Сәрсенбі, 20 Сәуір 2022 06:37

Шымкентте автосалоннан 28 млн теңгенің көлігі ұрланды

Шымкент тұрғыны автосалоннан 28 млн теңге тұратын көлікті заңсыз айдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Наурыз айының соңында жергілікті автосалонның әкімшілігі тексеру кезінде автокөліктердің бірінің жоғалғанын анықтаған. Шығын сомасы 28 млн теңгені құрады. Оқиға туралы жұмысшылар дереу полицияға хабарлады. Хабарлама сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді. Полицейлер көлікті айдап кеткен адамды анықтау мақсатында бірқатар жедел іс-шаралар өткізді. Криминалдық полиция қызметкерлері автосалон қызметкерлерін жауап алды. Жедел басқару орталығының инспекторлары көшелердің бойында орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары екі сағат ішінде Бәйдібек би көшесінде ұрланған автокөлікті анықтады. Бұл туралы жедел түрде полицияға хабарланды. Көлікті заңсыз иеленген азамат ұсталды. Автокөлік салонға қайтарылды. Қазіргі таңда іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Айта кетейік, Қылмыстық кодекске сәйкес осы қылмыстық әрекетті істеген адам 1000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін, 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектеліп, сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

  «AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 431 рет