Дүйсенбі, 23 Қазан 2023 14:30

Түркістан: жосықсыз мердігерлерге шара қабылданатын болады

Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжілісі өтті. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу жұмыстарының барысы және өзекті мәселелері және проблемалық құрылыс нысандарының жай-күйі талқыланды.

Облыс әкімі бұл бағыттарда немқұрайдылыққа жол берген басшыларды сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды. Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің баяндауынша, бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған 7 мектептің құрылысы араға уақыт салып, қайта жанданбақ.

Қазығұрт, Отырар және Ордабасы аудандарында орналасқан білім ұялары мердігерлер тарапынан тоқтаған. Бағаны көтерілуі мен пандемия салдарын алға тартқандардың істері сотта қаралып жатыр. Бірқатары бойынша шешім шығып, құрылыстың конкурсы қайтадан өткізіле бастады. Әртүрлі себептермен үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Іс сотта қаралуда. Құрылысты созғандар жосықсыз мердігерлер тізіміне енеді. Орта мектептердің құрылыс компанияларын мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізу және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талаптары сотта қанағаттандырылды.

– Жосықсыз мердігерлерге шара қабылдау қажет. Маңызды әлеуметтік нысанның құрылысын осыншама уақытқа созу – нағыз қылмыс. Әр істің артында қаншама халық тұрғанын ойлау керек. Қолдан келмей ме, кіріспесін. Жауапты істі мойнына алған соң сапалы және уақтылы орындау - басты назарда болу керек. Жосықсыз мердігерлермен жұмыс істеуді тоқтату керек. Қалғандарына сабақ болсын. Әрбір әлеуметтік нысанның құрылысына халықтың қаржысы жұмсалады. Оның сұрауы бар, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жүргізілген талдау нәтижесінде жұмысы аяқтаусыз қалған нысандар анықталған. Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Қайрат Елибаевтың баяндауынша, мемлекеттік сатып алудың барлық принциптерін, оның ішінде адал бәсекелестік, ашықтық пен бюджет қаражатының оңтайлы және тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда.

Жұмысты қайта жандандыру мақсатында заң тұрғысында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Сатып алу мониторингі қызметін күшейту үшін басқармаларға, аудан, қалаларға тыңдалым өткізу, тапсырыс берушілер жұмысын үйлестіру, есеп беру деректерін тексеру жүргізіледі. Жаңа бағдарламалардың жұмыс істеуін түсіндіру бойынша семинарлар өткізу жоспарланған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылысы тоқтап тұрған білім ұяларының мәселелері қатаң бақылауда. Жосықсыз мердігерлер тізімі жасақталды.Бүгінгі күнге 2023 жылға өтпелі 33 мектептің 17-сі бойынша мердігер компаниялары тарапынан 2017, 2018, 2019 жылы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта түзетуден өткізу туралы өтініштері келіп түсуде. Жобалық-сметалық құжаттамалардағы бағаны 2023 жылғы бағамен салыстырғанда 2017 жылғы жобалар 130 пайызға, 2018 жылғы жобалар 80 пайызға, 2019 жылғы жобалар 50 пайызға өскені анықталуда.

Мысал ретінде айтатын болсақ, 2021 жылғы маусым айында болған барлық материалдардың қымбаттау дерегіне дейін 8 мектеп құрылысы басталып кеткен, 4 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімдері жүргізіліп жатқан кезде материалдар қымбаттаған, ал қалған 5 мектептің құрылысының ЖСҚ-сы 2019 жылы әзірленген. Бұл 5 мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы рәсімдері 2022 жылы өткізіліп, келісімшарт сол жылы түзілген.

Бүгінгі таңда проблемалық 17 мектептің 3-еуі (Қазығұрт ауданында 100 орындық мектеп, Отырар ауданында 100 орындық мектеп, Ордабасы ауданында 300 орындық мектеп) бойынша келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты мердігер мекемелерімен келісімшарт бұзылып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген.

Бұдан бөлек, Ордабасы ауданындағы 600 орындық және 300 орындық, Мақтаарал ауданындағы 200 орындық 2 мектептің мердігер мекемелері тарапынан келісімшарт талаптары сақталмауына байланысты оларды келісімшартты бұзу және мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа берілген. Қалған 10 мектеп бойынша алдағы уақытта құрылыс жұмыстары бәсеңдеген немесе келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда заң аясында келісімшартқа сәйкес шара қолданылатын болады.

