Сейсенбі, 15 Қараша 2022 23:20

Отырар: Полицейлер оқушылармен профилактикалық әңгімесулер өткізуде

Отырар ауданының полиция қызметкерлері 7-11 сынып оқушылары арасында «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және зорлық-зомбылыққа жол бермеу» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Атап айтсақ, Отырар аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Динара Есенова, Аққұм ауылдық округінде орналасқан С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепте профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Онда оқушыларға қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік бары айтылып, темекі мен алкогольді тұтынудың жағымсыз салдары туралы ақпараттар берілді. Және түнгі уақытта үйден тыс жерде болмау, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізбеу, сондай-ақ қоғамдық орындарды ластамау туралы да айтылды. Сонымен қатар, семинарда елімізде белең алып келе жатқан есірткі заттарының заңсыз айналымы жөніндегі өзекті мәселесі талқыланды. Есірткі заттарының синтетикалық түрлерінің кеңінен таралуы, әсіресе жастар арасында жоғарғы сұранысқа ие болуы алаңдатады. Президентіміз 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жасаған жолдауында бүл кеселмен күресу бағыты жалпыұлттық деңгейде көтерілуі қажет екендігін жеткізді. Қолданыстағы технологияның дамуы есірткі заттардың таралуындағы жаңа әдістерінің пайда болу жолдарын ашуда. Аула қабырғаларында бейнеленген есірткі заттарының жарнамалары, есірткінің сан алуан түрін сатуға дайын тұрған Интернет желісіндегі сайттар, есірткіні оңай саудаға салуға мүмкіндік беретін әлеуметтік мессенджердегі парақшалар жыл санап көбейіп келеді. Осыған орай қоғам, саналы азамат және әрбір қызметкер есірткі бизнесімен күресуді өзінің асыл борышы ретінде санап, соған сай сауатты шара қолдануы заман талабы екендігі түсіндірілді. Өз кезегінде семинарға  шақырылған нарколог-психиатр маман өзінің баяндамасында, жасөспірімдердің психологиялық және психикалық денсаулығына ерекше назар аудару керектігін, нашақорлықтың салдарын, электронды темекінің адам ағзасына зияны туралы, есірткі қабылдаған адам өмір бойы психикалық ауру деген диагнозы қалатындығын түсіндірді. Сондай-ақ, жасөспірімдердің психикасы мен психологиясы көптеген факторларға тәуелді екенін ескере отырып, оған күнделікті тәртіпті сақтау, дұрыс тамақтану, таза ауада жүру, қозғалыс белсенділігі және психологиялық жайлылық туралы айтып өтті. Сондай-ақ жиналыста тәртіп сақшылары жасөспірімдерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Полицейлердің айтуынша, мұндай іс-шаралар кәмелетке толмағандарға мінез-құлық туралы ойлануға және заңсыз әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік барын есте сақтауға көмектеседі. Осыған ұқсас семинарлар барлық мектептерде өткізілуі жоспарлануда.

 

 

Оқылды 272 рет