Сенбі, 19 Қараша 2022 00:37

ШЫМКЕНТТІК «ОРДАБАСЫ» КЛУБЫНА КУБОК САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ТАБЫСТАЛДЫ

Футболдан 2022 жылғы Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанған «Ордабасы» командасы Шымкентке оралды. Жергілікті жанкүйерлер футболшыларға құрмет көрсетіп, қарсы алды. Алдымен әуежайдан күтіп алған шеру Әл-Фараби алаңындағы салтанатты жиынға ұласты.

– «Ордабасы» футбол командасының ойыншыларын футболдан 2022 жылғы Қазақстан Кубогімен құттықтаймыз! Құрметті футболшылар, баршаңызға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының атынан, Шымкент қаласының тұрғындары атынан, «Ордабасы» жанкүйерлері атынан құтты болсын айтамыз. Қала әкімі финалды стадионда тамашалап, матчтың соңына дейін болды. Өздеріңізге қолдау көрсетті. Жалпы, күні кеше «Астана-Аренада» болған шымкенттік жанкүйерлер сіздерге мықты қолдау көрсетті деп ойлаймыз. Бұйыртса, келесі жылғы чемпионатта алға үлкен мақсат қойып, алғашқы үштікке іліне беріңіздер. Келесі жылы Шымкент қаласы Еурокубок ойындарын қабылдайтын болады. Жігіттерге көп рақмет айтамыз. Бұл тек «Ордабасы» клубының ғана емес, бүкіл Шымкент қаласының жеңісі, үшінші мегаполис спортының жеңісі. Осы спортшыларға қарап, мыңдаған бала, жастар қуат алады деп ойлаймын. «Ордабасы» келесі жылы чемпион болсын! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.

Бұдан кейін сөз алған «Ордабасы» клубының президенті Бауыржан Абдубайтов бұл жеңіс тек клубтың ғана емес, барша шымкенттіктердің, жанкүйерлердің де жеңісі екеніне тоқталды.

– Бұл жеңіске үлесті барша қала тұрғындары да қосты. Сіздердің қолдауларыңыз, қала әкімінен бастап барлық жанкүйерлердің ыстық ықыласы бізге, футболшыларға, команда мүшелеріне мықты қолдау болды, – деді Бауыржан Абдубайтов.

– «Астана-Аренадағы» матч аса тартысты өткенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Сонда стадиондағы барлық жанкүйер бізге мықты қолдау көрсетті. Содан жігерленіп, соңына дейін беріспей, намысқа тырыстық. Соңғы секундта есепті теңестіріп, жеңісті жұлып алдық. Астанада жүрсек те шымкенттік жанкүйерлердің қолдауын анық сезіндік. Эмоцияларды айтып жеткізу қиын. Осы тұрғыда маусым бойы бізге қолдау көрсеткен қала әкіміне, барша жауапты мамандарға, клубының басшыларына алғыс айтамыз. Міне, араға 11 жыл салып Қазақстан Кубогін Шымкентте алып келіп отырмыз. Баршаңызға құтты болсын! – деді «Ордабасы» командасының капитаны Самат Шәмші.

Алаңға жиналған жанкүйерлер фуболшыларға құрмет көрсетіп, қошеметтерін аямады.

– Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары. Бұл жеңіс біз үшін өте қымбат. Көптеген қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Суперлигасындағы ең жас команда екеніне қарамастан – «Ордабасы» футболшыларының орташа жасы 22,5 жасты құрайды – біздің жігіттер табандылық көрсетіп, жанкүйерлерге, бізге қуаныш сыйлап отыр. Мақтанышпен айтатын жайт, финалдық кездесуде алаңға бірінші минуттан шыққан 11 футболшының жетеуі – қазақстандық спортшылар. Ал жалпы, клубтағы 25 ойыншының 17-сі – өзіміздің, Шымкенттің түлектері. Барлығы – клубтың тәрбиеленушілері. Келесі жылы алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Шымкентке Кубок тағы да құтты болсын! – деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Бұдан кейін көпшіліктің қошеметімен «Ордабасы» футбол клубының капитаны Самат Шәмші Қазақстан Кубогін қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлына салтанатты түрде табыстады. Жиынның соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

Оқылды 2244 рет