"ШЫМКЕНТ ЖАСТАР ЛИГАСЫ" ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

"Тәрбиелі, білімді, алғыр әрі дені сау ұрпақ – еліміздің ең қымбат байлығы. Жастардың оқуымен қатар, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне аса назар аударды.

Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің бастамысымен, жалпы орта білім беру мекемелері арасында «Шымкент жастар лигасы» басталған болатын.

Биыл үшінші рет өткізіліп отырған шарада 6 мыңға жуық спортшы, яғни 138 мектептен 514 команда қатысып, футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан бақ сынамақ.

ІІІ маусымның ашылу рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, қалалық мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, жүлде демеушісі “Энергоорталық-3” АҚ бизнес-серіктесі Ш. Нуртаева мен корпорация менеджері Ш.Нысамбекова, сондай-ақ қоғам белсенділері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Рәсімді салтанатты түрде ашқан қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан

-      Шымкент жастар лигасы — республика бойынша үздік жоба атанып, кең қолдауға ие болды. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылық пен күрескерлікке баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінде мемлекет Сіздердің сапалы білім, саналы тәрбие әрі бәсекеге қабілетті азамат болып өсулеріңізге қолайлы жағдай жасап отыр.

Тек спортта ғана емес, ғылымда, өнерде және өзге салаларда жүзден жүйрік атанып, еліміздің абыройын асқақтата берулеріңізге тілектеспін! Бүкіл еліміз сіздерден зор үміт күтуде,-деді ол.

Бүгін ІІІ маусымның салтанатты ашылуында ІІ маусымның жүлдегер мектептері марапатталды. Жеңімпаз 4 командаға су жаңа автокөліктің кілттері табысталды.

Айтып кетейік, былтырғы додада Шахмат бойынша 4 ауданнан 130 команда, 520 оқушы қатысып, Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі;

Баскедболдан 122 команда, жалпы 1464 оқушы бақ сынасып, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы;

Ал волейболдан 129 команда арасында Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі;

Футболдан 133 құрама команда ішінде Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы І-орындарды иеленген болатын.

 

ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАР ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Шымкент қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының III спартакиадасы өтті. Төрт жылда бір рет өткізілетін жарысқа еліміздің 18 өңірінен келген 800-ден астам спортшы бақ сынады. Сурдлимпиада спортшылары жарыста спорттың 11 түрінен 150 медальды өзара сарапқа салды.

Спартакиадаға Түркістан облыстық мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубының спортшылары қатысып, жүлдегер атанды. Облыс намысын қорғаған сайыпқырандар 3 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль иеленді.

Спорт клубының директоры Абай Ізтілеуұлының айтуынша, өңіріміздің мықтылары саналатын спортшылар дойбы, қол күресі, таеквондо, еркін және дзюдо күресі спорт түрлері бойынша сынға түскен.

Тарқатып айтсақ, Жасұлан Сейілханов қол күресінен, Әліби Қаныбеков дзюдо күресінен, Бақытжан Баданов дойбыдан чемпион атанды. Сондай-ақ Қайыржан Пернеев еркін күрестен, Жасұлан Сейілханов найза лақтырудан, ал Түркістан қаласының тумасы Зарина Мықтыбай дойбыдан күміс жүлдеге лайықты екендігін дәлелдеді. Ал Ихтиер Асроров дзюдо күресінен, Шекербек Жауғашев және Мейірман Пернеев дойбыдан, Эрбул Абдуразаков пен Рысай Бақтыбай таеквондодан қола жүлде алды.

Еске сала кетсек, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы алғашқы спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында спорттың 5 түрінен өтсе, II спартакиада 2018 жылы Ақтөбе қаласында спорттың 10 түрінен өткен болатын.

 

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТҮРКІСТАНДА СПОРТТЫ ДАМЫТУҒА БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ»

Елімізде су спорты түрлерін дамытып, Түркістан қаласында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізу үшін салынған Орта Азияда баламасы жоқ спорттық кешендері бар ескек есу каналы құрылысының екінші кезеңі басталды. Облыс орталығында бой көтерген заманауи спорт нысандарының құрылыс барысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды спорт саласын дамытуға күш салынатынын және бұл бағытта өңірге дарынды спортшыларды тартудың маңыздылығын айтты. Жауапты сала басшыларымен кездесіп, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігіне баса назар аударуды тапсырды.

— Мұндай заманауи спорт кешендері елімізде көп емес. Біз халықаралық ескек есу каналының мүмкіндігін толық пайдаланып, жастарды спортқа баулуымыз керек. Спорт — ел абыройын асқақтату тетігі ғана емес, ол — денсаулық кепілі. Өңірде спорт саласын дамытуға барлық жағдай жасалады, — деді Д. Сатыбалды.

