Бейсенбі, 13 Маусым 2024 13:28

Шымкент аумағындағы қоғамдық-саяси жағдай және криминогендік ахуал тұрақты

Бүгін Өңірлік Коммуникациялар қызметі алаңында полиция Департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті. Жиын барысында, полиция полковнигі ағымдағы жылдың 5 айында мегаполистің полиция қызметкерлерімен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Полиция полковнигінің сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда тіркелген құқық бұзушылықтар 28,6 %-ға азайған. Қабылданған шаралар және профилактикалық жұмыстар нәтижесінде, бірқатар негізгі қылмыс түрлерінің саны едәуір төмендеуіне қол жеткізілді. Оның ішінде атап өтетіні: пәтер ұрлығы – 23,6 %-ға, мал ұрлығы – 66,7%-ға, алаяқтық – 34,1%-ға азайған.

Ал, аса ауыр және ауыр санаттағы қылмыстардың ашылымы 100,0 пайызды құрады, - деді Арман Бейсенбаев.

Профилактикалық бағыттағы жұмыстарға басымдық берілуі нәтижесінде, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 29,1 пайызға, көшелерде   жасалғандар 26,8 пайызға, отбасылық-тұрмыстық қатынастағылар 23,1 пайызға, кәмелетке толмағандармен жасалғандар 23,1 пайызға  азайған.

Ал, жыл басынан кәмелетке толмағандармен жасалған 3329 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Оның ішінде, 378  құқық бұзушылық жасөспірімдердің түнгі уақытта көңіл-көтеру орындарында болу,  4048 құқық бұзушылық олардың үйден тыс ата-ана немесе заңды өкілінсіз жүруі,  27 құқық бұзушылық жасөспірімдердің қоғамдық орындарда алкогольді мас күйінде жүруі болып табылады.

249 кәмелетке толмағандар  мен 138 жайсыз отбасылар есепке алынды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия қарауына 11 материал жолданып, оның шешімімен 3 жасөспірім Тараз қаласындағы арнайы мектепке жіберілді, қалғандары бойынша жақын күндері шешім қабылданады. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 323 бала орналастырылды.

Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жергілікті атқарушы органмен, қалалық білім басқармасымен бірлесіп жүргізуде.

 

Оқылды 220 рет