Сейсенбі, 07 Қараша 2023 16:16

Созақ ауданында жылдан-жылға мал басының саны артып келеді

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округіне барып, ел алдында есеп берді. Жиын барысында ауданда қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайында баяндап, алдағы міндеттерді ашық айтты.

-Аудан көлемінде қолға алған бірқатар ауқымды жобаларымыз басталды. Алда атқарар жұмыстар да жетерлік. Алдарыңызға келіп, есеп берудегі мақсатымыз алдағы міндеттерді айқындап алу. Созақ ауылдық округінде сұраныстарыңызға орай көптеген жұмыстар жасалуда. Әлі де жасалар жұмыстар бар. Бір жылдың ішінде атқара салу мүмкін емес. Барлық ауылдардағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сонымен қатар, жиында аудан басшысы Республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының маңыздылығына тоқталып өтті. - Ауыл халқының табысын арттырып, әл-ауқатын жақсарту мақсатында іске асып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын тиімді пайдалану керек. Бұл еңбекқор халқымызға және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар мен шаруаларға берілген үлкен мүмкіндік,- деген аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков осы салаға жауапты мамандарға түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуді тапсырды.

Жиын соңында тұрғындар аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді. Келелі жылға да бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Жиынға бірқатар бөлім, мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған азаматтардың саны күн санап артуда. Соның бірі – Созақ ауылының тұрғыны Жамила Айдарбекқызы. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыру мақсатында 5 200 000 теңгеге жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкер ол қаражатқа заманауи үлгідегі тігін құралдарын сатып алып, бүгінде өзінің «Елжан цехын» дөңгелетіп отыр.

«Бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға жуық басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманауи үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде, жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын», – дейді кәсіп иесі.

Жалпы, қазіргі таңда ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша – 269 азаматтың құжаты қабылданды. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 млн. теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.

Айта кетсек, биылдан бастап республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков пилоттық жобаның өзектілігін ескеріп, ұдайы арнайы лездемелік жиындар өткізіп келеді.

Жиында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаны ұтымды пайдалану мақсатында ауыл округ әкімдері мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары түрлі бағытта жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде облыстан арнайы жұмысшы топ келіп, шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықпен кездесулер өткізді. Жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, несиенің алу жолдарын түсіндірді.

«Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде ауданда Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды.Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 62 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 42 азаматтаң құжаты 187,700 миллион теңгеге мақұлданып, 13 азамат 61,0 миллион теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бағдарламаның екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылып, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда кооператив мүшелері тіркелу үстінде. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта қолға алынды. Республикалық бюджеттен өңірге 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде: 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, отбасылардың орташа табысы 1,5 есеге өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азаяды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 10%-ға ұлғаяды деп күтіліп отыр.

Жалпы, бүгінде Созақ ауданында шаруа қожалықтарын өркендету, оның ішіндегі етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту күн тәртібінен түскен емес. Бұл жөнінде аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков халықпен есептік кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталып келеді.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, субсидия бөлініп жатыр. Бірнеше шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару әдісіне көшті. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, сала орынбасарлары мен тиісті бөлімдер ауыл округтер мен елді мекендерді аралап, субсидиялау, жеңілдетілген несие, грант алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ Созақ ауданы мал шаруашылығына қолайлы аймақтың бірі болғандықтан, жылдан-жылға мал басының саны артып келеді.

Бүгінде жұмысын жандандырып отырған қожалықтың бірі — Созақ ауылындағы “Балтабай” шаруа қожалығы. Қожалық 2005 жылы құрылған. 2018-2019 жылдары мал бордақылау алаңын салып, ет өндіру бағытына басым бағыт берген. Заман талабына сай соғылған жайдың сыймдылығы 250 бас малды бордақылауға мүмкіндік береді. Арнайы мал сою алаңы, қора жай, мал азығын сақтайтын орын бар.

Шаруа қожалығы төрағасы Темур Балтабаев: «Біздің шаруа қожалығының басым бағыты – мал басын көбейтіп, ет өнімінің сапасын арттыру. Мұнда жылына 250-300 тоннаға жуық ет өнімін өндіреміз. Бүгінде шаруа қожалығында 26 адам жұмыспен қамтылуда, — дейді.

Атап өтейік, Созақ ауданының ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 2023 жылдың I-ші тоқсанында 46,6 млн. теңге инвестиция тартылды. 2022 жылы аудан бойынша 14 275 гектар егіс егіліп, тапсырма 103 % орындалды. Оның ішінде: 285 гектар бидай, 1 016 гектар арпа, 817 гектар жүгері, 1 227 гектар мақсары, 508 гектар картоп, 504 гектар көкөніс, 504 гектар бақша, 2 500 гектар жаңа жоңышқа, 6 914 гектар өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды.  Ауданға 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу межесі белгіленіп, толығымен орындалды.

Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 гектар, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 гектар, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 гектар, барлығы 62 гектар аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылды.  2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 бас мүйізді ірі қара, 288 829 бас қой-ешкі, 23 656 бас жылқы, 14 375 бас түйе, 25 587 бас құс өсірілуде.

2021 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 95,5 пайызға (37 123 бас), қой-ешкі 112,6 пайызға (256 353 бас), жылқы 95,8 пайызға (24 684 бас), түйе 106,9 пайызға (13 452 бас), құстар 78,5 пайызға (32 594 бас) орындалды. «Сыбаға» бағдарламасы  аясында 7000 бас мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту жоспары бекітілсе, жылдың қорытындысымен барлығы 5416 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды.

Фермерлік шаруашылықтар 3900 бас қой аналығын несиелендіру арқылы сатып алу межесі белгіленсе, жылдың қорытындысымен барлығы 3914 бас қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алынған.

Ауданға ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мақсатында бүгінгі күнге 3 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы аясында жеңілдетілген несие алу үшін аудан тарапынан жобаға Созақ және Құмкент ауыл округтері ұсынылды. Осы екі ауылдық округтер бойынша 3 кооператив құрылып, 115 адам мүше болып тіркелді. Құмкент ауылдық округінен несие алушылар мал басын көбейту болса, Созақ ауылдық округінен несие алушылар отбасылық мал бордақылау алаңдарын ашатын болып бағыттары айқындалды. Бүгінгі күнге несие алушы 24 азаматтың несие қаржысы мақұлданды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың мамыр, маусым айларына республикалық бюджеттен облыстық бюджетке 8 млрд. 400 млн. теңге қосымша бөлінген болатын. Осы орайда, «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін қосымша екі ауылдық округ ұсынылды. Біздің ауданнан қосымша Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінің тұрғындары қатысатын болады. Аудан экономикасына 2022 жылы 61 млрд. 214 млн. теңге инвестиция тартылып, 2021 жылмен салыстырғанда 115,8 %-ға немесе 8 млрд 370 млн.теңгеге артқан.Ағымдағы жылдың I-ші тоқсанының қорытындысымен ауданда 121 млрд. 967 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,3 пайызға немесе 11 млрд. 371 млн. теңгеге артқан.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 222 рет