Жұма, 05 Мамыр 2023 12:12

Отырарлық меценат жалғызбасты көпбалалы анаға үй салып беруде

Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау қашан да маңызды. Сондықтан игілікті шара еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тауып келеді.Отырар ауданында да әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларында белсенділік танытатын азаматтар аз емес.

Мәселен, Балтакөл ауыл округінде қайырымдылық іс-шараларына қолдау көрсетіп жүрген Асанов Балтабай Тасболатұлы есімді азамат бар. Қайырымды жанның қолдауымен 2021 жылы «Туған жерге тағызым» акциясы аясында «№14 Емдеу орталығы» ЖШС-нің медицина қызыметкерлері Балтакөл ауылдық ауыруханасына келіп үш күн бойы қызмет көрсеткен болатын. Қызмет көрсету барысында 897 адамды толық тексеруден өтті. Мұнан бөлек өз демеушілігімен Ақкөл елді мекеніндегі аз камтылған отбасыға құны он екі жарым миллион тұратын баспана салып берген еді. Оның бұл азаматтық ісін ауыл халқы әлі ұмыта қойған жоқ.

Қайырымды азамат мұнымен шектеліп қалмады. Бүгін Балтабай Тасболатұлының демеушілігімен Ақкөл елді мекенінде тағы да бір отбасыға арналған алты бөлмелі тұрғын үйдің іргетасы құйылды. Аталған жұмыстарға ауыл жастары мен белсенді азаматтар атсалысып, көмек беруде. Салынып жатқан тұрғын үй әлеуметтік жағынан аз қамтылған жалғызбасты көпбалалы анаға берілмек.

Ауыл азаматтары тұрғын үй толық салынып біткенше атсалысатынын айтуда. Әрине ауыл жастарын ынтымаққа ұйыстырып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікпен қайырымдылық жасап жатқан Балтабай Тасболатұлына ауыл тұрғындарының айтар алғысы көп.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес.

Ата-бабамыз осындай қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.

Мысалы, баяғыда қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен, сақилығымен де сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген қазақ бір ауыз сөзбен-ақ ауқатты адамның қоғамдағы рөлін анықтаған. Себебі халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан. Бұл көбіне-көп рулық қатынастардың негізінде орын алды. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл деген болмаған. Байдың малын баққандар оны өз малым деп есептеген. Өйткені ертең өз басына күн туса, байдың шарапаты тиетінін кәміл түсінген. Ал сараң байдың қашан да халық арасында қадірі қашқан. Ондайларды «сасық бай» деп атаған. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер де шықберместердің үйіне аттап баспаған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» дейтіні де сол. Байларға деген көзқарасты Кеңес өкіметі өзгертті. Қарынбай, Шығайбай сынды ілуде бір кездесетін жағымсыз образдарға баса назар аударған «қызылдар» дәулетті жандардың бір ауылды, бір рулы қауымды асырағанын қасақана ескермеді.

Амал қанша, қайырымдылық сынды қайырлы қасиет бәріне бірдей тән емес.  «Қазіргі заманда оның қажеті жоқ» деген пікірлерді де кейде естіп қаламыз. Алайда олай дейтіндер қатты қателеседі. Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын альтруист адамдар кез-келген қоғамның негізгі тірегі саналады. Өзіңіз ойлаңызшы, еліміз кілең енжар, өзімшіл азаматтардан құралса, қайтер едіңіз? Мұндай ортада өмір сүргіңіз келер ме еді? Әлбетте, жоқ дейсіз. Рас, «табиғатта тек мықтылар тірі қалады» дейтін заң бар. Бірақ адам саналы тіршілік иесі ғой. Homo sapiens-тің хайуаннан айырмасы жақынына жанашырлығымен өлшенеді. Бір данышпан: «Өркениетті қоғамды оның балалар мен қарттарға, яғни қорғансыз жандарға деген қарым-қатынасына қарап бағалауға болады» депті. Келіспеске амал жоқ.

Әлсіздерге, кедейлерге жәрдемдескен адам өзінің адамгершілігін айғақтайды. Біреудің қайғысына ортақтасу арқылы өз өміріне басқаша қарай бастайды, құндылықтарын қайта зерделейді. Кезінде маңызды көрінген, көңілге маза бермеген мәселелердің түкке тұрғысыз екенін түйсінеді. Қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады.Аға буынның есінде шығар, КСРО дәуірінде «Ерлік жасауға әрдайым жағдай табылады» деген ұран болатын. Біз осы ұранның мағынасын сәл-пәл өзгертіп: «Өмірде жақсылық жасауға әрдайым жағдай табылады» дер едік. Себебі айналаға көз салсақ, көмекке мұқтаж адамды оңай кездестіреміз. Қарт көршіміз, жалғызбасты ана, бәле-жалаға ұшыраған досымыз, танысымыз, тағысын тағылар...

