Сейсенбі, 15 Қараша 2022 23:36

Түркістан облысының полицейлері жаңғақ ұрлаған тұрғынды анықтады

Түлкібас аудандық полиция бөліміне қарт әйел ұрлық туралы арызбен жүгінді. Ол полицияға үйінен жаңғақ салынған қапшықтары ұрланғаны бойынша арызданды. Бұл жайтты түлкібастық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеді.

Хабарламаны алған тәртіп сақшылары бірден қылмысты ашуға бағытталған іс-шараларды атқарды. Олар аулаларды аралап, куәлардан жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, күдіктінің жеке басы анықталды. Аудандық полиция бөліміне жеткізілген күдікті жергілікті тұрғын болып шықты.

Тексеру кезінде сезікті жәбірленушінің үйіне сағат 12:00 шамасында байқатпай кіргені анықталды. Содан кейін ұры екі қап жаңғақты ұрлап, қашып кеткен. Қазіргі уақытта ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және өз мүліктері мен үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше терезелерге темір торлар, ал есіктерге сенімді құлыптар орнатылуы қажет. Ұрлық немесе тонау жағдайында полицияға хабарласқан жөн.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп.

Оқылды 270 рет