Отырар: аудан көлеміндегі қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жиын өтті

Отырар аудандық прокуратурасының прокуроры Абдукаримов Мақсат Базарханұлы аудан көлемінде қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде мал ұрлығы мен алаяқтық құқық бұзушылықтар профилактикасының алдын алу бойынша Талапты және Темір ауыл округінің тұрғындарымен кездесті.

Отырар: құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары пысықталды

Отырар ауданының прокуроры Б.Булеулиев аудан көлемінде қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде мал ұрлығы мен алаяқтық құқық бұзушылықтар профилактикасының алдын алу бойынша Маяқұм, Көксарай ауыл округінің тұрғындарымен кездесті.

Түлкібаста алма ұрлаған ер адам анықталды

80 келі алма ұрлаған ер адам ұсталды.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, өзіне тиесілі бау-бақшасынан белгісіз біреулер 4 қап алма ұрлаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 187-бабы «Ұсақ-түйек жымқыру» бойынша тіркелген.

Хабар алысымен тәжірибелі полиция қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы оқиға орнына шығып, тергеу амалдарын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ер азамат ұсталды.

Анықталғандай, күдікті өзінің басқаруындағы «Нексия» маркалы автокөлігімен күндізгі уақытта күзетшілердің жоқтығын пайдаланып, қапқа оралған 80 келі алманы жасырын түрде жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 30000 теңге. Жәбірленуші тарапқа ұрланған алмалары қайтарылды. Ұсталған ер азаматтың бұдан басқа да ұрлық жайттарына қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодексi 187-бабында «Ұсақ-түйек жымқыру»:

 

1. Ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу, – 

сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Бірнеше рет жасалған ұсақ-түйек жымқыру – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады деп жазылған.


 

Түлкібастық полицейлер мереке қарсаңында музей аралады

25 қазан- «Республика күні» мерекесіне орай Түлкібас ауданының полиция қызметкерлері мәдени азық болар арнайы іс-шара ұйымдастырды. Яғни полиция қызметкерлері Түлкібас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылында орналасқан орталық музейге барып, ішкі істер органынан зейнеткерлікке шыққан ардагерлердің өмірбаяны, сондай-ақ қызмет көрсету барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерліктері туралы мәліметтермен танысты.

Жиында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ел үшін еңбегімен танылған азаматтардың еңбек жолы жайлы сұхбаттасты. Тарихи орынға саяхат кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлері аға ұрпақтың дәстүрінде тәрбиелеу, музей жұмысының рөлін арттыру мақсатында орамды ойлары ортаға салынды. Тәртіп сақшыларының ерліктері полицейлерге таныстырылып, сабақтар ұйымдастырылды.

Жалпы жас ұрпақты мәдениет, өнерге баулып, рухани бағытта сусындатуда мұндай іс-шаралардың берері мол. Сондықтан Түлкібас ауданында полицейлердің қатысуымен алдағы уақытта мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұратын болады.

Сарыағаш: 2 000 000 теңгенің малдарын ұрлаған 46 жастағы ер адам сотталды

Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын арызданып, түнгі 04:30 шамасында үйінің қорасында тұрған 4 бас жылқысын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 000 000 теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.

Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, күдіктінің ұрлаған жылқыларды жасырып отырған орны анықтады. Сонымен қатар күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни 46 жастағы ер адам ұсталды. Аталған жайт ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді.

Бұл істі Сарыағаш ауданының тергеушілері толығымен аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азамат 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

ҚР Қылмыстық Кодексте 188-1-бапта «Мал ұрлау»:

Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – 

мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Мынадай: 
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; 
2) ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау – 
мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
 Мынадай: 1) бірнеше рет; 2) тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау – 
мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Мынадай: 1) қылмыстық топ жасаған; 2) аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау – 
мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Ескертпе. Осы бапта мыналар мал деп түсініледі: 
ірі қара мал; 
жылқылар мен есектер; 
түйелер; 
ұсақ мал; 
шошқалар. 
Ескерту. 6-тарау 188-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен деп көрсетілген.


 

ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ САРАЛАНДЫ

Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның және қалалық қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қатысты.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы принципті ұстаным билік органдарының барлық басшыларына қатысты екенін атап өтті. Шаһарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленді.

Іс-шара барысында С.Ахметжанов Агенттіктің елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы жаңа тәсілдері туралы баяндады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында республиканың әрбір өңіріне арнайы бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы туралы айтты.

– Шымкент қаласының тәуекелдер картасында білім беру, медицина, құрылыс, жер қатынастары, қаржы, полиция, әлеуметтік қорғау және т.б салалар көрсетілген. Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың оң қорытындысы бар. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою басты назарда тұр. Өңірлерге сапарымда халықпен, азаматтық қоғам өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, қандай тәуекелдер барын талқылаймыз. Оның қорытындыларына талдау жүргізіледі, – деді Саян Қылышұлы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шаттық Өтеев департаменттің 2022 жылғы жұмысының қорытындылары туралы баяндап, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің, жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталып өтті.

Іс-шара соңында қала әкімі аппаратқа және басқарма басшыларына хаттамалық нұсқаулар берді.

Жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген жігіт 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында күнделікті рейд жүргізуде. Осы тұрғыда Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері түңгі сағат 22:30 шамасында «Опель-Вектра» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оны тексеру кезінде, ер адамның көлік құралын басқару құқығы жоқ екендігі анықталды. Сонымен қатар полицейлер оның масаң күйде екендігіне күдіктеніп, сараптама тағайындады.

Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушінің алкогольді мас күйде екендігі белгілі болды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді.

Жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды. Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бапта «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:

 

1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру – 
он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 
жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді. 
4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер – 
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер – 
отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер – 
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған
.