Проблемалық мектептердің мәселесін шешу мақсатында келісімшарт талаптарын сақтамай өз міндеттемелерін орындамағаны үшін келісімшарты бұзылған мектеп құрылыстарының ЖСҚ-лары қайта түзетуден өткізіледі. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін мемлекеттік сатып алу порталына жарияланып, конкурс нәтижесінде анықталған жаңа мердігер мекемелермен келісімшарт түзіледі. Мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтау қажеттігі жөнінде міндет жүктеледі.

Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Түркістан облысынан 63 мектеп енгізіліп, бекітілді. Өңір басшысы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.

– Бюджетке енгізіліп, жобалық-сметалық құжаты әзірленген әрбір нысан уақтылы әрі сапалы салынуы тиіс. Жауапты басқарма басшыларына өңірдегі құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды зерделеп, қадағалауды тапсырамын. Әсіресе бүгін талқыланып отырған білім ұяларының құрылысын қатаң қадағалау керек. Бұл ретте аудан, қала әкімдері өз аймақтарыңыздағы нысандардың құрылысын тиісті басқармалармен бірге күнделікті бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, сәулетке жауапты басқарма өңірдегі мектеп ғимараттарын салуда бір үлгіні ұсынсын. Қыруар қаржыға салынған кейбір нысандардың сәулеті талапқа сай емес. Үшіншіден, тапсырысты алып, жұмысты бастамаған немесе сапасыз атқарған мердігерлер тізімі әзірленіп, жосықсыз мердігерлер қатарына енгізілуі тиіс. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша да жер телімдері мен құжаттарын жедел әзірлеу қажет. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскісіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады. Д.Амангелдіұлы аталған нысандарға қажетті жерді, инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа айындықты бастау жөнінде тапсырма берді.

Осы тұста тағы бір айта кететін мәселе, осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Кентау орталық қалалық ауруханасының бір корпусында басталған күрделі жөндеу жұмыстары бүгінгі таңға дейін толық бітпей отыр. Жөндеу жұмыстары жалғасуда. Таяуда Кентау қаласына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды орталық қалалық ауруханасының жұмысымен танысты. Белгілі болғандай, тапсырыс беруші жауапты мердігерді 2 рет сотқа беріп, соңғы рет медиациялық жолмен қарап, 2022 жылдың 15 желтоқсанына дейін күрделі жөндеу жұмысын аяқтау жүктелген. Қазіргі таңда жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі жауапты басшыларға жүктелген міндетін орын алмай отырған жосықсыз мердігерлермен келісімшартты, жұмысты тоқтатуды тапсырды.

– Маңызды әлеуметтік нысанның жөндеу жұмысын осыншама уақытқа созу ақылға сыймайды. Жауапты мойнына алған соң сапалы және уақтылы орындауын басты назарда ұстау керек емес пе? Жосықсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатып, жауапкершілікке тарту қажет. Әрбір әлеуметтік нысанның құрылысына халықтың қаржысы жұмсалады. Оның сұрауы бар. Бұл талап барлық мердігерлерге қатысты. Сапа мен белгіленген кестенің сақталуы қатаң бақылауда болуы керек. Бюджеттен тиісті қаражатты алып, жауапкершілік алған мердігер елдің аманатына адалдық танытқаны дұрыс, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Ауруханада жұқпалы аурулар, босану, балалар бөлімі, инсульт орталығы, терапия, сынық-сырқат бөлімі, жансақтау, хирургия, күндізгі бөлім, паллиативті көмек көрсету, реабилитация бөлімдері және зертхана бар. Мекемеде 533 медицина қызметкері жұмыс істейді.Кентау орталық қалалық ауруханасының Б корпусының тозығы жетуіне байланысты жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. ЖСҚ толық әзірленген соң күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылға жоспарланған. Емдеу мекемесіндегі рентген құрылғысының ескіріп, пайдалану мерзімі өтуіне байланысты жаңадан рентген құрылғысын биыл алу көзделіп отыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 125 рет