Жұма, 05 Мамыр 2023 14:43

Отырар ауданы: жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қолдау бағдарламалары түсіндірілді

Пробация есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастырып, оларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету жергілікті органдардың бірлесе отырып атқаратын жұмысы болып табылады.

Осы бағытта Отырар аудандық пробация қызметі бөлімшесінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Отырар аудандық филиалы және Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қатыстырылып, бірлескен іс-шарасы өткізілді. Мақсаты – қазіргі таңда орын алып жатқан түрлі проблемалық мәселелерді айқындай отырып, олардың салдарын жоюға барынша атсалысу.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс орындарына орналастыру қағидалары, мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы қаржыландыру тетіктері түсіндірілді. Азаматтар өз тараптарынан қойған сауалдарына жауаптар алды.

«Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес (11.01.2020 ж. жылғы жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен) өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, әлеуметтік бейімдеу және оңалту, оның ішінде жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жолымен қамтамасыз етіледі» - дейді Отырар аудандық пробация қызметі бөлімшесінің мамандары.

Пробация қызметінің есебінде тұрған адамға жұмысқа орналасуға көмек көрсету кезінде Жұмыспен қамту қызметтері мынадай іс-шараларды жүзеге асырады екен:

жұмыссыздарды халықты жұмыспен қамту орталығының бос орындар базасында бар бос жұмыс орындарына жібереді;

жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жібереді;

жұмыссыздарды олардың келісімімен қоғамдық жұмыстарға жібереді;

жұмыссыздарды кейіннен олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесе отырып, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға жібереді;

жұмыс орындарының квотасы бойынша жұмысқа орналасады.

Шындығында, мұндай кездесулер сотталған азаматтар өздерінің қателіктерін түзетуге мүмкіндік алу үшін қоғамға қосылуына қажет екені айтпаса да түсінікті. «Қазір біздің бұл бағыттағы жұмысымыз дайындалған жоспарға сәйкес жалғасып келеді. Жұмыс тапқысы келетіндерге жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін боламыз» - деп атап өтті бөлім қызметкері. Азаматтармен кеңес беруден басқа өзін-өзі тану, біліктілігіне, дағдыға арналған тестілеуді қамтитын кәсіптік бағдарлау жұмысы да өткізілді. Кездесу барысында пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар көптеген сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар алды.

Әр түрлі жағдайлармен қателікке жол беріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам психологиялық  дағдарысқа ұшырайды. Осы кезде осындай тұлғаларды қоғамнан шеттетпей, оларды барынша қоғамға қайта бейімдеп, оң мінез-құлқын қалыптастырып, әлеуметтік- құқықтық көмек көрсететін  әрине пробация қызметі.  Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Яғни сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қара­мастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тықпай, қоғамға бейім­делуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.

Яғни, пробация қызметі қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз етуімен қатар, сотталғандардың әлеуметтік- құқықтық көмек алуына жәрдем көрсетеді. Пробацияның мақсаты - күдіктілердің, айыпталушылардың мінез-құлқын түзету, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, түрмеден босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесу.

Пробация қызметі қоғамнан оқшаулауға байланысты емес алты түрлі жазаны орындайды.

–қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы.

– түзеу жұмыстары түріндегі жаза.

– басбостандығын шектеу жазасы.

– шартты түрде сынақ мерзіміне сотталу.

– сотталған жүкті әйелдер мен жасбалалары бар әйелдердің жазасын өтеумерзімін кейінге қалдыру.

– белгілі бірқызмет немесе арнайы лауазымынан айыру.

 Пробациялық бақылаудың мақсаты заң мен немесе сотпен белгіленген міндеттерін орындауларын бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзелу жолына түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, сотталған адамның жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдік және құқықтық нормаларды сақтауы болып табылады. Сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің негізгі бағыттары – білім алуы, кәсіп түрлерін игеруі, жұмысқа орналасуы, емделуі және құқықтық кеңестер  болып табылады.

Пробациялық бақылау сот үкімі негізінде заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын орындауға қабылдаған күннен бастап, сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады. Пробациялық бақылау мерзімі сотталған адамды пробация қызметінің есебіне қойған кезден бастап есептелінеді. Сотталған азаматты есепке қою кезінде оның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылғандығын, сондай-ақ, оған ұсынылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтер анықталады. Сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек беру, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртібі түсіндіріледі. Пробация қызметіне тіркелуге келу үшін күндері белгіленеді. Сотталған адамға сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібі және мәжбүрлі еңбекті орындау немесе орындамаған жағадайда пробациялық бақылау шарттары мен тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатындығы түсіндірледі.

Қазіргі таңда Отырар аудандық пробация қызметі бөлімшесі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, сотталғандардың қайта қылмыс жасамауына  және құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін жұмыстар атқаруда. Олардың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, әлеуметтік-құқықтық, заңгерлік, медициналық, психологиялық және тағы да басқа көмектер көрсетілуде. Пробациялық бақылаудағы адамдар өздерін қоғамға қажет екенін түсініп, тура жолмен жүруге тырысуда.

Сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайды. Пробациялық бақылау – істі болғандардан өш алу мақсатында емес, керісінше оларды тәрбиелеу үшін жұмыс істейтін қызмет.

Оқылды 89 рет