Олимпиадалық орталық сәулеттік көркімен ғана емес, қаланы көгалдандырып, туризмді дамытуға және өңірдің атмосферасын өзгертуге де мүмкіндік береді. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында салынған жоба 100 гектарға жуық алаңда орналаласқан. Ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасына 2 млн. текше метр су жиналды. Су тазартқыш құрылғылар қойылған.

Спорт кешен құрылысының екінші кезеңінде мұнда әкімшілік ғимараты, қонақүй, веложолақ, бассейн, қайық тұрақтары, жазғы кинотеатр, аралды қосатын көпір мен басқа да нысандар бой көтереді. Бұл жерде спортшылар жағажай волейболы мен футболы, ашық судағы жүзу, триатлон, желкенді спорт, ескек есу, каноэ сияқты спорт түрлерінен жаттығу жасайды. Су спорт кешені – ауқымды жоба.

Облыс әкімі қалалық саябақ ішінен салынып жатқан жасанды көлдің құрылыс алаңында болды. Демалыс аумағының жалпы ауданы - 13 га жуық. Келер жылы пайдалануға беріледі. Мұнда 4 ұңғыма арқылы су жиналады. Сан алуан түрі субұрқақтар орнатылып, айналасы абаттандырылады.

Жүйелі түрде дене шынықтырумен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың санын арттыру үшін Түркістан облысында жұмыстар жүргізілуде. Өңір басшысы Түркістанда салынып жатқан «Мұз сарайының» құрылысымен танысты. Әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Мұнда қысқы спорт түрлерінен үйірмелер ашылмақ.

Түркістанда салынып жатқан барлық ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде. Түркістан қаласында сондай-ақ «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт кешені, «Ат спорты кешені» секілді жаңа спорт нысандары ашылады.

 

ШЫМКЕНТ: ЖАЗҒЫ СУРДЛИМПИАДАЛЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН III СПАРТАКИАДАСЫ ӨТУДЕ

Шымкентте жазғы Сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша ҚР III Спартакиада ойындары басталды.

6-10 қыркүйек аралығында Шымкент қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасында  ІІІ Жазғы Сурдлимпиадалық спартакиадасы өтіп жатыр. Төрт жылда бір өтетін бәсекенің салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен, спорттың 11 түрінен 1000-ға жуық спортшы қатысады. Олардың 100-ден астамы Шымкент қаласының спортшылары.

Олар  қол күресі, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, таэквондо, бадминтон, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, футзал және дойбыдан сайысқа түсуде.

Республикалық кешенді спорттық-бұқаралық іс-шараны өткізудегі мақсат – есту қабілеті төмен азаматтарды дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануға тарту, аталған спорт түрлерін кеңінен насихаттау.

Мақсұт Пернебайұлы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне қала әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалатынын атап өтті. С.Ерғалиев аталған спорт түрлеріне жеткілікті қолдау бар екенін айта келе, дене шынықтыру саласына үлес қосқан бірқатар азаматтарды арнайы төс белгімен марапаттады.

Сурлимпиада спортшыларымыз басқа спорт түрлерінен ешқандай шектеліп қалған жоқ. Мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Мемлекетіміз бойынша 10 мыңна астам спортшы осы спорт түрімен айналысады,-деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.

Айта кетсек, Сурдлимпиадалық спорт түрлері Шымкент қаласында қарқынды дамып келеді. Биыл Бразилияның Кашиас-де-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары 28 медаль еншіледі. Оның үшеуі алтын, 7-еуі күміс. Осы әлемдік доданың жүлдегерлері қатарында шымкенттік спортшылар да бар. Еркін күрестен Рысалы Сабыржан күмістен алқа тақса, Пернеш Шадияр 5 орын алып, ел мерейін тасытты.

ТАҒЫ БІР СПОРТШЫМЫЗ АЛТЫННАН АЛҚА ТАҒЫНДЫ!

ТАҒЫ БІР СПОРТШЫМЫЗ АЛТЫННАН АЛҚА ТАҒЫНДЫ!

