Арыс қаласына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлер мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерімен түйткілді мәселелерді талқылады. Бұл ретте жұмыс сапасының ақсамауын ескертті. Облыс әкімі кемшіліктерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруды айтты.
Салынып жатқан заманауи білім ордасы 600 орынға лайықталған. Құрылысы өткен жылы басталған мектеп күзде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, биыл Наурыз тұрғын ауданынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір жаңа мектептің құрылысы басталады. Одан бөлек, Отырар тұрғын ауданында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ И.Журба мектебіне 300 орындық қосымша корпус, Онтам шағын ауданынан жеке кәсіпкер есебінен 200 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 2 мектеп пен 5 балабақша салынбақ. Осылайша Арыс қаласында мектеп тапшылығы мәселесі толық шешімін табады.
Арыс қаласындағы «Барыс» шағын ауданында жеке инвестор есебінен тұрғын үй салынып жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына іс сапары аясында құрылыс алаңына барып, үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән берілуін атап өтті. 60 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, биыл Наурыз мейрамы қарсаңында кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын жеке тұлғалардан 20 тұрғын үй сатып алынып, Арыс қаласында үй кезегінде тұрған 20 отбасыға табысталды. Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін әртүрлі санат бойынша кезекте 2244 адам адам тұр.
Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда 401 жаңа мектеп салынбақ. Мұндағы «Жайлы мектеп» қандай мектеп, оның қазіргі қолданыстағы білім ордаларынан қандай айырмашылығы бар дегенге азды-көпті жауап бере кетсек.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жоспарын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тапшылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маңғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алматы (22) қалалары. Бұл ретте 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп салынады деген жоспар бар.
– Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді М.Айманбетов.
Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.
Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.
Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкімдіктердің бірнеше басқармасы, министрліктер, техникалық бақылау сарапшылары және басқалары бірлесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.
Мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік. Яғни мектеп Маңғыстауда салынса, сол өңірдің компанияларына белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылады.