Түлкібас: Сауда жасаймын деп танысының банк қосымшасын алып, несие рәсімдеген...

Сауда жасаймын деп танысының банк қосымшасын алып, несие рәсімдеген алаяқ ер адам анықталды.

Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы оның атынан 1 миллион теңге несие рәсімдеп жіберген.

Жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан осы жағдайдың толық мән-жайын анықтауға көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түлкібастық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар, жергілікті тұрғын ер адам анықталды.

Анықталғандай, күдікті азамат танысына хабарласып, сауда жасау үшін банк қосымшасын бере тұруын өтінеді. Алаяқтың сөзіне сенген жәбірленуші өзінің банк қосымшасының құпия сандарын айтып береді. Біраз уақыт өткен соң банктен несие алдыңыз деген хабарлама келеді. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабы «Алаяқтық»:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 

мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

 

Республика күнінде 70-ке жуық полиция қызметкері марапатталды

Биылғы жылдан бастап, 25-қазан «Республика күні» ретінде аталып өтіледі. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Осыған орай Түркістан облысы ПД-нің мәжіліс залында мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шара ҚР-ның мемлекеттік әнұранымен бастау алды. Сондай-ақ мерекелік бейнеролик көрсетілді. Алғашқы құттықтау сөзін алған Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов: «Құрметті әріптестер, бүгінгі айтулы мереке құтты болсын!

Барлықтарыңыздың қызметеріңізге сәттілік тілеймін. Әрқашан елдің тыныштығын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда мінсіз қызмет ете беріңіздер! Республикамызды қылмыссыз ету жолында аянбайық!»-деп атап өтті. Одан кейін салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерді облыстың бас полицейі марапаттады. Атап айтсақ, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен «Кезектен тыс полиция полковнигі» арнаулы атағын полиция подполковнигі Еркеғали Мейірбеков алды. Ал «Бір саты жоғары полиция подполковнигі» арнаулы атағын полиция майоры Нұрбол Сейітбеков иеленді. «Кезектен тыс полиция майоры» Еркебұлан Опабековке тапсырылды. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» меедалімен полиция подполковнигі М.Бердиев, полиция аға лейтенанты Н.Утешов наградталды. Сондай-ақ ҚР ІІМ-нің Грамотасымен 2 қызметкер, «Алғыс хатымен» 4 қызметкер марапатталды.

Оған қоса «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен полиция полковнигі Әшімхан Мырзаханов, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Мұхамеджанов, полиция капитаны Дулат Асқар, полиция аға лейтенанты Нұрахмет Түймебай наградталды. Ал Түркістан облысы Полиция департаментінің Грамотасын 16 қызметкер, Алғыс хатын 13 қызметкер иеленді. Сондай-ақ 18 қызметкерге Түркістан облысы Полиция департаментінің Алғысы жарияланды. Айта кетсек, 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы күні мемлекеттің егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ендеше тәуелсіздігіміз тұғырлы, мереке құтты болсын! Көк туымыз көкте желбірей берсін!

 

Қалтасына есірткі жасырып, шекарадан өтпек болған шетелдікті қамауға алды

Cарыағаш аудандық полиция бөліміне шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Наоми» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыны көріп үріп, полицейлерге белгі береді.

Полицейлер күмән тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Осы сәтте күдіктінің шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «гашиш» есірткісі екені расталды.

 Ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны болып шықты. Күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 

ҚР Қылмыстық Кодекстің 286-бабында «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы»төмендегідей жазылған:

 

1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – 

мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) бірнеше рет; 

2) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып; 

4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

5) iрi мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге, прекурсорларға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

 

 

Отырар: аудан көлеміндегі қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жиын өтті

Отырар аудандық прокуратурасының прокуроры Абдукаримов Мақсат Базарханұлы аудан көлемінде қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде мал ұрлығы мен алаяқтық құқық бұзушылықтар профилактикасының алдын алу бойынша Талапты және Темір ауыл округінің тұрғындарымен кездесті.

Отырар: құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары пысықталды

Отырар ауданының прокуроры Б.Булеулиев аудан көлемінде қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде мал ұрлығы мен алаяқтық құқық бұзушылықтар профилактикасының алдын алу бойынша Маяқұм, Көксарай ауыл округінің тұрғындарымен кездесті.

Түлкібаста алма ұрлаған ер адам анықталды

80 келі алма ұрлаған ер адам ұсталды.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, өзіне тиесілі бау-бақшасынан белгісіз біреулер 4 қап алма ұрлаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 187-бабы «Ұсақ-түйек жымқыру» бойынша тіркелген.

Хабар алысымен тәжірибелі полиция қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы оқиға орнына шығып, тергеу амалдарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ер азамат ұсталды.

Анықталғандай, күдікті өзінің басқаруындағы «Нексия» маркалы автокөлігімен күндізгі уақытта күзетшілердің жоқтығын пайдаланып, қапқа оралған 80 келі алманы жасырын түрде жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 30000 теңге. Жәбірленуші тарапқа ұрланған алмалары қайтарылды. Ұсталған ер азаматтың бұдан басқа да ұрлық жайттарына қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодексi 187-бабында «Ұсақ-түйек жымқыру»:

 

1. Ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу, – 

сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Бірнеше рет жасалған ұсақ-түйек жымқыру – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады деп жазылған.


 

Түлкібастық полицейлер мереке қарсаңында музей аралады

25 қазан- «Республика күні» мерекесіне орай Түлкібас ауданының полиция қызметкерлері мәдени азық болар арнайы іс-шара ұйымдастырды. Яғни полиция қызметкерлері Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында орналасқан орталық музейге барып, ішкі істер органынан зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің өмірбаяны, сондай-ақ қызмет көрсету барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы мәліметтермен танысты.

Жиында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ел үшін еңбегімен танылған азаматтардың еңбек жолы жайлы сұхбаттасты. Тарихи орынға саяхат кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлері аға ұрпақтың дәстүрінде тәрбиелеу, музей жұмысының рөлін арттыру мақсатында орамды ойлары ортаға салынды. Тәртіп сақшыларының ерліктері полицейлерге таныстырылып, сабақтар ұйымдастырылды.

Жалпы жас ұрпақты мәдениет, өнерге баулып, рухани бағытта сусындатуда мұндай іс-шаралардың берері мол. Сондықтан Түлкібас ауданында полицейлердің қатысуымен алдағы уақытта мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұратын болады.