Түркияның Конье қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарының соңғы күні Қазақстан спортшылары 2 алтын және 4 қола жүлдені жеңіп алды.68 килодан аса салмақта каратэші, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы Софья Берульцева мен кикбокстан 63,5 килода бағын сынаған Берік Ысқақов Ислам ойындарының чемпионы атанды.Сонымен қатар кикбоксшыларымыз Нұрдәулет Қалшора (57 кг) мен Батырхан Қуандық (63,5 кг) пен Шара Хамзина Ислам ойындарының қола медалін иеленді.  Каратэден 61 килода сынға түскен Әсел Қанаева да Исламиаданың қола жүлдегері атанды. Бұл салмақта жеңімпаз өзбек қызы Зулхумор Тұрсыналиева. Екінші орынды түрік Гүлбахар Гезюток иеленді. Екінші қола жүлдені Вафа Манджуб (Тунис) алды.Осылайша Қазақстан құрамасы бұл жолғы Ислам ойындарын 27 алтын, 23 күміс және 39 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бесінші орынмен қорытындылады.Айта кетейік, Софья  карате жаттығуын 6 жасында Шымкентте бастаған. 2016 жылы Джакартада және 2017 жылы Астанада өткен Азия чемпионаттарында 59 келіден астам салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. 2017 жылы Тенерифеде (Испания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. 2018 жылы Мадридте өткен әлем чемпионатында бірінші раундта жеңіліп қалды. 2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды. 2021 жылы 7 тамызда Токиода өткен  жазғы Олимпиада-2020 ойындарында 61 келіден астам салмақ дәрежесінде бақ сынады. Топтық турнирде түрік спортшысы Мельтем Ходжаоглу Акйолмен бастапқы жекпе-жекте тең түсті, содан кейін Сильвия Семерароны (Италия), Ирина Зарецкаяны (Әзірбайжан) және Аюми Уэкусты (Жапония) жеңді. Топта екінші орыннан жартылай финалға шықты, онда ол мысырлық каратэші Ферял Абделазизден жеңіліп, 2020 жылғы Олимпиаданың қола медалін алды.

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНА 24-ШІ АЛТЫНДЫ САЛДЫ!

Түркияның Конье қаласында өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында жерлесіміз Қайсар Алпысбай спорттың каратэ түрінен алтыннан алқа тағынды. Бұл Қазақстан командасының қоржынына түскен 24-ші алтын медаль.  

Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыстың жеңімпазы атанды. Финалда ол Абдулла Шаабанды (Кувейт) жеңді.Сауд Алишер (Сауд Арабиясы) мен Класса Аюб (Алжир) турнирді қола медальмен жарысты аяқтады.Осылайша, Қайсар Қазақстан командасының аталған ойындағы 24-алтынын иеленді. Айта кетелік, Қайсар Алпысбай каратэден Премьер-лига турнирлерінің жеңімпазы.Естеріңізге сала кетейік, шымкенттік спортшы 2021 жылы Ресейдің Мәскеу қаласында өткен каратэден Премьер-лига кезеңінде де топ жарған болатын. Сол кездегі жеңісі туралы ол өз сұхбатында былай айтып еді: "Мәскеудегі турнирге кіл мықтылар жиналды. Мен жарыс барысында төрт жекпе-жек өткіздім. Финалда ресейлік спортшыны 5:0 есебімен, айқын басымдықпен ұттым. Яғни, өз күшіме сендім. Бұл әлем чемпионаты қарсаңындағы ең маңызды турнирлердің бірі. Бапкерлер әлемдік додаға апаратын спортшыларды анықтау үшін осы турнирдің қорытындысын есепке алатыны сөзсіз. Каратэшілер үшін алдағы маусымда ең маңызды екі турнир бар. Бірі әлем чемпионаты, бірі Азия ойындары. Сол додаларға қатысып, ел намысын абыроймен қорғауды көздеп жүрмін. Менің салмағымда ұлттық құраманың үздігі, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов бар. Дарханды үлгі тұтамын, ол мықты спортшы. Токио Олимпиадасында Дарханға үй ішімібен жанкүйер болдық. Каратэ Олимпиада ойындарының бағдарламасына уақытша енгендіктен, салмақ дәрежелерін біріктіріп тастады. Егер Асаділов 60 келідегі спортшымен кездесетін болса, сөзсіз финалға шығып, алтын алар еді. Біз каратэнің Олимпиада бағдарламасынан алынғанына қатты қынжылдық. Кім біледі, мүмкін тағы өзгерістер орын алар", - дейді Қайсар.Бұл жолы да Қайсар өз күшіне сеніп, алтыннан алқа тағынды.

ШЫМКЕНТ: СТЕНД АТУДАН 18 МЕДАЛЬ ҚОРЖЫНДА!

2022 жылдың 28 шілдесінен 8 тамызына аралығында Алматы қаласында өткен (Қазақстан) стенд атудан Х-Азия чемпионаты өз мәресіне жетті.

Шымкент қаласының құрама командасы 18 медаль жеңіп алды, оның ішінде 7 алтын, 6 күміс және 5 қола бар.

31 шілдеден 2 тамызға дейін «трап» жаттығуында спортшылар келесі нәтижелер көрсетті:

Жеке есепте әйелдер арасында САРСЕНКУЛЬ РЫСБЕКОВА қола медальға ие болды.

