Ол «Елжан цехы» жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 5 200 000 теңге 2,5% несиеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда кәсіпкер қол жеткізген несиеге заманауй үлгідегі тігін құралдарын алып, нәсібін ұлғайтуда.
- Ең алғаш бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға тарта басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс жасадым. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманау үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын,-дейді кәсіп иесі.
Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 269 азаматтың құжаты қабылданды. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 млн теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 млн.теңге жеңілдетілген несие алды.
«Ауыл аманаты» жобасы демекші, таяуда осы жобаның жай-жапсарын талқылауға арналған, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен маңызды мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлады. Хабарлама барысында жобаның 1-ші бағыты – өсімдік шаруашылығы, 2-ші бағыты – мал шаруашылығы, 3-ші бағыты – құс шаруашылығы, 4-ші бағыты – балық шаруашылығы, 5-ші бағыты – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау, 6-шы бағыты – өз кәсібін ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжей тоқталып өтті.
Қазірді таңда пилоттық жобаға 221 азамат құжат өткізген екен. Оның ішінде 173 азаматтың құжаты 924 миллион 310 мың теңгеге мақұлданып, 125 азаматқа 647 миллион 510 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Ерекше атап өтерлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды.
Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр. Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза. «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.
Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, білім беру мен денсаулықты сақтау ұйымдарының жылу беру маусымына дайындықтары жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ербол Аманов баяндады. Бұл жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Таукент, Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары мен онда қажетті қатты және сұйық отынның жеткізілу барысын назарға алды.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков салаға жауапты мамандарға жиында қаралған мәселелер бойынша қажетті шараларды сапалы әрі уақытында атқаруды және осы бағыттағы жұмыстарды әр кез бақылаудан шығармауды ескертті.
Айта кетейік, ағымдағы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құрап отыр. Осы жылы 14 393 гектар егіс егілді. Оның ішінде: 310 гектар бидай, 1049 гектар арпа, 769 гектар жүгері, 1265 гектар мақсары, 494 гектар картоп, 482 гектар көкөніс, 482 гектар бақша, 1996 гектар жаңа жоңышқа, 7516 гектар өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды.
Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.
Жыл басынан бері 20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 миллион теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.
Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.
Естеріңізде болса, «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» — деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бөлінеді.
Биылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша, 29 млрд. теңге сомасына 5,3 мың микрокредит беріліп, соның есебінен 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өндірілетін ет және сүт өнімдері көлемінің дерегін салыстыру үшін ауылдық округтерде сауалнама жүргізу қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қымбатшылықты ескере отырып, аграрлық техниканы сатып алуға да қаражат қарастыру қажет.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.
«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты.
«Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат