БИЫЛ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДАН ШЫМКЕНТТІК 9 ОҚУШЫ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН АЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаламыздың білім деңгейін халықаралық додаларда көрсетіп жүрген оқушылардың және олардың жетекшілерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз мәжілісінде қалалық «Дарын» орталығының директоры Раушан Омарханқызы Джеренова қаламыздағы білім беру мекемелерінен дарынды оқушыларымызға көптеген мүмкіндіктер бар екендігін айтты. Жыл сайын қаламызда түрлі пәндік, ғылыми және зияткерлік конкурстар, халықаралық олимпиадаларға 70000-нан астам оқушы қатысуда. Пәндік олимпиадалар 4 кезеңнен тұрады. Мектепшілік, аудандық, қалалық және республикалық кезең. Пәндік олимпиадалар жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өтеді.
Раушан Омарханқызының айтуынша, дарынды балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіру өте маңызды. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес Шымкент қаласының олимпиадалық командасы халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ең үздік олимпиадалық командасы болып танылған. Бұл қаланың басты жетістігі мен мақтанышы. Биыл республиканың құрама командасының қоржынына Шымкент қаласының 9 оқушысы 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль салды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дарынды балаларды қолдау мақсатында биыл алғаш рет халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар беріледі. Алтын медаль алған оқушыға 1500 АЕК, күміс медальға 1000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Мектеп оқушыларын жарысқа дайындаған ұстаздарға да біржолғы сыйақы беріледі.
«Басқа елдердің оқушыларымен бәсекелесу өте қызықты, маған математикадан есептерді шешу өте ұнайды, өйткені оларды әртүрлі елдердің үздік жетекшілері құрастырады. Әдетте, барлық тапсырмалар күрделігіне қарай тәртіппен жүреді. Үшінші категорияны шешу ең қызықты, олар креативті болады. Олимпиадаларда мен жауапкершілікті сезінемін, өйткені мен өз елімді, Қазақстанды таныстырамын», - деді 2023 жылы Белград қаласында өткен Еуропалық ЕgeO олимпиадасының күміс медаль иегері Серікбай Қанат Асхатұлы.

ШЫМКЕНТ: ЖАСТАР БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША АРЕНДАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙГЕ ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы тұрғын ұй басқармасы басшысының орынбасары Сарғалдақов Нұржан Қыдырбайұлы мәлімдеді.
«Шымкент қаласы бойынша 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар бағдарламасына өтінімдер қабылдау 2023 жылдың 8 қараша күні сағат 09-00 ден бастап 10 қараша күні сағат 19-00 аралығында жүргізіледі»,- деген спикер конкурстың талаптарымен таныстырып өтті.
Қатысушыларға қойылатын басты талаптар:
- жасы 35 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс;
- өтінім берушінің соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі;
- Өтініш берушінің Шымкент қаласында соңғы 3 жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар, өтініш берушінің отбасы мүшелерінің осы елді мекенде тұрақты тіркелуі;
- өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК (138 000 теңгеден) асуы шарт.
Жұмыс істейтін жастар бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:
Ø білімі туралы құжаттың көшірмесі;
Ø жұмыс орнынан анықтама;
Ø өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
Ø Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын заң жүзінде көрсетілген құжаттар (еңбек кітапшасы, аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер);
Ø банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;
Ø өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (бар болса).
Ø жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме (соңғы 6 ай үшін);
Ø жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың бүкіл кезеңі үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы хабарлама (куәлік);
Ø жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жеке кәсіпкер ретіндегі қызметтің соңғы жылындағы кірістер бойынша салық декларациясы;
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы ) арқылы өтініш бере алады.

 

Түркістан: биыл Шардарада 60 мың гектар жерге дәнді дақыл егілген

Түркістан облысындағы барлық аудан, қалалардың өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары қаралатын жаңа форматтағы кездесулер Шардара ауданында өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен актив отырысында ауданның қордаланған проблемалары ортаға салынды. Бұл жиналыс бойынша қорытынды шығарылып, нәтижесі бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылады.

ШЫМКЕНТ: ЕРЕКШЕ БАЛА ТӘРБИЕЛЕП ОТЫРҒАН АНАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Шымкентте бір топ ерекше күтімді қажет ететін жандардың анасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қаладағы өкілі Нұржан Әбдезов пен «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалы төрайымы Баян Жандосоваға алғыс айтты. Мерейлі кездесу «Рахмет саған анашым» мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының қоғамдық бірлестігінде ұйымдастырылды.
Осы жылдың 5 қыркүйегінде қоғамдық бірлестіктегі бір топ ана Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ауыр жағдайдағы балаларды ІІ топ мүгедектігінен І топқа өткізе алмай жатқанын жеткізген. Көп ұзамай, яғни 15 қыркүйекте Н.Әбдезов өтініш жасаған ата-аналарды, қалалық әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының өкілдерін, психикалық денсаулық орталығының бас дәрігерін, Еңбек және әлеметтік қорғау департаменті қалалық филиалының өкілдерін шақырып, мәселені шешудың заңды жолын қарастырыпты.
–Өкілдікке «Рахмет саған анашым» ҚБ-де балалары тәрбиеленіп жатқан 10 ана арызданған болатын. Бүгінгі күні 5 ананың мәселесі мемлекеттік мекемелердің мамандарымен бірлесе заңдылығы қаралып, шешімін тапты. Бір баланың мүгедектігін ауыстыру үшін жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Егер денсаулық жағдайында өзгеріс болмаса, ары қарай қажетті жұмыстар атқарылмақ. Қалған төрт ананың өтініші денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс ретінде жолданды, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әлібекұлы.
Осы жылдың 9 айында өкілдікке азаматтар тарапынан 134 арыз-шағым түсіп, оның 29-ы оң шешімін тапқан, ал қалғаны алдын ала тергеу амалдары мен сот үкімдері мен шешімдеріне байланысты болғасын кері қайтарылыпты. Мұны уәкіл «Өкілдік тергеу ісіне араласа алмайды. Соттың үкімдері мен шешімдерін тек сот төрелігі ғана өзгертеді», деп түсіндірді.

Түркістан облысы: Шардарада жүгері өңдеу зауытының құрылысы басталды

Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу жобасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен қолға алынды. Өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласына жұмыс сапарында жергілікті инвесторлармен кездескен өңір басшысы бірқатар жаңа жоба ұсынған болатын. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынатын Крахмал өңдеу зауыты. Жүгері дақылын терең өңдейтін зауытта 500 - ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

ШЫМКЕНТТЕ «ҚАЗАҚТЫ САНСЫРАТҚАН ҚАНДЫ ҚАСАП» ШАРАСЫ ӨТТІ

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасының 300 жылдығына арналған «Қазақты сансыратқан қанды қасап» атты іс-шара өтті.

Тағылымды басқосуда тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері ұлт басына түскен трагедияның жай-жапсарын әңгімелеп, одан қандай сабақ алуымыз керектігі жайлы тұшымды пікірлерін айтты.

Басқосуды Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының аға оқытушысы, тарихшы Қабыл Алғабек, М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы Қасымбек Ғалым және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Ақбөпе Ермұханқызы қатысып, өз ойларын ортаға салды.

–Ата-бабаларымыз өздерінің көшпелі өмір салтына байланысты жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында бір-бірінен алшақ отыруға тырысқан. Әр рудың қыстауы бір-бірінен алыс орналасқандықтан олардың арасында қыс мезгілінде көп байланыс бола бермеген. Мұны жақсы білген жау қазақтарға қарсы жорықтарын үнемі қыстың соңғы айларында бастаған, сонда халқымыздың бас қосып, бірігіп, қуатты әскер шығара алмайтынын білген.

