«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы аумағы 185 мың м2 құрайтын 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 3140 отбасы баспаналы болады. 5 жылда құрылыс көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд. теңгені құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 5 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген.
Түркістан облысында 5 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар. Осы мәселелер, яғни, тұрғын үй саласындағы жұмыстар мен кемшіліктер Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.
– Қыс мезгіліне қалып қойған үйлердің сапасына сын көп. Құрылысы бітпей тұрған үйлерге қаржысын тауып, мәселесін шешіп бердік. Үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша да жоба қабылдадық. Алайда ол жұмыс та жүйелі емес. Уақтылы тапсыру жағында мін бар. Кейбір коммерциялық бағыттағы үйлердің шаршы метрінің бағасы өте қымбат. Бірақ сол бағасына сай емес, көлік тұрағы, абаттандыру жұмысы жоқ. Сондықтан компаниялармен үй бағасын төмендету немесе сапасын жақсарта түсу жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілуі керек. Тұрғын үй құрылысына, арендалық үйлерге қатысты жұмысын дұрыс атқармаған әкімдер мен жауапты орынбасарларынан түсініктеме алынсын. Қаржыны алып, жұмысты кешіктірген және сапасыз атқарған мердігерлердің жауапкершілігін де заң аясында қарап шығыңыздар, – деді облыс әкімі.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылған. 8 айдың қорытындысымен облыс бойынша 525,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданған. Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 62 (4202 пәтер, 251 533 мың шаршы метр) тұрғын үйдің тапсырыс берушісі – Облыстық құрылыс басқармасы. Биыл 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жалпы 185 мың шаршы метрді құрайтын 3140 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1409 пәтер немесе 81188 мың шаршы метр үй пайдалануға қабылданды. Құрылысты мерзімінен кешіктірген мердігерлерден келісімшартқа сәйкес 2,5 млн. теңге өндірілген.
Аппараттың апталық мәжілісінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың да есебі тыңдалды. 2023 жылы жалпы 47,7 млрд. теңгеге 4 403 пәтерлі 66 тұрғын үйдің (4 – қала әкімдігі) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11,9 млрд. теңгені құрайтын 1062 пәтерлі 7 тұрғын үй 2024 жылға өтпелі. Қалған 35,7 млрд. теңгені құрайтын 3341 пәтерлі 59 тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталады деп көзделген.
Шаһарда осы бағытта жұмыс жүріп жатыр екен. Биыл тұрғын үйлерді абаттандыру жұмыстары 10 нысанда, атап айтқанда жаңа стадион маңындағы 7 қабатты, 32 үйдің (9 үй қабылдаудан өткен) ауласын абаттандыру 7 учаскеге бөлініп, жүргізіліп жатыр. Барлық нысандардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Инженерлік инфрақұрылым жүйелері аяқталып, тұрғын үйлерге жалғанған. Ауласын абаттандыру жұмыстары 80 пайызы аяқталып, ойын алаңшалары орнатылған.
Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция көзі күшейді. Себебі өңірде тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады. Инвестиция аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.
Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты аса мән беріп, құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланатынын айта кетті. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін болады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инфрақұрылымға баса мән беру керек екендігін айтып, басты талап сапаға мән беру маңыздылығын алға тартты.
— Абаттандыру да назардан тыс қалмайды. Балаларға арналған алаңшалардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлу керек. Сапалы, қолжетімді, халыққа жайлы баспана салу бағытында Түркістанда түрлі жоба-жоспарлар жүзеге асады. Оның барысы қатаң бақылауда болады, – деді облыс әкімі.Инфрақұрылымды дамыту бағытында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде жүзеге асатын жаңа жобалармен танысу бойынша апта сайын басқосулар өтіп жатыр. Сондай-ақ, Түркістанның кешенді дамуына бағытталған жаңа жобалар талқылануда.
Сонымен қатар Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында 376 көпқабатты тұрғын үй бар. Жалпы 2014 жылы 9 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары күрделі жөндеуден өтсе, 2017 жылы 35 көпқабатты тұрғын үй, 2019 жылы ҚР «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі бойынша 44 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жоспарланған 132 көпқабатты тұрғын үйде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген.
2023 жылға қалған 92 көпқабатты тұрғын үй тұрғындарының келісімі алынып, республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға бюджеттік өтінім өткізілген. Аталған 92 көппәтерлі тұрғын үйдің ішінен 55 көпқабатты тұрғын үйге республикалық бюджетті қалыптастыру барысында қаржы қаралады деп көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда қаладағы Абылайхан көшесі №36 үйде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Дәл қәзір, тұрғын үйдің ішкі және сыртқы келбетін қыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған 37 көпқабатты тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржы 2023 жылдың республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралмақ. Аталған қаржы қаралған соң күрделі жөндеу басталып, көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры жабылып, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңғыртылмақ.
Түркістан облысында 2023 жылғы мемлекеттік қолдау шаралары аясында баспана кезегінде тұрған 70 мыңға жуық азамат тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға, сондай-ақ 2 мыңдай жеңілдетілген зайым жылжымайтын мүлікті сатып алуына мүмкіндіктер қарастырылуда. Сондай-ақ, биыл Түркістан облысында 73 үйдің іргесі тиісті жөндеуден өткізу бойынша қызметтер қарастырылған болатын. Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскен.
Мемлекет басшысы биыл тұрғын үй мәселелерін шешуге арнайы тапсырмалар мен міндеттер жүктеген болатын. Яғни 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл шамамен 143 мыңнан артық баспана. 2023 жылғы баспана құрылысына бағытталатын жалпы инвестиция мөлшері де ұлғайып (16,8%-ға), 2,9 трлн теңгеге жетті. Дегенмен мемлекеттік инвестициялардың есебінен 10,5 мыңдай жеңілдетілген зайым беріліп, 17,3 мың пәтер салынды. Оның ішінде 7 мыңға жуық баспана жас мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санаты бойынша кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасыларға берілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат