Бейсенбі, 20 Маусым 2024 12:35

Шымкенттіктердің қауіпсіздігі – басты назарда

Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысын өткізген болатын. Мұнда талқыланған басты мәселе – қала тұрғындарының қауіпсіздігі.

Аталған отырысқа құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, аудан әкімдері және басқарма басшылары қатысты. Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары А.Бейсенбаев нашақорлық, суицид, ұрлық және интернет алаяқтық қылмыстарын алдын алу бойынша атқарылып жатқан кешенді шараларды баяндады. Оның айтуынша, есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және нашақорлықты алдын алу бойынша тиісті шаралар жүргізілген. Мәселен, жыл басынан бері шаһарда есірткіге қатысты 201 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. 2024 жылдың 5 айында Шымкентте 265 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға азайған.

Алқалы отырыста Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары А.Манатұлы қаржы пирамидаларының профилактикасы туралы баяндап өтті. Аталған бағытта осы жылдың 5 айында 3 қылмыстық іс анықталып, тіркелген. Оның 1-і өндіріспен аяқталса, 2 іс өндірісте екен. Бұл ретте халық арасында түсіндіру шараларын күшейту тетіктері қарастырылғанын айта кеткен жөн.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды комиссия мүшелері тұрақты түрде жүргізуде. Дегенмен, қала басшысы бұл бағыттағы шараларды күшейту қажеттігіне тоқталып, аудан әкімдері мен басқарма басшылары комиссия аясында бекітілген іс-шараларды сапалы әрі мүлтіксіз орындауы тиіс екенін жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Д. Ерғарин жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте атқарып жатқан жұмыстарына баға бере отырып, оны жетілдіру жолдарын комиссияға ұсынды. Отырыс қорытындысында қала әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі күн тәртібінде бірінші мәселе болып қалуы тиіс екенін айта келе, жауаптыларға аудандық полиция басқармаларымен бірлесіп, кешенді шаралар қабылдауды, жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жалпы, Шымкент қаласын өмір сүруге жайлы қалаға айналдыру және мұнда қәуіпсіз орта қалыптастыру жұмыстары жоспарлы түрде іске асып жатыр деп айтуға әбден болады. Қалада 747 әлеуметтік маңызы бар көшелердің 220-сы жарықтандырылған. 2025 жылы көшелерді жарықтандыру көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Еліміздегі үшінші мегаполисте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жаңадан 3177 бейнебақылау камералары орнатылған. Нәтижесінде, қала аумағын шолу көрсеткіші 3 есеге артқан. Бұл шаралар қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын-алуға үлкен септігін тигізуде. Қазірдің өзінде бірқатар көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады. Сонымен бірге, халық тығыз орналасқан шағын аудандарда заманауи 100 мобильді полиция бекетін салу жоспарланған. Алдағы уақытта бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілмек.

 Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оқылды 305 рет