Бейсенбі, 22 Қазан 2020 17:47

Түркістан: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізілді

Мемлекеттік қызметшілерге кез-келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады.

Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Бұл жөнінде Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мәлімдеді.

Департамент тарапынан атқарылған жұмыстар туралы баяндаған Мирас Асқарбайұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға өзгерістер енгізілгендігін атап өтті. Негізінен қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында Департаментпен ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша 700 мыңға жуық адамды қамтыған 1337 түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырылған.

«Жаңа заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық субъектісі болып табылатын квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларының тізімі кеңейді. Сонымен бірге, мемлекеттік функцияларды атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары туралы жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті. Сондай-ақ, қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген бап енгізіліп, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез-келген қылмысты қамтитын болады. Жемқорлық фактісіне кезіккен жағдайда азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 Call-орталығына хабарласа алады», – М. Асқарбайұлы.

Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша – 46 қылмыс тіркеліп, мемлекетке келтірілген залал 1 млрд. 142 млн. теңгені құраған. Оның бүгінде 99 пайызы өндіріліп, мемлекет қазынасына қайтарылған.

Брифингте «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсе үйлестірушісі Гүлзия Қарсыбай мекеменің атқарған жұмыстарымен таныстырды.

"Сапалы жол" жобасы аясында автомобиль жолдарының құрылысына қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргіземіз. Есептік кезеңде 11 ауданда мониторинг өткізіліп, нәтижесінде 34 бұзушылық анықталып, әкімдік пен мердігер компанияларға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Ал «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы бойынша бүгінгі күні 574 млрд. теңгегеден аса 42 ірі кәсіптік субъекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен қамтылды. Сондай-ақ, «Түркістан - адалдық алаңы» жобалық кеңсе бастамасымен 60 мекеме «Open Space» үлгісінде және 84 Фронт кеңсе мен 6 Сервистік әкімдік тұрғындар үшін жұмыстар атқаруда.Облыс аумағындағы дәрі-дәрмек бағасы, жол сапасы, білім сынды әлеуметтік маңызды салалар жобалық кеңсе назарында», - деді ол.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат            

 

Оқылды 441 рет