Сенбі, 22 Маусым 2024 16:11

Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

 

Шымкент қаласында Еңбек мобильдігі орталығының ұйымдастыруымен пробация қызметі есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған және алимент берешегі бар тұлғаларға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

 

Мақсаты – борышкерлер мен арнайы есепте тұрған азаматтарды нәтижелі, әрі тұрақты жұмыс орындарымен қамтып, жұмыс берушілерге қажетті маман таңдауға жағдай жасау.

Жәрмеңкеге 10 жұмыс беруші қатысып, одан өзге 63 мекемеден коммуналдық-шаруашылық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету салалары бойынша мыңнан астам бос жұмыс орындарын ұсынылды. Оның ішінде пробация қызыметі есебінде тұрғын азамттарды жұмыспен қамту квотасына қатысушы 4 мекеменің 20 тұрақты бос жұмыс орны да бар.

Нәтижесінде, жәрмеңкеге адам 25 қатысып, 10 адам тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды. Оның ішінде 7 адам квотада белгіленген жұмыс орындарына жолданды. Қалған азаматтар жәрмеңке барысында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер алды.

Бүгінгі іс-шара арқылы тұрақты жұмыс орынан жолдама алған Б. есімді азамат ресми түрде тіркеліп, жұмыс істеуге ниеттенген адамға мүмкіндік көп екенін айтады.

–Бас бостандығынан айыру мекемесінен босатылған адамдардың жұмысқа орналасуына кедергілер өте көп. Сотты болғанымызды есіте салысымен бірден бізге деген көзқарас өзгереді. Бүгінгі жәрмеңкеге қатысып, мекемелерде біз секілді адамдарға мемлекеттен жұмыс орындары квотасы бар екенін есіттім. Бұл мүмкіндікті оңды пайдаланып, тұрақты жұмысқа жолдама алдым. Айлық жалақысы да көңілге қонымды. Жалпы, ресми түрде жұмыс істеген адамға көп мүмкіндік бар. Ипотека арқылы тұрғын үй алуға, емхананың қызметін қолдану секілді мүмкіндіктерге ие болады. Алда жоспарым өте көп. Өзімді жақсы маман екенімді көрсетуге барымды саламын, - дейді атын атаудан бас тартқан кейіпкеріміз.

 

Оқылды 324 рет