«Адам – әлеуметтік жаратылыс» деп тұжырымдайды ғалымдар. Ағылшын ақыны Джон Донн: «Бір де бір адам жеке арал емес, ол – құрлықтың бір бөлігі, үлкеннің бір бөлшегі» дейді. Дамыған әлемдегі бір тамаша дәстүр  кәсіпкерлердің қайырымдылық қорын құрып, туған халқынан бастап атасы басқа адамзаттың баласына дейін көмектесуі. Жасыратыны жоқ, бұдан бұрынғы жылдары кейбір қазақ байлары қайырымдылық дейтін қастерлі ұғымды арзан атақ шығарудың құралына айналдырды. Ата-бабасына ас берді, тас орнатты, айтыс өткізіп, ат шаптырды, мансап қуды. Дегенмен кейінгі кезде әрқилы жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылықты мақсат тұтқан жомарт кісілердің көбейгені байқалады. Тұрмысы төмен отбасыларға үй салып беру, апат болған орындарға қомақты ақша атау, айықпас дертке шалдыққан балаға жылу жинау секілді дағдылар – шын мәніндегі ізгіліктің, биік мәдениеттің белгісі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, әрбір әрекетін үлгі ретінде насихаттау керек. Жоғарыда аты аталған отырарлық меценат Асанов Балтабай Тасболатұлы да осындай ізгі жан. Мұндай азаматтар «мен осындай қайырымдылық істеп жатырмын» деп жарияға жар салмайды. Біз тек осындай азаматтардың қайырымды тірлігі көпке үлгі болса екен деп ақпараттық насихат жүргізіп отырмыз.

Қайбір жылы ғалымдар мемлекет тұрғындарына «Танымайтын адамдарға қаншалықты көмектесесіз?», «Қайырымдылық қорларына ақша аударасыз ба?», «Еріктілер жұмысына қатысасыз ба?» деген сұрақтар қойып, зерттеу жүргізді. Charities Aid Foundation деп аталатын британдық ұйым Дүниежүзілік қайырымдылық индексін жасап, Қазақстанды 78-орынға қойыпты. Бірақ сауалнама нәтижесі менің көңіліме қонбады. Бір күдік жаныма жай таптырмады. Неге десеңіз, жаңағы зерттеуде екінші орын Мьянмаға бұйырыпты. Ал мәдениеті мен менталитеті бізге ұқсайтын Өзбекстан 25-орынға орныққан. Меніңше, зерттеушілер қазақтардың әлеуметтік желі арқылы жылу жинайтынын, банк картасына аудара салатынын, әр жұмада садақа беретінін ескермеген сияқты.

Ақиқатында, қазақ – табиғатынан қайырымды халық. 2020 жылды Президентіміз «Волонтер жылы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейтуді аса маңызды міндет деп атады. Қазақстан секілді этносаралық және дінаралық келісімнің өзіндік моделі қалыптасқан көп ұлтты мемлекетте қайырымдылық жасауға барлық негіз бар. Бұған  бірлік, бейбітшілік пен қайырымдылықты ту еткен еліміздегі діндер мен конфессиялар да септігін тигізуде.

Бұл аз десеңіз, Конституциямызың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – ел байлығын тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, білім алуына мүмкіндік жасауға, денсаулық сақтау саласын жоғары деңгейде қолдауға арнайтын мемлекет. 2022 жылы шамамен бюджеттің 54 пайызы, яғни 7 трлн теңгеден астам сома тұрмысы нашар халықты қолдауға бөлінді. Бұл – шын мәнінде орасан зор қаражат. Жоспар бойынша 2023 жылы бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді деген болжам бар. Салыстырсақ, социализм бағытын темірқазықтай ұстаным еткен Совет Одағының өзі ең бір дүркіреген шағында әлеуметтік салаға жалпы шығыстарының тек 30 пайызын арнай алған екен.

Әйтеке Би: «Бақыт деген басқа қонған құс, бала деген артта қалған із, байлық деген қолда еріген мұз. Мәңгілік қалатын қайырымды адал іс» депті. Иә, тіршілікте тірі жүрген кісінің жамандықтан бұрын жақсылық жасауды ғана ойлап, ұрлық-қарлық емес, қолынан келгенше қоғамға пайда келтіргенінен асқан бақыт жоқ. Телегей теңізге татырлық қайырымдылық жасау үшін мол байлық емес, мейірімді жүрек болса болғаны.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 98 рет