Сейсенбі, 14 Мамыр 2024 17:57

Түркістан облысында биыл 45 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады

Биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның 7-і - мемлекеттік болса, 15-і - жекеменшік. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог жұмыс істейді. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов брифингте мәлімдеді. 

«Түркістан облысында жалпы 1 052 мектепте 518 733 оқушы білім алады. Оның ішінде 32 306 оқушы 11-сыныпты бітірмек. Ал 27 340 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Облыстағы түлектердің 1 727-і - «Алтын белгіге» үміткер болса, 2 466 оқушы - «Үздік аттестат» иегері атанбақ. Жазғы сауықтыру лагерьлеріне жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, облыстық колледждерден 80 студент өндірістік тәжірибеге тартылады. Сонымен қатар, 20 мыңнан астам бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. Ал «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыстағы 3 421 оқушы Түлкібас және Төлеби аудандарының лагерьлерінде жазғы уақыттарын өткізеді» - деді Жандос Маханбетұлы.

Сонымен қатар, спикер мектептер жанынан да лагерьлер ұйымдастырылатынын жеткізді. Онда жергілікті бюджет есебінен 10 000 оқушы жазғы демалыста болады. Облыста жазғы маусым кезінде барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылады. Жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек өңірлеріне саяхаттар ұйымдастырылмақ.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айынының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Түлкібас пен Төлебидегі «Самал» және отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы лагерінде облыстағы 2 отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады.

Тәртібі бойынша мектепішілік және полиция есебінде тұратын 1100 оқушы Төлеби ауданында орналасқан «Тау барысы» лагерінде шатырлы лагермен қамтылады. Ал жаз айларында 266 оқушы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде тынығады.

Балаларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ететін лагерлер бейнебақылау жүйелерімен, күзет қызметімен, байланыс құралдарымен, өрт дабылдарымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылатын дабыл батырмаларымен жабдықталуда. Жазғы сауықтыру лагерлерінде балалар қауіпсіздігі үшін күзет агенттіктері қызмет көрсетеді және орналасу ауданына қарай полиция қызметімен бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 350 лагерь (105 987 оқушы қамтылады) және 648 ойын алаңшасы (214 654 оқушы қамтылады) балалар үшін қызмет көрсетеді. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 108 мың оқушы көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына көмекші ретінде қатысады. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 колледж студенті дуалдық білім беру шеңберінде тартылады.

Оқушылар үшін мәдени-ағартушылық, әскери-патриоттық және спорттық бағытта 83 облыстық іс-шаралар тізбесі бекітілген. Жаз айларында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы, «Жас құтқарушы» сайысы, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Ашық алаң» дебаттық үйірмелері, ұл және қыз балалар арасындағы облыстық футбол турнирі, «Интелектуалды ұлт» мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы шахмат турнирі, «Менің аулам» әлеуметтік жобасы, «Жасыл сақшы» және «Тұран скауттары» жобалары іске асырылады.

Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Үш ай демалыста балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Бұл уақытта бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің көпшілігі лагерь­ге баратыны да сөзсіз. Күн сайын компьютер мен планшетке үңіліп отыратын балалар бір уақыт еліміздің көрікті жерлерінде болып, лагерьде ұйымдастырылатын мәдени шараларға қатысып, өзіне достар тауып қайтқаны қандай жақсы.

Жаз маусымы басталысымен бала­ларын түрлі лагерьлерге жібер­гісі келетін ата-аналардың да саны көбейеді. Егер балаңыз жан-жағымен тез тіл табысып кете алатын болса, онда оның лагерьдегі әр күні қы­зық­ты өтпек. Жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын. Жарыстардан бөлек, онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды. Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді. Лагерьде бала өзін еркін сезінеді.

Лагерьдің тағы бір пайдасы – таза ауасы. Әдетте жазғы лагерьлер тауда, табиғат аясында орналасқан. Таудың ауасымен тыныстап, ағын судың жанында ойнау бала денсаулығына, иммунитетіне, шымыр болуына көп көмектеседі. Бірақ бұл жағдайлардың барлығы кейбір балалар үшін қолайсыз болуы мүмкін. Мектепте күні бойы өтетін сабақтардан шаршаған кейбір оқушылар демалысты өз үйлерінде ешқандай режимсіз өткізгілері келеді. Лагерьдегі нақты жоспар бойынша өтетін күндер мұндай балаларға ұнамасы анық.

Айта кететін жайт, лагерьде баланың өз үйіндегідей жеке бөлмесі болмайды. Жалпы бөлмеден бөлек лагерьдегі барлық орындар топқа, көпшілікке арналған. Бір бөлмеде ұйықтау, бірге тамақтану кейбір балаларға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан балаңызбен лагерь туралы сөйлесіп, ішкі ережелерін түсіндірген абзал. Лагерьдегі әр күн таңғы жаттығудан, түскі демалу уақытынан, кешкі би кешінен тұра­тынын айтқан дұрыс. Балаңызды жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге қорықпаңыз. Қайта балаңыздың лагерьден кейінгі демалып, жақсы жағынан өзгеріп келген сәтін көз алдыңызға елестетіңіз.

Ата-аналар назарына:

Балаңызды жазғы лагерьге жаздырмас бұрын алдымен балаңызбен ақылдасыңыз. Оның қандай демалыс орнына барғысы келетінін сұрауыңыз балаңыздың отбасындағы өз орнын сезінуіне себеп болады.

Лагерьді таңдамас бұрын өзге ата-аналардың пікіріне құлақ түріңіз. Өзіңізге ұнаған лагерь туралы интернетте жазылған комментарийлерді оқуды ұмытпаңыз.

Алдын-ала балаңыздың лагерьге баратын уақытын айқындап алыңыз. Мектептегі сабақтардың, қосымша шаралардың бітуін күтіңіз.

Балаңызбен лагерь туралы сөйлесіп, ішкі ережелерін түсіндіріңіз. Лагерьдегі әр күн таңғы жаттығудан, түскі демалу уақытынан, кешкі би кешінен тұратынын айтыңыз.

Балаңызды жазғы сауықтыру лагеріне жіберуге қорықпаңыз. Қайта балаңыздың лагерьден кейінгі демалып, жақсы жағынан өзгеріп келген сәтін елестетіңіз.

Оқылды 81 рет