Сенбі, 25 Мамыр 2024 19:56

Сауран аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен діни экстремизмнің алдын-алу жөнінде кездесу өтті

Сауран аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен «Діни экстремизмнің алдын-алу» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Құлымбетов, Түркістан облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ бөлім басшысы, теолог Ж.Жорабек және қызметкерлері қатысты.

Жиында Түркістан облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ бөлім басшысы, теолог Ж. Жорабек діни экстремизмнің алдын-алу, олардан сақтандыру жолдары және мемлекеттік саясатты жүргізу барысында ешкім діні бойынша ерекшелікке ұрынбайтындығын, артықшылық алмауы тиіс екендігі түсіндірілді. Әлеуметтік желілердегі түрлі діни уағыздаушыларды тыңдауда абай болу керектігі, арнайы сараптамадан өткен уағызшылардың ғана уағызын тыңдау қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі 8-бабының тармақшасына сәйкес: Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста: әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс (Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы түсіндірілді).

Діни экстремизм мен терроризмнің таралуының өсіп келе жатқан сын-қатерлері халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырады. Діни экстремизм кең таралған әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде қоғам өмірінің әр саласына өзінің кері әсерін тигізуімен ерекшеленеді. Радикалды идеялардың дамуының жаңа кезеңінің бастауы экстремистік топтардың үгіт-насихат жұмыстарының киберкеңістікке ауысу үдерісі болып табылады.

ХХІ ғасырдың басында дүниежүзілік интернет желісі экстремистік және террористік ұйымдардың ақпараттық қызметінің негізгі алаңына айналды. Бұл құбылыс ақпаратты онлайн таратудың тиімділігі мен ыңғайлылығына, географиялық шоғырлануына қарамастан ауқымды аудиторияны (интернет желісін пайдаланушылардың жалпы саны – 4,54 млрд, Қазақстан аумағында – 20 млн) қамту мүмкіндігіне байланысты.

Экстремистік топтар тарапынан жаңа жақтастарды қатарына тарту үшін барлық қол жетімді мүмкіндіктер қолданылады: әлеуметтік желілер, тақырыптық форумдар, мессенджерлер, онлайн ойындар және т.б. Жарияланатын ақпарат белгілі бір мақсатты аудитория (жабық чаттар және әлеуметтік желілердегі топтар), сондай-ақ пайдаланушылардың кең ауқымы үшін дайындалады. Онлайн кеңістігіне көшуге байланысты экстремистік мазмұндағы ақпараттық-насихаттық материалдардың жарияланатын контентінің сапасы мен санының артуы байқалады.

Экстремистік ұйымдардың негізгі мақсатты аудиториясы әлеуметтік, саяси, экономикалық және басқа факторлардың әсерінен берік идеологиялық көзқарасы қалыптаспаған жастар санаты (18-29 жас аралығында) болып табылады. Жастардың интернет арқылы радикалдануы жаһандық үдеріс, оның аясында әлеуметтік желілер зорлық-зомбылықты насихаттаудың, радикалды идеялардың таралуының стратегиялық құралы ретінде қолданылады. Әлеуметтік желілер мен SMM жарнамалық құралдарын пайдалану арқылы халықаралық террористік ұйымдардың көшбасшылары өз аудиториясының негізгі қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес материалдар дайындайды (жоғары сапалы аудио-бейне контент, мемдер, комикстер, суреттер, өлеңдер және т.б.).

Бұл сын-қатерлер мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдастық тарапынан жүйелі шешімдердің қабылдануын талап етеді. Жаңа технологиялардың даму ғасыры жастар арасында онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алудың тиімді тетігін құру қажеттілігін айқындады.

Бүгінгі таңда әлемде онлайн кеңістікті пайдалана отырып, діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудың түрлі әдістері қолданылуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы (ЮНЕСКО) және Женева қауіпсіздік саясаты орталығының зерттеулері бойынша бұл әдістер екі негізгі санатқа бөлінеді: қарсы насихат және медиа-ақпараттық сауаттылық.

Қарсы насихат әдісі интернет желісінде экстремистік ақпаратты әшкерелейтін бағдарламаларды (openyoureyes.net, islamagainstextremism.com) құруға негізделген. Сонымен қатар, «Redirectmethod.org» бастамасы желі қолданушыларын «Adwords» таргет құралдары арқылы экстремистік материалдарға қарсы бағытталған YouTube бейнелеріне (деректі фильмдер, діни мәселелер бойынша сұрақ-жауап, пікірталастар) бағыттайды. Бұл әдіс қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен іске асырылуда.

Медиа-ақпараттық сауаттылық әдісі жастар арасында діни экстремизм идеяларының алдын алу, сыни ойлау дағдыларын дамыту мақсатында құрылған бағдарламалар жиынтығы (NETMED, MIL CLICKS, Mind over Media, YouTube Creators for Change) болып табылады. Медиа-ақпараттық сауаттылық негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында мобильді ойындар мен қосымшаларды құрастыру бойынша «PEACEapp» атты халықаралық байқауды ұйымдастырады. Атқарылатын іс-шаралар жастардың интернет желісінде экстремистік материалдарды тануға және оларға қарсы тұруға бағытталады.

Қазақстан Республикасы ұжымдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың кең спектрін өткізуде.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бойынша қарсы насихат және ақпараттық-түсіндіру әдістері қолданылады. Қарсы насихат жұмысы әлеуметтік желілерде жергілікті Дін істері басқармалары мен Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының тарапынан жүргізіледі. Танымал әлеуметтік желілерге дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша аудио-бейнематериалдар, сұрақ-жауап, діни мамандар мен сарапшылардың дәрістері, пікірлері орналастырылады. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды анықтау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет-ресурстарға, оның ішінде әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Діни экстремизм мен терроризм қаупі туралы хабардар болу, дін саласындағы мәселелерді неғұрлым терең түсіну, экстремистік нарративтерге қарсы тұру, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу тәсілдерін енгізу кезінде ескеріледі. Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның және мемлекеттің жауапкершілігі шеңберінде қарастырылады. Азаматтық қауымдастықтың мемлекеттік органдармен бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.

Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады. Жалпы діни экстремизмнің қалай алдын аламыз?

«Біріншіден, теріс діни ағымның, секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында «Дінтану» сабағымен қоса, дінтану және тарих пәндерінің мұғалімдері ашық сабақ және тәрбие сағаттарында, қауіпсіздік сабақтарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп, түсіндіріп отырулары керек.

Екіншіден, қауіпті діни әдебиетке тыйым болмай, діни экстремизмнің алдын алу мүмкін емес. Сондықтан базарларда, құлшылық орындарында, жер асты өткелдерінде заңсыз сатылып жатқан теріс діни әдебиеттерге құзырлы орган тарапынан тыйым салынуы қажет.Өйткені қарапайым халық діни әдебиеттердің ақ қарасын ажырата алмауы мүмкін. Егерде сатылған теріс діни әдебиет тұтынушының қолына тисе санасын теріс бағытқа улауы әбден мүмкін. 

Үшіншіден, шетелдерге діни білім алуға жастардың көбі өз бетімен барады. Олар ресми органдарда тіркелмегендіктен, нақты қайда оқығанын да білмейсіз. Соның салдарынан шетелдегі деструктивті діни ағымдардың идеологиясы бізге «экспортталып» жатыр. Сондықтан шетелде діни білім алуда белгілі бір шаралар қабылдау – заман талабы. Шетелде заңсыз құжыраларда оқып келіп, елдің арасына іріткі салып жүрген жастарымыз да жоқ емес.

Төртіншіден, қазіргі таңда кітап оқитын жастар саусақпен санарлық. Өзіне қажетті барлық мәліметті интернеттен іздеп, оңай қол жеткізе алады. Сонымен қатар, діни сауатын да интернеттен алады. Діни сауатты интернеттен аламын деп, елімізде және шетелден ашылған экстремистік сайттардың құрығына байқаусызда түсіп қалып жатады. Сондықтан елімізден және шетелден ашылған экстремистік сайттарды күнделікті құзырлы орган тарапынан бұғатталып отыруы қажет.

Бесіншіден, діни экстремизм мен терроризм қылмысымен айыпталушылардың жазасын ауырлату, діни лаңкестіктің алдын алудың бірі болып саналады. 2011 жылдары орын алған лаңкестік оқиғалардың қайталану себебі — қылмыс жазасының жеңіл болуында.Халықтың арасына үрей туғызып, халықтың өміріне қауіп-қатер төндіретін лаңкестіктің алдын-алу үшін қылмыскердің жазасын қандай деңгейде болуын қарастыру демократиялық құндылықтарға қайшы келмейді. Десе де, террорлық қылмысқа ауыр жаза қолдану қылмыскерлерге тән азабын шектіру емес, қоғам үшін діни экстремизм мен терроризмнің жат екендігін бойға сіңіру және басқаларға сабақ болу мақсатында іске асырылуы тиіс.

Қорыта келе, мәңгілік ел боламыз десек «Мәңгілік ел» идеясын іске асырып, қуатты мемлекетке айналу үшін, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрбір қауіпсіздік шараларын дер кезінде алдын алғанымыз жөн» - дейді дінтанушы Бектұрсын Омарбаев.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында экстремизмге мынадай анықтама берілген:

- жеке және (немесе) заңды тұлғаның, белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдар атынан жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;

- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлiнбестігiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралым құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);

- нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);

- дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы.

         Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм, терроризм деген ұғым да, түсінік те жоқ. Бұлар ислам дінінің өзегімен мүлдем сәйкеспейді. Мысалы, ислам дегеннің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді. Исламның басты мақсаты-әлемдегі адамзат арасында бейбітшіліктің болуына негізделген. Сондықтан, экстремист, террорист деп аталатын топтардан басқа мүдделер мен себептерді  іздеу керек. Олардың саяси, экономикалық, әскери т.б. мақсаттарына зер салып тексеру қажет. Тағы бір мәселе, «Исламдық террористер» деген тіркеуді қосатындардың пиғылы бөтен екендігін де білгеніміз жөн. Егер олардың мақсаты терроризмді, экстремизмді қаралау болса, онда тек террористерді немесе экстремистерді айыптар еді. Алайда олардың білместіктен немесе әдейі белгілі бір мүдде үшін исламға тіл тигізіп жатқандықтарына куәгер боламыз. Террорист ұйымның мүшесі кез-келген бір мұсылман мемлекетінің азаматы болуы мүмкін. Осы тұсты пайдаланып, кейбір ақпараттар дереу «мұсылман террористер» деп айыптауға көшеді. Өзге діндегі террорист топтар туралы болғанда, олардың дініне тіл тигізбей, басшысының аты, шыққан жері немесе саяси көзқарасы туралы ғана айтылады. Мысалы, Испаниядағы «ЭТА-БАСК» тобы туралы ешқашан «Христиан террорист Баск тобы» деп айтылмайды. Солтүстік Ирландиядағы «ИРА» ұйымы туралы «Католик христиан террористік ұйымы ИРА» деп ешкім айтқан емес. Токио метросында улы газ шашып көптеген адамдардың өлуіне себеп болған Жапон буддист «Аум Синрике» сектасы туралы «Буддист террористер» деген сөзді қолданыста да кездестірмейсіз. Біреулер үшін террор – саяси және жеке мәселелерді шешудің әдісі болса, ал тағы біреулер үшін – ұлы апат. Сондықтан, мұның негізінде белгілі бір дінді жағымсыз етіп көрсету секілді көзқарастарды қалыптастырудың тұрғанын айта кетуге болады. Терроризмнің түп-тамыры белгілі бір дінде жатыр дейтін мәлімдемелер ешқандай сын көтермейді. Өткені, терроризм белгілі бір идеологияны пайдаланатын құрал болып табылады.

Діни экстремизм дегеніміз – саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе айтқанын орындатуға ұмтылады. Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығы – осының дәлелі. Сонымен қатар,  көптеген діни ағымдардың пайда болуына байланысты, қоғамда кері саяси ұғымдардың пайда болуы, адамның сана сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр.

Экстремизмнің белгісі адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен ақиқи жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Сол себепті, халықтың арасында діни сауаттылықты арттыру керек. Дінге қызыққан жастарға діни оқу орындарында немесе мешіт имамдарынан сабақ алуды қадағалау қажет. Халық арасында діни сауаттылықты арттыру тұрғыдан жалпы кездесуді көп ұйымдастыру дәстүрлі діни бағытын қалыптастырады деген сеніміміз мол.

Экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу. Қазақ халқы ежелден ұрпағын ержүрек, қайсарлыққа,  басқаның ала жібін аттамайтын адалдыққа, өзі түгіл астындағы мінген атына доңыздың басқан жерінен шөп жегізбеген тазалықты, қазақ мәдениетінде тау халықтарының дархандығы, кеңпейілділігі, жер жылжыса да жылжымайтын сабырлылығы, сөз тапқанға қолқа жоқ деп аталы сөзге тұрып азаматша іс тындырған бегзаттық жатыр. Қолына су құйған жас балаларға ақсақалдардың таудай бол деп бата беретініде осындай қазақ ұлты әрқашан тауға ұқсағысы келген асқақ арманына болса керек. Қазақ мәдениетінде отбасы институтында «әке асқар тау, ана мөлдір бұлақ, бала жасыл құрақ» деген түсінікте осы арманмен сәйкескен ұлы түсінік. Бұлардың барлығы дәстүрге сіңіп етене арласып кеткен дүниелер. Ал Ислам діні ешқашан кез-келген ұлттың тілі мен діліне, дәстүрі мен әдет-ғұрпына шектеу қоймайтын бейбіт дін екенін білеміз. Біздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз ислам келгенге дейінгі 14 ғасыр бұрын қалай болса, исламды қабылдағаннан кейін де солай қала берді, бұдан кейінде осылай қала бермек. Себебі біздің ұлттық дәстүрлеріміздің ешқайсының ислам дінінің негізі саналатын бес парызы мен алты иман шартына, жеті үлкен күнә мен мұсылман баласы жасауына рұқсат етілген барлық салих амалдардың ешқайсысына қайшы келмейді.

Экстремизмнің жоғары айтылған мәселелерден бөлек алдын алу шаралары:

-         Келешек ұрпаққа рухани тәрбие беру;

-         Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру;

-         Жастарға салт-дәстүрді үйрету;

-         Жастарға ұлттық құндылықтар мен ұлттық тілді дәріптеу.

Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта қоғамда өзекті болып жатқан мәселелердің бірі. Экстремизмнің алдын алу үшін жоғарыда айтқандай, халықтың арасында діни сауаттылықты арттыру ең маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ, болашақ жастарға қазақтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрді дәріптеу керек. Осыншама кең байтақ жерді сақтап қалу үшін тарихты, дінді, тілді сақтап қалу басты міндеттеріміздің бірі болып саналады.

Оқылды 242 рет