Сейсенбі, 23 Шілде 2024 16:49

Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың тікелей міндеті

Мамандар осылай деп отыр. Олардың сөзінше міндетіне салғырт қараған ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осылайша мамандар балалардың суға батуы, терезеден құлауы сияқты келеңсіз оқиғаларды азайтуға болады дейді. Статистикаға жүгінсек,  бүгінгі күнге дейін, Республика бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен (Астана-22, Қарағанды-18, Қызылорда-12) балалардың құлау 123 (өлім-жітім-13; жарақат-110) оқиға тіркелді, ал қала аумағы бойынша балалардың абайсыздан көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлау 5 жағдай (қайтыс болғандар-1, жарақаттанған-4) орын алған. 2023 жылы - 4 жағдай тіркелген.

 

Ал жалпы 2023 жылы 8 жағдай орын алған. Оның ішінде қайтыс болғандар-3, жарақаттанған-5 бала. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы,  азаматтық қорғау подполковнигі - Махмудов Ирисмат Бақтиярұлы мәлімдеді.

Барлық жағдайлар ата-аналардың немесе үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруына және пәтерлердің терезелері ашық болуына байланысты орын алып отыр.

Департамент қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында, адамдар көп жиналатын орындарда, сондай-ақ қала аумағында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары арасында жыл басынан бері 8625-ден астам адамды қамти отырып, 129 көпқабатты тұрғын үй кешенін аралап, 70 жиын өткізді. Онда 2240 жадынамалар таратылған. 

Департамент халықтың әлеуметтік осал топтарының пәтерлеріндегі терезелерге қауіпсіздік құлыптарын (фиксаторларды) орнату бойынша (аудандық әкімдіктер мен демеушілердің қаражаты бойынша) акциялар өткізді, онда 40 пәтерде 56 дана терезе фиксаторлары орнатылған.

Департамент қызметкерлері ағымдағы жылдың  24 шілдесінде адамдар көп жиналатын жерлерде (арбат, саябақтар, скверлер, тұрғын үй кешендерінің аулалары және т.б.) тұрғындар арасында көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауының алдын алу бойынша ауқымды акция (еріктілерді тарта отырып) жоспарлап отыр.

Айта кету керек, біздің заңнамада баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың тікелей міндеті болып табылады.  ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 127-бабына сәйкес бұл міндеттерді орындамау әкімшілік жазаға әкеп соғады.

Сонымен қатар, өмірге немесе денсаулыққа қауіпті жағдайдағы баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 119 және 141-баптарында көзделген.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары балаларды қараусыз қалдырмаңыз, мүмкіндігінше жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін терезелерге шектеулер (бекіткіштер) сатып алыңыз және орнатыңыз.

 

Оқылды 108 рет