Әкімге құрылысы мерзімінде аяқталмай, бұқараның да, билік өкілдерінің де бас ауруына айналып отырған нысандар туралы баяндалды. Олардың айтуынша, мердігерлер созбалаңға салынған құрылысты кешіктіруге қатысты түрлі сылтау айтады. Сондықтан пайдалануға берілу мерзімі ұзаққа созылуда. Ал, сенімге селкеу түсірді делінген серіктестер барлығын құрылыс материалдарының қымбаттауымен байланыстырады.
– Басталған жұмыс, аяқталуы тиіс. Басқалай болуы мүмкін емес. Маған нақты шешім керек. Құр бетіне қарап отыра бермей, жарты жылда толық аяқталуы тиіс. Сотта қаралып жатқан істер бойынша да нақты нәтиже қажет. Жолын табыңыздар. Ауданның бюджетінен қарастырасыздар ма, басқа да жолдарын көресіздер ме, өздеріңіз барып соғасыздар ма, мені қызықтырмайды. Құрылыс тоқтап тұрмауы тиіс. Жекеменшік нысан болсын, басқасы болсын, бәрібір. Тоқтап тұрған қай құрылысты алсаңыз да сылтауы көп. Созбалаңға салған құрылыс компаниялары осылайша жүре бере ме? «Қаржы бөлінбей жатыр», «Құрылыс заттары қымбаттап кетті» деп тағы да бір ақталады. Мойнына міндет етіп алғаннан кейін, мұндай кірбің саларлық жағдайға ұрынбауы қажет еді. Соны шеше алмасаңыздар, не үшін отырсыздар әкім болып? Әлде мен әрқайсыңызды жетектеп, жол көрсетіп отыруым керек пе? Бізде облыста бірде-бір бітпей тұрған құрылыс болмауы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Жауаптыларға бірнеше рет айыппұл тағылған. Сотта қаралып жатқандары да бар. Облыс әкімі құрылыс басында жасалған келісімшарт негізінде тәртібіне сай жобаларды қайта қарап, шешім қабылдауды тапсырды.
Жүргізіліп жатқан құрылыстардың басым бөлігі тұрғын үйлер екені айтпаса да түсінікті. Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы жалғасып жатыр. Таяуда ғана облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы үйлердің құрылыс алаңын аралап көрген болатын. Алдымен әкім әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан 9 қабатты 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы үйдің санынан сапасы маңызды екенін айтып, мердігерге өз жұмысына мұқият болуды тапсырды. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің монолит бетон құю, қабырғаларын қалау, терезе орнату, электр, су, кәріз жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Нысан басында 360 жұмысшы, 16 техника жұмыс атқаруда. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымының жобасы әзірленіп, сараптасы алынған. Қаржыландыруға республикалық бюджетті нақтылауға 700 млн теңге ұсынылды. Жалпы жобалар құны 4,4 млрд теңге.
Тұрғын үй құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Пәтерлердің жалпы ауданы 70 мың шаршы метрге жуық.Пәтер саны 1062, оның ішінде 2 бөлмелі 536 пәтер және 3 бөлмелі 472 пәтер бар. Облыс басшысы сондай-ақ 5 қабатты 20 тұрғын үй кешеніне барып, құрылысты аралап көрді. Мердігерлермен жүздесіп, жеке-жеке тапсырма берді. «Отырар» шағынауданында көппәтерлі кешенде бірнеше мердігер мекеме бар.
Ауқымды жобаның жалпы құны – 16,14 млрд теңге. 11,4 га жер көлемі бар кешендегі жалпы пәтер саны – 800. Қазіргі таңда құрылыстың 35 % аяқталған. Биыл маусым айында құрылысты аяқтау жоспарланған. Биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің айтуынша, өткен жылы, өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс бойынша 2023 жылы көпқабатты 87 үй пайдалануға қабылданды. Оның ішінде, мемлекеттік бюджет есебінен 57 үй, 3051 пәтер болса, ал жеке салушылар есебінен 30 үй, 300 пәтер тапсырылған.
Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Жетісай қаласында 60 пәтер кезектегі осал топтағы азаматтарға берілді. 2023 жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.
Түркістан қаласында өткен жылы 4 тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтсақ, 12 қабатты 2 үй, 7 қабатты 2 үй. Аталған 4 тұрғын үйде барлығы 237 пәтер бар. Оның ішінде ипотекамен берілетін 201 пәтер «Отбасы банк» АҚ арқылы конкурс өткізіліп нәтижесінде, 76 пәтердің иелері анықталған. Ал қалған 125 пәтер сатылымға шығарылды. 36 пәтер кезекте тұрған отбасыларға берілетін болады. Биыл құрылыс бөлімі тарапынан 2023 жылға жаңадан тұрғын үйлер құрылысы бойынша жоба әзірленіп, Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 800 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Тұрғын үйлерде анықталған кемшіліктер бойынша арнайы мониторинг тобы құрылып, ақаулық актісі түзілген. Қазіргі таңда көрсетілген кемшіліктердің біршама жұмыстары орындалып, мерзімінде қалпына келтірілмегендерін бақылау жөніндегі басқармаға шара көруге және Түркістан облысы экономикалық сотына талап-арыз жолданған.
2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» ММ-нің тұрғын үй құрылысы нысандарының кемшіліктері негізінде 14 мердігерге шара көру бойынша Түркістан облысының Бақылау жөніндегі басқармасына хат жолданған. Нәтижесінде, басқарма тарапынан мердігерлерге 11 716 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 6 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 6 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген. Түркістан облысында 6 жылда тұрғын үй саласы бойынша құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Алайда өзекті мәселелер де аз емес. Үйлерді уақтылы тапсырмау, абаттандыру жұмыстарын талапқа сай жүргізбеу және өзге де түйткілдері бар.
Түркістан облысында жүріп жатқан құрылыстардың тағы бір басым бөлігін мектеп ғимараттары құрайтыны белгілі. Жалпы, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Атап айтсақ, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.
Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат