Естеріңізде болса, бұдан бұрын да осындай басқосу өткізіліп, өнегелі ұрпақтың тәрбиесін ортаға салатын келелі кездесулерді жиі ұйымдастырып отыру туралы келісілген болатын. Осыған орай, алғашқы басқосудан кейінгі орын алған жағдайлар, атқарылып жатқан жұмыстар туралы қалалық Полиция басқармасының басшысы Бауыржан Дәулетханұлы баяндама жасады. Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ.
Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев өз сөзінде осы орайда тіркелген жағдайлар туралы баяндады. Ал, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мектеп оқушыларының жетістіктері және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалуы бойынша сөз қозғады. Бөлім басшысы өз баяндамасында білім сапасының жоғары деңгейде екендігін (облыс көлемінде көш басында), оқушыларымыз негізгі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында едәуір жетістіктерге жетіп жатқандығын, тазалық жұмыстары бойынша жұмыс жоспары жасалынып, сала қызметкерлері белсене қатысып жатқандығын тілге тиек етті.
Басқосу барысында сала басшыларымен қатар қала Прокуроры Кәукен Бахтыбайұлы Нәрікбаев азаматтық жауапкершілік, заңдылық пен құқықтық сауаттылыққа кеңінен тоқталса, білім саласының ардагері Гүлбарам Дүйсебекқызы Малбаева, ардагер-ұстаз, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтер де сөз алып, мектеп бағдарламасы мен ұстаздардың жұмыс тәсіліне, бала тәрбиесіне қатысты тәжірибелерімен бөлісті.
Жиналысты Түркістан қаласыныңәкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы қорытындылап, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайтындығын, бүгінгі жіберілген қателік ертең үлкен соққы болуы мүмкін екендігін баса айтты. Сондықтан да қала әкімдігі, білім бөлімі, Прокуратура және Полиция, мектеп басшылары, ұстаздар бірлесе, жұмыла жұмыс жасап, білімді де мәдениетті, тәрбиелі өскелең ұрпақты қалыптастыруға күш салуымыз керектігін жеткізді.
Қазіргі қоғамда болып жатқан кең шеңбердегі өзгерістер үшінші мыңжылдықтың білімді, саналы жастарын тәрбиелеушілерге үлкен міндет жүктері сөзсіз. Жас ұрпақтың жаңаша ойлауын, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуына, әлемдік сапа деңгейдегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру – жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерінің бірі.
Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – оларды адамгершілік – рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады.
Тәрбиедегі басты мәселе – балалардың тұлға аралық қатынасын дәріптеу, өз құрбы – құрдастарымен, отбасы мүшелерімен қарым – қатынасын жасай білу, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан саналы түсіне білуі, өзіне сын көзбен қарап, өзінің көңіл – күйін, атқарған іс - әрекетінің есебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз.Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі, дарындылық іс - әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз.
Рухани – адамгершілік тәрбиесіндегі басты нысана – баланы құрметтеу, оның рух иесі, бойында жаратқанның ұлы қуаты бар – тіршілік иесі екенін және дүние, әлемнің біртұтастығын саналы түсініп, оған бой ұсынса оның болашағы биік болары даусыз.Балаға қоғамда ұлттық тәрбие беру керек. Олай дейтініміз ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал болып саналады.Сондықтанда болар бабаларымыз: Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, - сонда ғана оның болашағы биік деген.
Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың жылдар жасап келеді, сәт сайын өзгеріп, өрлей дамыған саналы тірлік жалғасуда. Адамзат еншісіне ғана тиісті сол тірлік дамуының бағбаншысы – тәрбие.Тәрбие дегеніміз – аға буынның кейінгі ұрпаққа мирас етіп табыстар озық тәжірибесі, үлгі - өнегесі, әдет – ғұрып, рухани байлығы болса, халық педагогикасы – қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға қалдырған өлмес мұра.
Қоғамымыздағы кездесетін кейбір келеңсіз жағдайларға: тілден, діннен, арбау мен алдау, кісі өлтіру мен ұрлық, әділетсіздік пен қайырымсыздық, нашақорлық атаулыға тосқауыл болатын жол табу қажеттігі туындайды. Оның тиімді жолы – халық педагогикасына сүйенген ұлттық тәрбиенің болашағы зор.
Ұрпақ тәрбиесі – бұл болашақ тірегі. «Адамзат ұрпағымен мың жасайды», - дегендей ұрпақ тәрбиесі – қай кезде де халықтың мәселе болған.Бүгінде, мектеп оқушыларының түрлі тәртіпсіздікке жол бермеуде, үлкен мен кішінің жарасты сыйластығын қалыптастыруда, ағайын – туыстардың ауызбіршілігін орнықтыруда әкелердің ықпалы ыдырап, үлкендердің тыйым салмауы олардың тәрбиесіне балта шабуда.
Тәрбие жетілген сайын, халық соғұрлым бақытты болатындығын адамзат тарихи дәлелдеген. «Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәрбиесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, дүние танымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез – құлқын қалыптастыру», - делінген тәлім – тәрбие тұжырымдамасында. Тәрбиенің ең маңызды түрінің бірі – ең алдымен өз халқын, өз Отаннын сүюден басталуы да ерекше.
Мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды, уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді.Балалар біздің болашағымыз. Ертеңіміз, болашағымыз өсіп келуде. Бізден жаңа қоғам ғана жасалып келе жатқан жоқ, жаңа адамда жасалып келеді. Ұстаз шәкіртін түсіне білу керек.Сену керек. Дос болу керек. Ұстаз болу – қиын, бірақ ардақты іс – шәкірт пен ұстаз арасында достық сезімнің берік болуы қажет. Бала жүрегіне жол таба білмеген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады, бала ерегіскіш келеді.
Бала тәрбиесі – үлкен өнер. Әр балаға, әр түрлі тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң да жетеді, біреуне ақыл жүрмейді, мінез – құлқына қарай басқа амал табу керек.Бала жүрегі кішкентай ғана күй сандық, ол кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімдердің қолында әр кез сол кілт жүру керек.
Қорыта келіп, өмірін осы қызметке арнаған адамды, өз өнерін, бойындағы барлық қасиеттерін дарытқысы келетін адамды нағыз ұстаз деп атауға болады. Олай дейтінім болашаққа ізгілік нұрын себушілер – олар.«Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады». Өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ған тәрбиелей алады. Сонда ғана, жастар болашағының шоқтығы биік болмақ.