Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2023 18:27

Отырар ауданы: кәсіпкер мұқтаж отбасыға үй салып берді

Жалпы көпшіліктің игілігі үшін ізгілікті істердің жүзеге асырылуына ұйтқы болып, қамқор пейілін, перзенттік ыстық ықыласпен нақты істерімен жарқырата көрсетіп жүретін белді кәсіпкер Балтабай Асанов жекеленген әлеуметтік жанашырлық көмекке мұқтаж жандарды да назарынан, қамқорлығынан тыс қалдырған емес.

Осындай топтағы жандарға әрдайым моральдық, материалдық тұрғыдан көмек беруден аянып көрмеген арда азамат биыл Ақкөл ауылындағы Нұржан Серікбайұлы Шериевтің отбасына қысқа мерзім ішінде бес-алты бөлмелі үйді жаңадан тұрғызып, марқұмның жары Жадыра Данаеваға су жаңа жанға жайлы баспананың кілтін тапсырып, қуаныш сыйлады.

Жаңа үйдің құрылысына қажетті материалдарды дер кезінде жеткізіп отыруды қайырымды кәсіпкер өз мойнына алып, ал, атқарылу жұмыстарының барлығы ауызбіршілігі берік, ұйымшыл ауыл тұрғындарының қолғабыстарымен пайдалануға берілген үйдің ашылу салтанаты өтті.

Аудан әкімі С.Сұлтанханов, мәслихат төрағасы У.Ұзақов пен мектеп директоры Б.Байтұрсындар ізгі тілектерін жеткізген жиында үй иелеріне тұрмыстық зат сыйлап, Ерғара Жантуғанов, Назымхан Жаманбалаев қариялар ақ баталарын берді. Әжелердің шашу шашулары лента қию рәсіміне ұласып, бұл миссияны орындау құрметіне аудан басшылары С.Сұлтанханов пен У.Ұзақовқа және қайырымды кәсіпкер Б.Асановтар ие болды. Нұржан Шериевтің сыныптас достары арнайы жайған ақ дастарханнан дәм татып, құран бағышталды.

Ата-бабамыз қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса, бір ауыл аш, бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.

Мысалы, баяғыда қазақтың байлары жан-жағының жағдайын ойлап отыратын менеджер іспетті болған. Олар мал-дүниесімен ғана емес, ақыл-парасатымен, жомарттығымен, сақилығымен де сый-құрметке бөленген. «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген қазақ бір ауыз сөзбен-ақ ауқатты адамның қоғамдағы рөлін анықтаған. Себебі халқымыз ырыс-несібені Алла Тағаланікі деп білген. Сондықтан байлар да Құдайдың сүйікті құлы атану үшін туған-туыс, малшы-жалшысына қол ұшын созып, барынша көмектесуге тырысқан.

Бұл көбіне-көп рулық қатынастардың негізінде орын алды. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында құл деген болмаған. Байдың малын баққандар оны өз малым деп есептеген. Өйткені ертең өз басына күн туса, байдың шарапаты тиетінін кәміл түсінген. Ал сараң байдың қашан да халық арасында қадірі қашқан. Ондайларды «сасық бай» деп атаған. Тіпті, ауыл-ауылды аралап жүретін сал-серілер де шықберместердің үйіне аттап баспаған. Атақты Ақтамберді жыраудың «Қайырлы болса баяжан, айдын шалқар көлмен тең, қайырсыз болса жаман бай, тартылып қалған шөлмен тең» дейтіні де сол.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс. 

 Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз қазақ халқына тән  ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің  жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу адамның адамдық белгісінің қасиеті.  Қазіргі таңда елімізде түрлі қайырымдылыққа бағытталған іс-шаралар мен  акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар, жеке өзі қалтасынан ақша шығарып, үй салып беретін, сатып әперетін кәсіпкерлердің қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр. Осындай игі шаралар көбейген сайын, халықтың да мұқтаждығы азая түсері хақ!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 140 рет