Жасөспірімдер арасындағы жеке есепте МАКСИМ БЕДАРЕВ күміс медальға ие болды.

Жасөспірімдер арасындағы жеке есепте күміс жүлдені САРМАНОВА НАРГИЗА , қола медальді біздің қазақстандық ПРИЛЕПИНА АНАСТАСИЯ жеңіп алды.

Жасөспірімдер арасындағы командалық есепте спортшылар «трап» жаттығуының чемпионы атанды.

Ересектер арасында «трап\микс» аралас жаттығуында МАРИЯ ДМИТРИЕНКО/ ВИКТОР ХАСЯНОВ күміс медальға ие болды.

Жасөспірімдер арасында «трап\микс» аралас жаттығуында АНАСТАСИЯ ПРИЛЕПИНА \ БОГДАН КОНЧЕНКО алтын медальга қол жеткізді, НИКИТА МОИСЕЕВ \ МАРИЯ МАРТИНКЕВИЧ күміс медаль жеңіп алды.

Әйелдер арасындағы командалық есепте Қазақстан құрамасы қола медальға ие болды, құрамында біздің спортшылар МАРИЯ ДМИТРИЕНКО мен САРСЕНКУЛЬ РЫСБЕКОВА.

Жасөспірімдер арасындағы командалық есепте Қазақстан құрамасы алтын медаль иеленді, құрамында МАКСИМ БЕДАРЕВ / ДАНИИЛ ПОЧИВАЛОВ.

3-7 тамыз аралығында «skeet» жаттығуында спортшылар келесі нәтижелер көрсетті:

Әйелдер арасында жеке есепте алтын медальді ЗОЯ КРАВЧЕНКО жеңіп алды.

Жасөспірімдер арасындағы жеке есепте күміс жүлдені НАТАЛЬЯ ПЛАТОНОВА , қола медальді AМАЛИЯ КУДРЯВЦЕВА жеңіп алды.

Әйелдер арасындағы командалық есепте Қазақстан құрамасы алтын медаль алды, құрамында спортшымыз ЗОЯ КРАВЧЕНКО.

Командалық есепте ерлер арасында қола медальға ие болдық, команда құрамында ДАВИД ПОЧИВАЛОВ.

Жасөспірімдер арасындағы командалық есепте алтын медаль иеленді, құрамында АМАЛИЯ КУДРЯВЦЕВА/ НАТАЛЬЯ ПЛАТОНОВА.

Жасөспірімдер арасындағы командалық есепте спортшылар чемпион атанды, команда құрамында АСАДИ РАХИМ.

Жасөспірімдер арасындағы «skeet\mix» аралас жаттығуында күміс жүлдегерлері атанды, құрамында АСАДИ РАХИМ.

Естеріңізге сала кетейік, жарысқа Әзірбайжан, Катар, Кувейт, Иран, Пәкістан, Қытай, Тайбэй, Сауд Арабиясы Корольдігі, Тайланд, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Өзбекстан, Қазақстан сияқты азиялық контингенттен әлемнің 300-ден астам мықты спортшылары қатысты.

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА СПОРТ МЕКТЕБІ БОЙ КӨТЕРМЕК

Шымкент қаласы Бозарық-3 шағынауданындағы Шымкент қаласының ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің жанынан қосымша тағы спорт мектебі салынуда. Қала әкімі М.Әйтенов бүгін аталмыш ғимараттың құрылыс алаңында болды.

Аумағы - 0,3200 га. Жобаға сәйкес - нысанда бір ауысымда 10-нан 23 жас аралығындағы 100 оқушы жаттыға алады. Бірінші қабатта - ауыр атлетика залы (олимпиадалық штанга 190кг. 180 кг., тренажерлер), киім ауыстыру бөлмелері, жуынатын бөлмелер (ерлер - 64 орын, әйелдер - 36 орын), тренерлер бөлмесі, 16 орынға арналған асхана, медпункт, жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері болады. Ал, екінші қабатта - әмбебап спортзал (күрес, греко-рим күресі кілемдері, дзюдо татамиі, бокс рингі), жұмысшылар мен қызметшілер бөлмелері, жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған.

Құрылыс жұмыстары 2023 жылы ақталады.

Айта кетейік, Шымкент қаласының құрылыс басқармасы 2022 жылы бюджет есебінен бөлінген 56,8 млрд. теңгеге 90 нысанның құрылысын жүргізуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, Инженерлік инфрақұрылым бойынша Тұран шағын ауданында 5 жоба, Бозарық шағын ауданында 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жанаталап тұрғын алабында 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.