Жұма, 11 Қараша 2022 22:49

Полицейлер «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында 30-дан астам қылмысты ашты

Түркістан облысының аумағында 9-11 қараша аралығында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Негізгі мақсат - құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жолын кесуге, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Полицейлер екі тәулік ішінде 30-дан астам қылмысты ашты, оның ішінде ҚР ҚК-нің 296-бабы "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу", яғни Түркістан қаласында тыйым салынған заттарды заңсыз сақтаудың 1 дерегін тіркеді. Сондай-ақ бұрын жасалған санаттағы 4 қылмысты ашты.

Көрсетілген кезеңде тәртіп сақшылары 2227 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

ҚР Қылмыстық Кодексi 296-бап. Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу:

Ескерту. 296-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 
1. Қоғамдық орындарда есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес тұтыну – 
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
2. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
3. Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
4. Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау – 
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескертулер. 
1. Есірткі және психотроптық заттардың мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы жиынтық кестеде айқындалады. Есірткі мен психотроптық зат тектестердің шағын, ірі және аса ірі мөлшерлері өздері тектестері болып табылатын есірткі және психотроптық заттардың шағын, ірі және аса ірі мөлшеріне сәйкес келеді. 
2. Жеке тұтыну үшін сатып алған есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды өз еркiмен тапсырған не есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсаттарда тұтынуына байланысты медициналық көмек көрсетiлуi үшiн медициналық мекемеге өз еркiмен барған не есiрткi, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды ашуға немесе олардың жолын кесуге, оларды жасаған адамдарды әшкерелеуге, қылмыстық жолмен табылған мүлiктi табуға белсендi түрде ықпал еткен адам осы бап бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады. 

Ал, ҚР ӘҚБтК 608-бабы, мас халде автокөлік басқару бойынша 19 жайт анықталып, тіркелді. Алдағы уақытта құқық бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бап. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру:

1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – 
он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – 
отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – 
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

Бұдан басқа қарсы қозғалыс жолағына шыққан жүргізушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігі бойынша 14 әкімшілік хаттама толтырылды. Тәртіп сақшылары "Құқықтық тәртіп" шарасы барысында аулаларда, саябақтарда және адамдар көп жиналатын орындарда рейдтік жұмыстарды жүзеге асырды.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 596-бап. Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу:

1. Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
2. Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк
колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
3. Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына , оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу – 
алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. 
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 
5. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаған әрекет – 
елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 
Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша 204 құқық бұзушылық анықталды.  Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 434-бапта Ұсақ бұзақылық:

1. Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер – 
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. 
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қай
талап жасалған әрекеттер – 
он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. 
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, осы Кодекстiң 50-бабының екіншi бөлiгiне сәйкес әкiмшiлiк қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – 
жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Ал ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 117 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға әкімшілік және қылмыстық заңнама нормаларын түсіндіріп, профилактикалық әңгімелесулер жүргізуде.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 440-бап. Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу: Жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу – 
бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 
Он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі – 
ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. 
 Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекеттер –  
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. 

Оқылды 224 рет