Сәрсенбі, 19 Маусым 2024 22:23

Шымкентте заманауи талапқа сай теміржол вокзапының ғимараты қайта жаңартылды

Қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.

 

Осы және қаламыздағы көлік, жол құрылысы, қоғамдық көлік мәселесі туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласында 2024 жылдың 5 айында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында  өткен баспасөз конференциясында айтылды. 

1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. 

Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты. Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.

Жиында одан бөлек Шымкенттегі барлық шағын аудандар мен тұрғын алабтар қоғамдық көлікпен 100 пайыз қамтылғаны айтылды. Жалпы бүгінде қаладағы 1142 автобустың 95 пайызға жуығы соңғы 5 жылда алынған. Қоғамдық көліктер жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Айта кетейік, қоғамдық көлік жүргізушілеріне бірыңғай киім үлгісінің дизайн бекітіліп, тасымалдаушы компанияларға қамтамасыз ету міндеттелген.

 

Оқылды 187 рет