­парын әзірлеу, балалар онкологиялық және ге­матологиялық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша Жол картасын әзірлеу, жаңа ту­ған нәрестелер мен кішкентай балаларға скри­нингтік зерттеулер, 18 жасқа дейінгі ба­­лаларға профилактикалық медици­на­лық тексерулер жүргізу, амбулаториялық қам­тамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейту секілді іс-шаралар іске асады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларды меди­ци­налық оңалтумен қамтуды ұлғайту қол­ға алынбақ.

Төртінші «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша іс-ша­ралар қолға алынады. Атап айтсақ, өмір­лік қиын жағдайға тап болған бала­лар­ды қолдау орталықтарының функция­ла­рын кеңейту, жетім балалар мен ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған балаларды от­басына орналастырудың баламасын әзір­леу секілді іс-шараларды қамтиды. Бесінші бағыт «Жайлы мекен» жо­ба­сы балаларға арналған инфра­құры­лым­ды дамытуға бағытталған. Дәлірек айт­қанда, қала, елді мекендердің инф­ра­құры­лымын қауіпсіздік тұрғысынан дамыту, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарды жарақтандыру, «2025 жылға қарай 1000 мектеп» бағдарламасы ая­сында салынған жаңа мектептердің ашылу салтанатын өткізу, «Балаға мейірімді қа­ла» ұлттық сыйлығын енгізу секілді іс-шара­лар легін қамтиды.

Ал келесі «Бала қорғау» жобасы бала­лар­дың қауіпсіз даму жағдайларында құ­қығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұн­да бұқаралық ақпарат құралдарында суи­цид тақырыбын жариялау мәселесі бойын­ша ұсынымдар әзірленеді. Соңғы бөлімдегі BALA_TIME.KZ жо­ба­сында балалар мәселелері бойын­ша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүр­гізіледі. Оның аясында балаларға ар­нал­ған арнайы медиа өнімдерді шығару жә­не тарату: телешоулар, сериалдар, дерек­ті фильмдер, әлеуметтік желілердегі имидж­дік өнімдер, «Балапан» телеарна­сын­да мультимедиялық және танымдық кон­тентті көрсету жоспары бар. Енді баланың рухани, мәдени дамуы­на тікелей әсер ететін Мәдениет жә­не спорт министрлігіндегі жаңалықтар мен атқарылып жатқан шаруаларға тоқ­талсақ…

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР САЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ЖЕТІСТІГІ

Министрлік дерегіне сүйенсек, мә­дени сала бойынша балаларға ар­­­­налған ауыз толтырып айтатын жаңа­лық­­тар аз емес екен. Мысалы, қазір 1 мил­лион­нан астам баланы қамтитын 6 ірі жо­ба іске асырылып жатқан көрінеді. Алдағы уақытта министрліктің бас­та­масымен 5 үлкен жаңа жобаны іске асыру жос­парланып отыр екен. Олардың қа­та­рында С.Прокофьевтің «Золушка» балалар бале­тінің премьерасы; Ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар балаларға арналған «Newart» балалар шығармашылығының фес­тивалі; 200 астам баланы қамтитын «Жас қаламгер» оқыту мектебі; Astana Piano Passion жас пианистердің республикалық кон­курсы; «Мейірім» балалар шығарма­шы­лы­ғының инклюзивті музейлік фестивалі бар. Сонымен қатар балалардың шығар­ма­шылық әлеуетін қолдау және да­мыту мақсатында, жыл басынан бері
22 000-ға жуық бала театрларға, 30 000-нан астам бала музейлерге, 730 000 бала ки­носеанстарға барса, олардың 4 000-ы ауыл­дық жерлерде болып қайтқан. Енді жыл соңына дейін де осы көрсеткішкерді арт­тыр­мақ ниеттері бар екен. 
Статистикаға сүйенетін болсақ, елі­міз­дегі спортпен шұғылданатын тұр­ғындардың неғұрлым белсенді үлесі жал­пы білім беретін мектептердің оқу­шы­ларына тиесілі екен. Мысалы, 3,4 млн оқу­шының 2 миллионы немесе 61,4 пайызы дене шынықтырумен және спортпен қам­тылған. Биыл ұлттық мектеп лигасының бағ­дарламасы бойынша волейбол, фут­бол, футзал, гандбол, баскетбол, тоғыз­құмалақ, үстел теннисі, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түріне мектеп жасындағы 2,7 миллионнан астам бала қамтылған.
Елімізде 6,1 млн бала бар екен. Оның 3,4 миллионы мектепте оқыса, 914 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Сол бүлдіршіндердің құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралардың көптігі көңіл қуантады. Дегенмен басты назар олардың санына емес, сапасына аударылса деген ниет бар.

Оқылды 292 рет