Сәрсенбі, 11 Қазан 2023 17:29

Түркістан: жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауға алынған

Өңірлік коммуникациялар қызметінде жылыту маусымына дайындық жұмыстар туралы брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Орынбекұлы қысқа дайындық шаралары кестеге сай жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ, өңірлік штабтың тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді. 

Спикердің сөзінше, бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +80С-тан төмендігі туралы болжам болғанда аудан, қала әкімдері тиісті өкіммен жылу маусымын бастау жөнінде шешім қабылдайды. ҚР Құрылыс нормалары мен Ережелеріне сәйкес, өңірде жылыту маусымы 148 тәулікті құрайды. 

– Облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің жалпы көлемі - 1 021,3 мың тонна. «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ-ң мәліметі бойынша, биыл 1 мамыр - 28 тамыз аралығында облысқа 212 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір вагондары тұрақты келіп жатыр. Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен 16 өңірлік оператор айналысады. Ол аудан, қала әкімдіктерімен анықталған. Қазір көмір сақтау қоймаларында 138,9 мың тонна көмір бар. Тек жергілікті көмір қоймаларынан көмірді сатып алып, жеткізу шараларын атқарса жеткілікті. Талдауға сәйкес, Шұбаркөл маркалы көмірдің орташа бағасы тоннасына - 15-24 мың теңге. Сондай-ақ, бағасы мен сапасына мониторинг жүргізіледі, - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, облысқа қажетті 2,2 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан өзге, Кентау жылу орталығындағы облыстық бюджет есебінен 4 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, демеушілер тарапынан 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары толық аяқталды. Жаңа құрылғыларды орнату жұмыстары басталып кетті. Ал жұмыстардың мерзімінде аяқталуы күнделікті бақылауда. Қазандықтың құрал-жабдықтарын әзірлеу, тасымалдау және орнату бойынша жұмыс кестесі бекітілген.

Еске сала кетсек, облыста 35 жылу энергетика кешені, 2070 автономды қазандық, 676 денсаулық сақтау, 1275 білім, 323 мәдениет, 72 спорт, 9 әлеуметтік нысаны және 704 көпқабатты тұрғын үй бар.
Облыстағы жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілген. Жылу желілерінің тозуы 46,5% құрап отыр. Оларды реконструкциялау бойынша 2025 жылға дейін іс-шаралар жоспары жасақталды. Қазіргі таңда, Кентау қаласындағы 4,7 шақырым магистральды жылу желілерінде жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда.

Түркістан қаласының жылу саласы «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арқылы жүргізіледі. Кәсіпорын шаһардағы 222 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтуда. Олар: І және ІІ-ші мөлтек аудандағы 75, Отырар мөлтек ауданында 49, Әкімшілік іскерлік орталығында 98 көпқабатты тұрғын үйді құрайды. Жылу беру маусымы 2023-2024-не дайындық қала әкімінің күнделікті бақылауында. Биылғы жылы облыс орталығында 1-қарашадан жылу беру басталады деп жоспарланған.

Жалпы жылу беру үшін мекемеде 17 дана қазандық іске қосылған. Аталған модуельды қазандық блоктары табиғи газ арқылы жұмыс жасайды. Жылу энергиясының тарифтік көрсеткіші дифференцировандық түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бұйрығымен бекітілген. Оның ішінде І және ІІ -ші, Отырар мөлтек аудандар және Мәдени рухани орталығында орналасқан жеке тұлғалар үшін 1 м² -92.46 теңге, 1 Гкал -2640.46 теңгені құраса, ал заңды тұлға үшін 1 Гкал – 5999.28 теңге болып бекітілген.

Сондай-ақ, Әкімшілік іскерлік орталығында жеке тұлға үшін 1 м² -140.85 теңгеден 166.42 теңгеге дейін әр модуельды қазандық блоктарына бөлек жасалған, ал есептегіш құралы бойынша1 Гкал – 4535.85 теңгеден 5556.59 теңгеге дейін, ал заңды тұлға үшін 1 Гкал – 12637.85 теңге болып белгіленген. Ыстық сумен қамтамасыз ету үшін 1 м³ ыстық суға – 355.92 теңге жұмсалады. Стастистикаға сүйенсек, мекемеге заңды тұлғалар 1.6 млн теңге, жеке тұлғалар 25.611 млн теңге берешектігі анықталған. Қазіргі таңда жеке тұлғалардан мәжбүрлеп өндіру мақсатында сот тәртібімен құжаттар рәсімделіп, шешімдеріне сәйкес өндіру үшін сот орындаушыларына жолдануда. Сонымен қатар, қала аумағындағы газ құбыры жүргізілген аймақтардың 98% көгілдір отын қолданып отыр.

Брифинг соңында басқарма басшысы күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсу салдарынан көмірдің мезгілінде жеткізілмеуі үлкен кезектілік және делдалдар тарапынан бағаны спекулиятивті түрде көтеріп жіберу қауіптері туындауы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, тұрғындарды қыс маусымы басталмай тұрып көмірді кезексіз сатып алуға шақырды.

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері, "ҚазТрансГаз" АҚ, Газинспекциясы мамандары және сектор меңгерушілерімен бірге жылыту маусымына дайындық ретінде тұрғындардың газ қазандықтарын тексеру жұмыстары жүргізіп тұрады.
Осындай іс-шара барысында тұрғындарға жылыту маусымындағы газ қолданудың қауіпсіздік ережелері бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған жадынама парақшалары таратылуда. Қазіргі таңда газ қолданып отырған тұрғын үйлердің жылу беру маусымындағы техникалық мүмкіндігі жеке-жеке тексерілуде.
Жылу беру техникалары ескірген, қауіпсіздік талаптарына сай емес құралдарды қолданыстан шығару жүргізілуде. Сонымен қатар, газ қолданып отырған тұрғын үйлерде газ тұтыну кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде.
 

Газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік:

Абонент пәтер ішіндегі газ жабдығының тиісті техникалық жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.

Құрметті газ тұтынушылар! Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі туралы ойлаңыздар – газ жабдығына уақытылы қызмет көрсету мен жөндеуді қамтамасыз етіңіздер!

Газ қазандығын тұрғын үйдің ішіне орнатуға болмайды, арнайы бөлек орында тұрғаны дұрыс өйткені газдан улану қауіпі өте жоғары.

Газ қазандығын жылыту маусымына дайындау алдында мұржасын тексеріп тазалап алу керек.

Қазандық тұрған бөлменің жоғары жағында арнайы түтікшесі болу керек.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 189 рет