Оның үстіне Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін орталықтандырылған хандық билік әлсіреп, әр жүздің өз ханы сайлана бастаған. Бұл да ел мен жерді қорғайтын тұтас, қуатты әскердің құралуына кедергі болған. Міне, осындай тарихи алғышарттар қазақ халқының жоңғар басқыншыларынан ойсырай жеңілуіне әкеп соқтырған, – дейді Қабыл Алғабек.

Оның айтуынша, арадан үш жыл өткенде үш жүздің басы қосылып, Ордабасы құрылтайын өткізген соң ғана қазақ әскері ұлы жеңістерге жетіп, ата қонысын азат етті.

–Мемлекеттің ең басты функциясы – халықтың амандығы мен жердің тұтастығын ішкі дау мен сыртқы даудан қорғау. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда ұлттық қауіпсіздікті сақтау. Ең жоғары дәрежедегі ұйымдастырушы аппаратымыз – тәуелсіз, дербес әрі қуатты мемлекетіміз болмаса, жеріміздің тұтастығын да, халқымыздың амандығын да қорғай алмаймыз. Демек, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты тарихи оқиғадан алатын сабағымыз мынадай: қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің қадірін біліп, әрбіріміз ұлттық бірлікті нығайтуға күш салуымыз керек. Әйтпесе, еліміздің бірлігі әлсіреп, берекесі кеткен жағдайда тарихтағы қасіретті жағдайлардың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді Қ.Алғабек.

Иә, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген сөз ешқашан өміршеңдігін жоймақ емес. Бабаларымыздың алауыздығы халқымыздың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болуына әкеп соқты. Бірақ, ел басына күн туған сол қиын-қыстау сәтте қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырлары қайта бас қосып, бірлігін қалпына келтірді. Сол бірліктің арқасында қазақ ұлты халықтың сипаты мен мемлекеттілігін сақтап қалды. Сонда үш ғасыр бұрынғы тарихи оқиғадан алатын сабағымыз біреу ғана: ел бірлігі бәрінен қымбат. 

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР

Шымкент қаласында қазіргі таңда 381 796 жас бар. Бұл қала тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова шаһарда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы жайында баяндады.

Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Қаланың әр аумағындағы жастарды сүйемелдеу үшін 4 ауданда жастарға арналған орталық ашылған. Мөлдір Тұрсынбекқызының айтуынша, 2024 жылы жаңадан құрылған Тұран ауданында да Жастар ресурстық орталығын ашу жоспарланып отыр.

Бүгінде аудандық орталықтардың жұмысы 5 бағытқа негізделген. Олар – жастарға қызмет көрсету, дарынды жастардың шығармашылығын қолдау, коворкинг орталығы, шағын кітапхана және психологиялық кеңес беру бағыттары. Осылардың шеңберіндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін биыл жылдық жоспар бекітіліп, 360 мыңға жуық жасты қамту көзделген.

– Ең алдымен сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 625 іс-шара ұйымдастырылып, 99 мыңға жуық жас қамтылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухта тәрбие беруде «25 қазан – Республика күнін» орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысы ұйымдастырылды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты. Ал, қала мектептеріндегі спорт залдар мен спорттық алаңшалар базасын тиімді пайдалану, жаппай саламатты өмір салтын насихаттау бойынша 352 іс-шара өткізіліп, оған 34 498 жас қатысты. Сонымен қатар, биыл 8 200 жұмыссыз жасты тұрақты жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.

NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу үшін жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталған екен. Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған мобильді топ «Жастар практикасы», «Ақылы қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша қала базарларында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

Бүгінде жастар арасында ең өзекті мәселе – нашақорлық пен лудомания. Жастар ресурстық орталығы Шымкент қаласы Полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасы мамандарымен бірлесе есірткі жарнамасының алдын алу мақсатында «STOP: Есірткіге жол жоқ» акциясын қолға алып, сауда нүктелерінде, саябақтарда түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында нашақорлықтың зияны туралы кездесулер өткізіліп, оған 3600-ге жуық жас қамтылған.

