Дүйсенбі, 22 Сәуір 2024 14:21

Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар саны артуы мүмкін

Түркістан облысы, Сауран ауданында «Sauran plast» өндіріс орны қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан шикізат шығаруды қолға алып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін арнайы 3 га жер бөлінген. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, өндіріс орнын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Өндіріс орнында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы полиэтилен құбырлары шығарылады. Кәсіпорын жылына 500 тонна қоқысты өңдеуге қауқарлы. Зауытта 15 адам қызмет етеді. Жоба құны – 500 млн теңге. Бүгінде «Sauran plast» және «JIANGYIN JIADE MACHINERY CO., LTD» компаниясы арасында жалпы құны 190 млн теңгеге қоқыс қалдықтарын қайта өндіруге арналған құрал-жабдықтарды сатып алу бойынша келісімге қол қойылып, қажетті құрал-жабдықтар кәсіпорынға жеткізілген. Сонымен қатар қосымша құрал-жабдықтар сатып алу үшін екінші деңгейлі банк арқылы 300 млн теңге көлемінде қаржыландыру күтілуде.

Өндіріс орнының басшысы Қанат Көшербаевтың айтуынша, кәсіпорын аудан аумағындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, өңдеуде. Алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтып, 2 млрд теңгеге несие алу арқылы жобаны толық автоматтандырылған құрал-жабықтармен іске қосуды жоспарлап отыр.

Дархан Сатыбалды аудан әкіміне және тиісті сала мамандарына тазалық жұмыстарын күшейтуді және ауыл-аймақтарда жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды аталған орынға өткізу жөнінде тапсырма жүктеді. Жауапты басқарма басшысына тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар санын көбейту маңызды екенін айтып, осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.

Әлемдік деңгейдегі мәселелердің бірі – ол қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу. Қазіргі таңда облыста қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 151 полигон орны белгіленсе, оның 107-сі нормаға сәйкес келмейді. Оларға талдау жасалды. Нәтижесінде 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Осыған орай, оңтайландыру жұмыстарын қолға алу қажеттігі туып отыр.

Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалса, ал биылғы жылы меже 26%-ға жоспарланып отыр. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның зерделеуі арқылы Түркістан облысы бойынша өткен жылы 414 бей-берекет қоқыс орны анықталып, тазаланған. Биыл бей-берекет қоқыс орындарын болдырмау мақсатында, тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысының айтуынша облыста қоқыс шығарумен 58 мекеме айналысады, 247 дана техника қызмет көрсетеді.

Былтыр мамыр айында осы тақырып бойынша өткен отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың жағдайы бойынша жасаған баяндамасында: «Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде», – деген болатын.

Сондай-ақ, былтыр бастапқыда 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарының талапқа сәйкес келмейтіні 60% пайыз болған еді. Соңғы анықтау, тексеру барысында 70% яғни 109 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталғаны айтылған.Түркістан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Қалмахан осы бағытта атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 29 тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 8 рет