Сейсенбі, 07 Маусым 2022 08:08

20-дан астам тұрғынды алдаған алаяқ әйелдер сотталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел «мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін» деп сеніміне кіріп, әрқайсысынан 300 000 теңгеден алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркелді.

Хабар алысымен сарыағаштық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған екі бірдей әйел екені анықталды. Олардың жеке-бастары анықталып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Күдіктінің бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Алматы облысының тұрғыны болып шықты.  Анықталғандай, күдікті екеу мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып береміз деп, таныстарының әрқайсысынан 300 000 теңгеден алып, бас пайдаларына жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша екі әйел 20-дан астам жәбірленушілерден 6,5 миллионнан астам ақша алған. Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 37 және 32  жастағы жұмыссыз әйелдер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін деп алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде. Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісіне хабарласыңыз.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 211 рет