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 20 КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қаласында 2023-2027 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 275 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Бұл жобалардың орындалуы жаңадан 32 мыңнан астам жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев мәлімдеді.

–Биыл құны 128 млрд. теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 108 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда аталған жобалардың ішінде жалпы құны 40 млрд. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 1 183 жаңа жұмыс орны пайда болды. Қала экономикасына инвестиция тарту кезінде, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласына ерекше назар аударып отырмыз. Бұл секторда 2027 жылға дейін жалпы құны 401,5 млрд теңгені құрайтын 103 инвестициялық жоба іске асады. Аталған кәсіпорындарда 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Соның ішінде биыл жалпы құны 14,4 млрд теңгеге 14 инвестициялық жобаны іске асырып, 605 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Қазірдің өзінде өңдеу өнеркәсібі саласында 3 инвестициялық жоба іске асырылып үлгерді, – дейді Біржан Қанатұлы.

Биыл іске асырылған жобалардың арасында «Shymkent Temir» ЖШС-інің болат блюм өндірісін кеңейту жобасы назар аударуға тұрарлық. Компания өндірістік қуатты арттыру үшін 5 млрд. теңге инвестиця салды. Нәтижесінде 250 жұмыс орны құрылған. Ал, «NURTAU DISTRIBUTION COMPANY» ЖШС-і дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын шығаратын зауыт ашты. Зауытты салуға, оның ішкі инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге және өндірістік қондырғыларды орнатуға 4,9 млрд. теңге инвестиция құйылған. Бұған дейін мұндай өнімдер негізінен шет мемлекеттерден импортталып келген болса, ендігі жерде 40 адам жұмыс істейтін жаңа зауыт жергілікті нарықты дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабынмен қамтамасыз ете бастады.

Сонымен қатар биыл «Unitex VOSTOK» компаниясы 350 млн. теңге инвестиция сала отырып, жиһаз фабрикасын ашса, ал, «ЭКО-ФАРМ» ЖШС-і медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдарын, оның ішінде әртүрлі модификациядағы бір реттік маскаларды, қорғаныс киімдерін, обаға қарсы жиынтықтарды шығаратын зауыт салды. Бұл кәсіпорынды ашуға компания 555 млн. теңге инвестиция салған. Жаңадан ашылған зауытта қазір 40 адам еңбек етіп жатыр.

Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Шымкент қаласына 434,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,9 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін қала экономикасына 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Демек, бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады деген сөз.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ КЕЗЕКТІ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫН ӨТКІЗДІ

 

Бүгін Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің әкімдік ғимаратында кезекті бірыңғай қабылдау күні өтті. Қала басшысының тікелей қабылдауына алдын ала 50 азамат жазылды.

Қала әкімі жеке қабылдауға жазылған әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, қала басшысы бұқараның өтініш-тілектерінің ешбірі ескерусіз қалмайтынын айтып, бәрі заң аясында шешілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері, департамент пен басқарма басшылары тұрғындардың арыз-шағымына назар аударып, тиімді шешу жолдарын айтты. Ал күрделі әрі шешімін табу үшін ұзақ мерзімді қажет ететін мәселелер әкім орынбасарларының бақылауында болатынын түсіндірді.

Кезекті бірыңғай қабылдау күнінде баспанамен қамту, жер телімін бөлу және әлеуметтік мәселелер көп көтерілді. Жалпы, 300-ге жуық азаматтың өтініш-тілегі тыңдалды.

 Айта кетейік, қала әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Шымкент қаласы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.

Түркістан: жосықсыз мердігерлерге шара қабылданатын болады

Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжілісі өтті. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу жұмыстарының барысы және өзекті мәселелері және проблемалық құрылыс нысандарының жай-күйі талқыланды.